Денсаулық • Кеше

Алматыда шашыраңқы склерозға қарсы VII халықаралық түркі конгресі аяқталды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Алматыда үш күнге созылған VII Халықаралық шашыраңқы склероз жөніндегі түркі конгресі аяқталды, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда шашыраңқы склерозға қарсы VII халықаралық түркі конгресі аяқталды

Оқырманға түсінікті болуы алдымен шашыраңқы склероздың кәдімгі ұмытшақтыққа қатысы жоқ, иммундық жүйе ми мен жұлын тіндеріне шабуылдайтын қауіпті аутоиммунды дерт екендігін айта кету керек. Бұл ауру адамның өз бетінше жүріп-тұруы, ақыл-есі, зердесі, эмоциялық күйі мен көру қызметтерін құртады. Егер оны емдеуді ерте бастамаса, ол жылдам асқынып, мүгедектікке душар етуі әбден мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі әлемде шамамен 1,8 миллион адам шашыраңқы склерозға шалдыққанын алға тартады. Басқа дереккөздеріне сәйкес, бұл диагноз әр 5 минут сайын бір адамнан анықталатындықтан, уақыт өте келе оған шалдыққандардың жалпы саны 3,5 миллионға дейін жетіп жығылуы мүмкін. Ауру 20-40 жас аралығындағы адамдарда жиі кездессе, олардың 70%-ы – әйелдер.1

Түркітілдес елдердің шашыраңқы склероз жөніндегі конгресі өте күрделі де қиын симптоматикалық жағдайларды емдеуге ерекше назар аударды.
Неврологияның бір бірімен байланысты салаларындағы жетекші мамандар шашыраңқы склерозды диагностикалау мен емдеудің соңғы әдістері, симптоматикалық терапияның ерекшеліктері жөнінде пікір алмасты.

Конгресте жүйке жүйесінің демиелинизациялық ауруларын диагностикалаудағы инновациялар, симптоматикалық терапияның заманауи тәсілдері, оңалту мен пациенттерді күтудегі пәнаралық шешімдер басты тақырыпқа айналды.

Мысалы, елімізде қазіргі таңда 3885 науқас ресми тіркелген десек, оның 2527-сі – әйелдер. Жаңадан анықталған 644 жағдайда, оның да басым бөлігі, яғни 463-і – қыз-келіншектер. Ал диспансерлік бақылауда 18 жастан асқан 2894 ересек пациент тұр.

«Үш жыл бұрын Қазақстанда бұл аурудың клиникалық хаттамалары қабылданған болатын. Ең бастысы, шашыраңқы склероздың жағдайын өзгертетін жаңа буын препараттары пайда болды. Олардың кейбіреулері Тегін медициналық көмек және Міндетті медициналық сақтандыру мемлекеттік қорында бар, ал ең қымбаттары қайырымдылық қорлары арқылы келеді.

Және бұл ауруды емдеу барасында үлкен жетістіктерге қол жетті. Өткен ғасырларда склероздың соңы сөзсіз ауыр мүгедектікке душар етсе, бүгінде заманауи емдеу әдістері мен ерте диагностиканың арқасында оны бақылауға болады.

Ем-дом жүргізудегі негізгі мақсат – ремиссияға қол жеткізіп, соны сақтау. Заманауи медицина бұл кезеңді айтарлықтай ұзартып, өршу жиілігін азайтып, сол арқылы мүгедектер санын кемітуге мүмкіндік береді», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас невропатологы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі Сәуле Тұрыспекова.

ҚР Невропатологтар қауымдастығы мен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ұйытқы болған жиынға айналамыздағы түркітілдес елдердің невропатологтар қауымдастықтары да мүдделестік танытты.

Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мен басқа да түркітілдес елдердің 300-дей жетекші дәрігерлердің басын қосқан ғылыми форумға онлайн форматта бес мыңға жуық адам қатысты.

АЛМАТЫ