Тұлға • Бүгін, 08:53

Алтын желінің авторы

30 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Биыл туғанына 110 жыл толып отырған қайраткер-қаламгер, қазақ тарихының әдеби нұсқасын жасаған даңғыл жазушы Ілияс Есенберлин шығармаларының басты құндылығы – ұзақ жыл отарланып, санасы сансырап, қара басын күйттеуден басқа қауқары қалмаған ұлтымыздың рухын көтеру еді. Осы мақсатқа жету үшін жазушы ұлт тарихының ерлік кезеңдері мен азаттық жолындағы арпалыстарын әдеби көркем шығарма арқылы насихаттай алды.

Алтын желінің авторы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тарихи сана һәм жазушы

Тарихи сана туралы сұраққа философия ғылымының докторы Арғын Қасымжанов былай деп жауап беріпті: «Әрбір жеке адам, тұтас ұрпақтың тарихты сезінуі, өзінің шыққан тегін, өлкесін, халқын, нәсілін, оның рухани түп-тамырын, өткен тарихи жолын танып-білуге ұмтылып, сана-сезімнің оянуы».

Қаламгер Есенберлиннің де айт­пағы жоғарыдағы ғалымның пайымымен төр­кіндес. Жазушы өзінің естелігінде: «Адам көне заманның тарихи зерт­теулерімен ұзақ уақыт айналысқан кезде, өткен дәуірдің адамдары мен оқиғалары өзінен-өзі оның жадында жаттала бас­тайды. Және ол осылардың астарынан тек адам тағдырын ғана көреді. Осындай жағдай менің басымнан да өтті. ХІХ ғасырдағы Кенесарымен байланысты ұлт-азаттық қозғалысты зерттей келе мен өткен оқиғалардан ұлы тұлғаның бақытсыздығын көрдім. Оның күрделі мінездері, жетістіктері мен сәтсіздіктері туралы романымда ешқайсысын ақта­май, қараламай тағдыр тәлкегі қалай болған болса, сол қалпында жаздым», дейді («Жан сырым». Естеліктер: дайындаған А.Дүйсенбаев. Алматы – 2001. 9-б).

Яғни жазушы қазақ халқының азат­тығы үшін күрескен соңғы қаһарман Кенесары ханның күрескерлік қуатын тану арқылы халқының басынан өткерген қиыншылығы мен азаттық жолындағы жанкешті күрескерліктің рухын сезінген. Тек сезініп қана қоймаған, өзінің «Ойлар. Нақыл сөздер» атты эссе толғауында: «Халқым мен туған елімді сүю – өзімнің еншіме тиген мұрат деп түсіндім. Туған өлкемнің жасыл шалғынын да, шалқар көлін де, құмайтты шөлін де, сағымды белін де, бәрін бірдей жанымдай жақсы көремін. Оны ешкімге қиғым келмейді. Сонау желі қобыздай сарнаған сар даламды дүниенің ең сұлу жеріне айырбастамас едім. Міне, сондықтан да ел-жұртымның, туған жерімнің келешегін ойлап, жас балаша жылаймын, қиналамын», деген екен.

Бұл кез келген адамның аузынан шы­ға­тын сөз емес. Бұлай айту үшін де үлкен жүрек, кең пайым, жаншылмаған сана керек. Есенберлин қазақ халқы үшін ең бір қиын кезең ХХ ғасырдың басында дүниеге келіп, алапат аштықты көрген, 37–38 жылдары ұлт зиялыларының жаппай көзін жойған қуғын-сүргіннің куәсі болған, осы екі зұлматтан аман қалған қазақ жігіттерін қанды қасап екінші дүниежүзілік соғысқа апарып салған...

Осының бәрінің тірі куәсі болған Ілияс Есенберлин әбден тозып, ыдырауға шақ қалған қазақтың тарихи санасын жаңғыртуға бел буды. Жалғыз өзі аттандап алға ұмтылды. Өзімен қанаттас-замандас өмір сүрген ұлт жазушылары да ұлттың тарихи санасын оятатын шы­ғармалар жазуы керек еді. Олар жаза алмады. Себебі бойларында, танымында, санасында, болмысында рух азаттығы жоқ еді.

