Медицина • Бүгін, 16:28

Ауруханалар лық толы: Астанада вирус өршіп тұрғаны рас па?

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде астаналықтар апта бойы қызу түспей, денені меңдейтін «жаңа вирус» таралып кеткеніне шағымданып жатыр. Желідегі жазбаға сүйенсек, «белгісіз вирусқа» шалдыққандар саны артып, тіпті ауруханаларда бос орын табу қиынға соғып тұр, деп жазады Egemen.kz.

Ауруханалар лық толы: Астанада вирус өршіп тұрғаны рас па?

Фото: egemen.kz/ Қырмызы Жұмағалиқызы

«Симптомдары қарапайым тұмау сияқты, бірақ температура 39°C-қа дейін көтеріледі, оңайлықпен түспейді. Кеше жедел жәрдемді 30 минут күттім. Емханада кезек көп, ауруханада орын жоқ», деп жазған желі қолданушыларының бірі.

аа

Желіде желдей есіп тұрған осы мазмұндағы жазбаларға себеп болған қандай вирус екенін білмекке Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасына сұрау салдық. 

Мамандар редакциямызға берген жауабында елордадағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақты деп бағалаған. Десе де, ЖРВИ және тұмау бойынша ауруханаға жеткізілген науқастардың саны әдеттегіден артқан. 

«Науқастар көбіне, ауруханаға кешкі уақытта өз бетінше жүгініп жатыр. Сәйкесінше, бұл аурухана жүктемесіне әсер етуде. 4 қарашадағы мәлімет бойынша, №3 балалар ауруханасында ЖРВИ және тұмаумен диагнозымен 235 бала ем қабылдап жатыр. Ауруханадағы жалпы төсек-орын саны – 465. Тұмаумен ауыратын балалар саны артқан жағдайда қосымша тағы 100 төсек-орын ашу көзделген. Сонымен бірге, Астана қаласының барлық бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) ұйымдарында 08:00-ден 20:00-ге дейін фильтр кабинеттер жұмыс істеп тұр», делінген басқарма жауабында. 

Басқарма стационарларда ЖРВИ және тұмаумен ауыратын науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмек, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дезинфекциялық құралдар жеткілікті екенін мәлімдеді.