Аймақтар • Кеше

Ақтөбеде зейнеткер Ұлттық банк «қызметкерінің» қоңырауынан кейін пәтерін сатып жіберген

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбеде алаяқтардың арбауына түскен зейнеткер әйел бар жиған-тергенінен айырылды. Бейтаныс адамдар өзін мемлекеттік органдардың өкілі ретінде таныстырып, алдап кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбеде зейнеткер Ұлттық банк «қызметкерінің» қоңырауынан кейін пәтерін сатып жіберген

Фото: istockphoto.com

Полицияның дерегінше, егде жастағы әйелге WhatsApp арқылы өзін «Қазпошта» қызметкерімін деп таныстырған ер адам хабарласып, сәлемдеме келгенін айтқан. Ол зейнеткерден жеткізу процесін «растау» үшін телефонына келген SMS-кодты айтуын сұраған.

Бұдан соң әйелге өздерін Әділет министрлігі мен Ұлттық банктің қызметкерлеріміз деп таныстырған өзге адамдар қоңырау шалған. Олар зейнеткердің банктік шоттарына «алаяқтық әрекеттер жасалуы мүмкін» деп қорқытып, ақшаны «қорғау» үшін өз нұсқауларын орындауды өтінген.

Алаяқтардың сөзіне сеніп қалған әйел пәтерін сатып, жинаған қаражатын шешіп, тіпті алтын әшекейлерін де ломбардқа өткізген. Зейнеткер барлығы 11 миллион теңгеден астам қаржыны олардың есепшоттарына аударған.

Қазір аталған факті бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері азаматтарды, әсіресе егде жастағы туыстарын алаяқтардың түрлі айласына алданбауға шақырады.