Ілияс Есенберлин бір сөзінде: «Ашқа­нын, болжағанын, күмәнданғанын қағаз бетіне түсіру – менің ең жақсы көретін ша­руам. Мен – бұл кезде дүниедегі ең бақытты адаммын» десе, жалғыз інісі Рау­нақ ағасы туралы: «Адам баласының бір қуанышы, жарық жұлдызы, темір қазығы – туған елі. Оған деген махаббаты. Ілиястың бойында осы қасиет болды», деп жазады.

Демек, Ілиясты осындай көзсіз ерлікке ұмтылдырған дүние – оның қазағына, халқына, туған жеріне, өскен еліне деген махаббаты екені анық. Бұндай шексіз махаббат болмаса, тарихи шығармалар да тумас еді. Жазушы Қабдеш Жұмаділов «өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары тарихи романдар көшін бас­таған Есенберлин ұлттық сананың оянуына, тарихи зерденің жаңғыруына өлшеусіз үлес қосты» десе, інісі Раунақ оның көзін ашқалы өз халқының қасіретті тұрмысын көргендіктен, жұртының жеті ғасырлық аласапыранға толы тарихын қопаруды мақсат тұтқанын айтады.

Ата қазақ «Шын жүйрікте мін болмас...» дегеніндей, Ілекеңнің оқығаны тау-кен инженері бола тұра, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жазушылыққа бет бұрды. Неге? Раунақша айтсақ, ол өз мамандығы тау-кен инженерін атқарып, жанын бағып жүре берсе болар еді. Оған дәті бармады. Өйткені халқының қайғысына ортақтасу – Ілиястың ерек­шелігі болатын.

Қазақтың өзі де, көзі де, сөзі де, өт­кені де, көргені де, жыры да, байырғы мәде­ниеті де, этнотұрмысы да «ескінің қалдығы» саналып, мына әлемге тек орыс­­тың, соның ішінде коммунистік көз­бен ғана қарауға мәжбүрлеген заман­да халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілт­кен адамды қоғам қайдан жақсы көр­сін? Соның ішінде биліктің биік астауы­нан жем жеп, компартияның жылы-жұмсағын жалаған жазушылар бұл кісіге өлердей өш болды. Бұл туралы ға­лым-жазушы Тұрсын Жұртбай: «Есен­бер­лин өте қиын тақырыпқа барып, өзіне қатерлі соқпақ таңдап алды. Бұл жолда Ілекең қуғынды да, опасыз­дық­ты да, әділетсіздікті де қара басынан кеш­ті. Жазушы өзінің негізгі мақсаты – хал­қын ояту, оны ертеңгі күнін ойлауға мәж­бүрлеу, өткенін бұл орайда, естен шы­ғармай отыруды, халқының бір кезде құ­рып кете жаздағанын білсін деген адал да, абзал пиғылы болатын. Ол өзінің осы тұр­ғыдағы жанайқайын жеткізді», деген екен.

Осы орайда, есте болатын дүние, Есенберлиннің теңдессіз тарихи туындыларды дүниеге әкелуіне бірден-бір қолдау танытқан адам мемлекет және қоғам қайраткері, көп жыл Қазақстанды басқарған тұлға Дінмұхамед Қонаев екені анық. «Егер Димекеңнің көмегі болмаса «Қаһар» кітабы ешқашан да шықпас еді. «Қаһар» жарыққа шықпаса, «Алмас қылыш» пен «Жанталас» дүниеге келмес еді. Бір сөзбен айтқанда, «Қаһар» шықпаса «Көшпенділер» трилогиясы тумас еді. «Алтын Орда» трилогиясы жазылмас еді. Димекеңнің Ілекеңе жасаған бұл ағалық қамқорлығының нәтижесі ұлттық мәдениетіміздің қазынасына қосылған баға жетпес байлыққа айналды» депті Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов («Жан сырым», 192-б).

 

Дінмұхамед Қонаев:

«Ілекең өзі шынашақтай кісі болғанымен, алыптың ісін тындырған азамат. Қырқыншы жылдардан бастап қалам ұстаған ол соңғы демі таусылғанша шығармашылық мұратына адал болды. Мен өзім Ілекеңнің «Қаһарын», «Алмас қылышын», «Алтын Ордасын», «Жанталасын» оқыдым. Обалы нешік, көбісін қолжазбадан оқып, солардың үлкен өмірге – ең әділ сыншысы халқына жетуіне, оқыған сайын Ілекеңнің өсу үстінде, шығармашылық биік белестерге көтеріліп келе жатқанына сүйсініп, дем бергеніме іштей қанағаттандырарлық сезімге бөлендім».

 

Бақытсыз балалық шақ

Әлемге даңқы жайылған жазушы Эрнест Хемингуэй «ұлы жазушы болу үшін бақытсыз балалық керек», деген екен. Өйткені бала шағында қиындық көріп, тас қайрақтай шыңдалған адам – болашақта қай салада болсын жеңім­паздық тұғырынан түспейді. Сол сияқты, Ілиясты шыңдаған дүние – бала күнгі бақытсыздығы, яғни көрген жоқшылығы мен тартқан азабы. Бұл жайында жазушы бір жерде айтып, жазған емес.

Бірақ біз жазушының «бақытсыз балалық шағы» туралы інісі, Жуковский атындағы әуе-әскери академиясының түлегі, техника ғылымдарының докторы, профессор, полковник Раунақ Есенберлиннің естелігі арқылы білеміз. Бұл естелік 1980 жылы «Мен үшін ерекше адам» («Особенный человек для меня») деген атпен «Комсомольская правда» газетіне жарияланыпты.

Осында жазылған оқиғаға сүйенсек, 1924 жылы ағайындылардың ата-анасы қайтыс болып екеуі тұл жетім қалып­ты. Яғни жоқшылық пен жетімдіктің қамытын ерте киген. Алғаш оқуға бар­ғанда екеуара жалғыз етігі болыпты. Бірде ол етік те ескіреді. Содан Ілияс сабақтан тара­ғанда інісін арқасына отырғызады да жалаңаяқ жүріп кетеді.

 – Жолдың үштен бірін тез өттік, ал үйге дейін әлі алыс. Тағы бір шақы­рым бар. Мен сезіп келемін ағам шар­шап қалды, бірақ жүріп келеді. Ол аздай, өң­меніңнен өтетін суық жел менің жа­лаң аяғымды қарып әкетіп барады. Дәтім одан әріге шыдамай Ілиясқа өзімді жерге түсіруін өтіндім, – дейді Раунақ. Сөйтіп, інісі де жалаңаяқ жер басып жүгіре жөнеледі. Бірақ есінен танып құлай­ды. Ғылымда бұндай төтенше жағдайды «шок» дейді екен.

Сөйтіп, жүргенде «өлмеген құлға өмір бар» дегендей екі жыл өтеді. Ілияс Атбасар қаласындағы жетімдер үйіне орналасады да, Раунақ ескі үйде өгей әкенің қолында қалады. – Жаздың аяқталып келе жатқан кезі болатын. Бірде жетімдер үйіндегі Ілияспен көшеде кездесіп қалдым. Ол бір тапсырмамен сот мекемесіне келе жатыр екен. Ілияс маған кешеден бері нәр татпағанын айтты. Өмірдегі ең қымбат адамыма еш көмек көрсете алмағаныма қатты қиналдым, қапаландым, – деп жазады інісі.

Одан кейін көбіміз біле бермейтін тағы бір оқиға – бала Ілиястың тарихи санасының оянуы. Раунақтың айтуынша, бұған ықпал етуші өткен-кеткен тарихи оқиғалардан хабардар әрі бұрынғы тарихи тұлғалар Асанқайғы, Бұқар жырау, Едіге, Қобыланды, Абылай, Кенесары қатарлы адамдар жайында көп білетін Қақбай деген қария екен.

 «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» трилогияларының кейіпкерлерін алғаш рет сол Қақбайдан және басқа ел ішіндегі қариялардан естігенін өз көзім көрді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» хикаясын, қасіретке толы, ұлы саз «Елім-айды» да сол кезде Ілияс ұйып тыңдайтын. Осы бір аттары тарихқа беймәлім қарапайым ақындар бүлдіршіндей жас Ілиясқа бүкіл саналы өмірінде есінен кетпейтін қазақ фольклоры мен өз халқының тарихына деген ыстық ықылас пен шынайы қызығушылық шоғын тұтатып берді» дейді інісі («Жан сырым», 247-б).

 

Тарихи трилогиялардың жазылуы

«Тарихи тақырыпты романдар жазуыма басты себеп: қазақ халқының өткенінің тарихи анықтығы, оның мемлекет болып құрылуын батылдықпен жазып көрсету және әртүрлі бұрмалауға тура жауап беру арқылы, қазақтардың өз мемлекеті болған және біздің тарих өте көне әлемдік тарихтың бөлегі екенін дәлелдеу», депті Есенберлин өзінің естелігінде.

Рахманқұл Бердібай:

«Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» деп аталатын трилогиясында қазақ халқының ХV-ХІХ ғасыр аралығындағы оқиғалары, дамудың тенденциялары, халықтың басына түскен ауыртпалықтар, қиындықтар, көштер, ықыластар, өштіктер тарихы айтылады. Мұнда небір халық арасынан шыққан батырлардың, жырау­лардың, үлкен мемлекет қайраткерлерінің қызғылықты образы бар. Бұл шығарманың қай-қайсысында жазушы философиялық биік дүниетаным тұрғысынан қарай отырып, біздің заманымызға керекті оқиғаларын, осы заманмен үндес келетін қазіргі оқушыларымызға тәрбие бере алатын, халықтың санасын арттыратын оқиғалар мен анталаған жаулардың шабуылынан кейін халқының ақырында ел болып, сақталғанын көрсетеді». 

1985 жылы Қазақ телевидениесін­де Сұлтан Оразалин «Есенберлиннің шы­ғар­машылық порт­реті» атты сұхбат жүр­гізген екен. Бұл сұхбат қазір қазақ теледидарының алтын қорында тұр.

Осы мақаланы жазу барысында біз сұхбатты ыждағаттылықпен тыңдап шықтық. Әңгіме барысында тілші жазушыдан «Тарихи романдар қалай жазылды?» деп сұрақ қойған екен, оған Ілекең былай деп жауап беріпті:

– Жалпы менің кітап жазуым жылдам болады. Өйткені мен жан-тәнімді салып жазамын. Уақытымның барлығын соған жіберемін. Қандай бөтен шаруам болсын, бар ойым сол кітапта жүреді. Ал «Көшпенділерді» қалам ұстағалы (1942 жылдан) жазып келе жатырмын десем өтірікші болмаспын. Орталық партия комитетінде қызмет істеп жүрген кезімде Омбы мен Орынборда болдым. Оның архивтерінен көптеген материал жинадым. Жаңа, ескі нәрсе бар ма, қолыма түскеннің барлығын қарап жүрдім. Соны қорытып алпысыншы жылдардың басында осы үш кітапты жазам деген шешімге келдім. Жазы­луы, жөнделуі бар алды үш айда, арты алты айда жазылды. Алғашқы кітабым «Қаһар», содан кейін «Алмас қылыш», «Жанталас». Осы кітаптар бірінен соң бірі шыққанменен, егерде менің ойлаған трилогиямның жөніне қарағанда алдымен «Алмас қылыш», содан «Жанталас», содан «Қаһар» болуға тиісті еді. Бұл трилогиямның өзі маған оңайға түскен жоқ, жиырма жылға таяу өмірімді алды. Бұған себеп болған: біріншіден өнеге болатындай, алдыма ұстай қоятындай тарихи тақырыпта жазылған кітаптардың жоқтығы, екіншіден, осы бір қиын кездер туралы да біздің тарихи сүйегімізде сара жол болып, осыны ұстасам дұрыс дейтұғын ғылыми зерттеулер де аз болатын. Қысқасын айтқан уақытта, тың жерді көтергендей бұл тың тақырыптарды өз бетіммен, өз ойыммен санаса отырып, дұрыстап жазуға тырыстым, – депті.

Одан кейінгі сұхбат барысында С.Оразалин: «Өзіңіздің жүрегіңізге сонша жақын, соншама қымбатты кітаптарыңыздың қайсысын ерекше жақсы көресіз?» деген сұрақ қояды. Оған жауап ретінде жазушы:

– Жалпы, сол жазған кітаптарымның ішінде, алғашқы романдарымды өте бағалы санаймын. Олар: «Алмас қылыш», «Қаһар», «Айқас», «Катерді өткел», «Ғашықтар». Ал менің шыққан шыңым «Мұхиттан өткен қайық». «Алтын Орда» трилогиясы өзге кітаптарымнан гөрі жеңіл жазылды. Осы алтауын өзім жеке бағалаймын. Оның да себебі бар. «Айқасты» жақсы көретін себебім, ондағы уақиғалар – адам опасыздығы, өз еңбегіне берілгендігі, кейіпкерлер өзіме таныс әрі қойылған мақсат үлкен бол­ғандықтан. «Алмас қылышта» тікелей деректі уақиғалардан гөрі, оқуға ыңғайлы болсын, жұрт осыны тартып оқыса екен деген арманмен, көркемдік ой жағына көбірек көңіл бөлдім. Тіл жағына да, ой жағына да. Сондықтан оны майға бауыр қосып асаттырған секілді, кейбір қиын мәселелерге аңыз, жалпы сурет жағынан келіп осылай беруге тырыстым. Әрине көркемдік жағынан осы үш кітаптың ішінде «Қаһардың» ерекше болуы мүмкін.

Қабдеш Жұмаділ:

«Ілияс Есенберлин – қазақ прозасында ең өнімді еңбек еткен дарынның бірі. Өмірінің соңғы он жыл шамасында оқушы қауымға сегіз роман ұсынды. Бұл былай қарағанда көп те секілді. Әсілі көркем шығарма сан­мен өлшенбейді. Әсіресе Есенберлин тарихи тақырыпқа «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» романдарын жазу арқылы біздің қазақ тари­хына сонау ХV ғасырдан бүгінге дейін үлкен алтын желі жасап шыққаны жұртқа аян». 

Оның стилі де осыдан, кейіпкер ойынан оқушыға қалай жеткізем деген арманымнан шыққандықтан, оның «Алмас қылыштан» гөрі айырмашылығы осыдан туындаған. «Қаһарды» жақсы көретін себебім, оған басқа кітаптардан гөрі көбірек еңбек сіңірдім. Маңдай терімнің қатты шыққаны да осы жолы. Сосын бұл өзі халықтың ондаған жыл қан төгіс, қиналған кезеңі болатын. Кенесарының негізгі жолы дұрыс еді ғой. Сол кезеңді дұрыс суреттедім бе, деп жақсы көремін. Ал «Алтын Орданы» алатын болсақ, бұл қазақтың дастандары: «Шора батыр», «Ер Тарғын», «Едіге»... осылардың барлығы өмір сүрген сонау көшпелілерден өткен заман. Ал бұл заманның өзінде де толып жатқан қым-қиғаш қиындықтары бар. Тарихи роман «Көшпенділер» менің кітап жазу ісіндегі мектебім болды. Сондықтан «Алтын Ордаға» өзім бір түрлі жылы қараймын» деп жауап беріпті.

 

Қыранның қазасы

Жазушының өмірбаяндық хамсасында: «1983 жылдың 5 қазанында жүрек жарылуынан қайтыс болды», делініпті. Жалынды ақын Қасым Аманжоловтың «Ақын туралы аңыз» атты жырында:

«Жау жолына атам сені,

Бомба бол да жарыл жүрек!», деген жолдар болушы еді. Дәл солай жазу­шының жүрегі сан жылғы айқас, айқас болғанда отарлаушылардың сойылын соғушы мұнафиқтер мен ішіне пышақ айналмайтын қызғаншақ пенделердің кесірінен жүрегі жарылды.

Жазушы Бекежан Тілегеновтің айтуынша, қаламгердің қазасына себеп – өмірінің соңғы жылдары жазылған «Алтын Орда» трилогиясының сергел­деңі дейді. Қаза болардан бір ай бұрын ­жазушы Мәскеуге барған екен. Осы сапардан оралғанда аяғын әзер басып, қасындағы серігі Тілегеновке сүйеніп үйіне зорға жетіпті.

Осы кезде «Алтын Орданың» бірінші кітабы басылып болып, енді қалған екі томы дайындалып жатыпты. Мәскеуден келе осы қауырт жұмысқа кірісіп кетіпті. Жарықтық «үш томның қатар шыққанын қалап, оны тез көруге асықты» дейді замандастары.

Осылайша трилогиясын тиянақтап тастап, екі жұмадан кейін іле-шала тағы да Мәскеуге аттаныпты. Оған себеп, одақ астанасында халықаралық кітап жәрмеңкесі өтпек екен. Қазақ баспалары осы жәрмеңкеге біраз кітап апаратын болыпты. Оның ішінде Есенберлиннің бірде-бір кітабы жоқ. Тек тамыр-таныстардың кітаптары ғана. Осыған ашуланған Ілекең екі-үш кітабын қолтықтап жетіп барады. Мақсаты мүмкіндік болса шетелдік баспалармен шартқа отыру.

«Ілекең осы сапарынан қатты науқас­танып келді. Ол аз болғандай келсе, жы­ғылған үстіне жұдырық дегендей, басылып жатқан кітаптарын («Алтын Орда» трилогиясын) Баспа комитеті тоқтатып тастапты. Тағы да одан «құбыжықтар» тауып, кітапқа кінә тағылыпты. Әбден қажыған жүрек шыдай алмады, қатты ауырып, ауруханаға түсті. Инфарктпен ауырған екен. Реанимация бөліміне салды. Тырп еткізбей жатқызып қойды. Бірақ, кітабы үшін көңілі алаң болған жазушы, қатаң тыйым салынса да қайта-қайта ұрланып, дәрігердің бөлмесіне жасырынып барып, комитетке, баспаға телефон соғып, жалынып-жалбарынып, өз дәлелін айтып, кітаптың шығуына бөгет жасамауларын сұрап, тіпті болмаған соң ұрысып, жанын қинап, отқа салып, азапқа түсті. Ақыры осының бәріне шыдай алмай келесі күні түн отасы ауғанда жүрегі жарылып, мерт болды. «Алтын Орда» трилогиясының шыққанын ұлы жазушы көзі тірісінде көре алмай кетті» депті («Жан сырым», 232-б).

Қыран қазақтың жүрегі осылай тоқтаған екен. Көпшілік біле бермейді, Ілекең қазақ әдебиетіне алғаш ақын ретін­де танылған. Оның алғашқы поэзия­лық шығармалары 1940 жылдан жарық көре бастайды. 1945 жылы «Сұлтан», «Айша» дастандары, «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағы (1949), револю­ционер, большевик Ә.Майкөтовке арналған «Большевик туралы поэмасы» (1957), «Біржан сал трагедиясы» (1959) дастандары жарияланған.

Осы орайда, мақала соңын Ілияс Есенберлиннің өзі туралы жазған жырымен аяқтағанды жөн көрдік.

Өмірдің мен де өзіңдей бір қонағы,

Жеріне жеткен ұшып – құс қонады.

Естідім – қастарымның сан жаласын,

Естідім достарымның сын-таласын,

Тілегім сенен жалғыз, жас ұрпағым,

 Болғайда әділетті көзқарасың!

Тудырған өз тұлғасын әрбір дәуір,

Жазылар бұдан да еңбек әлі тәуір.

Есіңнен шығарма, тек, болашағым,

Түйенің көш бастаған жүгі ауыр!