Ұстаз • 06 Қараша, 2025

Ұстаздың өшпес шамшырағы

170 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шежірелі Отырар өңірі десе, әрісі адамзат ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби, берісі Өзбекәлі Жәнібек, Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шаханов, Өмірзақ Айтбайұлы, Әселхан Қалыбекова сияқты әр саланың майталманы еске түседі. Сол топырақта туған біз үшін осы тұлғалар – зор мақтаныш.

Ұстаздың өшпес шамшырағы

Әкеміз Айтбай Шерім­құлов кеңес кезеңінде бірқатар басшылық қызметте болып, елге етене көпшіл кісі еді. Ол кісінің замандастары соғыстан кейінгі халық тұрмысын жақсартуға күш-жігер жұмсаған азаматтар-тын. Бұлардың әр сөзі мен ісі үлкен өнеге мектебі еді-ау.

Отырардың есімі елге мәлім, еңселі тұлғалары қатарында бел­гілі ұстаз, ауданның құрметті азаматы Құтым Ордабаев ағамыз ерекше есте қалыпты. Құтекеңді аудан түгіл, облыс қадір тұтатын. Қызметін жастарға үлгі ететін.

Құтым ағаның үйіндегі Қал­тай анамыз Алла берген үйел­мелі-сүйелмелі ұл-қызын бағып, қиындыққа қабақ шытпай, жайдары жүретін мінезі жұмсақ, балажан кісі еді. Зейнет жасына шыққан соң, екеуі қазыналы қарияға айналып, ауыл-аймақ пен әулеттің берекесі бола білді.

Құтекең 30 жылдай мектепті де, ауданның білім бөлімін де басқарды. Ол уақытта аудандағы білім ошақтары аса қарапайым болатын. Барлық мектеп қам кесектен тұрғызылып, жылу жүйесі жоққа тән еді. Педагог те тапшы-тын, кейбір мұғалім амалсыздан екі-үш пәнді қатар оқытатын. Мектептің байлығы қалқиған қабырға, парталар, жазу­ға арналған тақта ғана. Соған қара­май Құтым ағайлар балаларды Сұлтанмахмұтша «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» жігерлендіріп, асқақ армандарға жетелейтін.

1973 жылы Қызылқұм (Оты­­рар) аудандық комсомол коми­­тетінің бірінші хатшы­сы болып сайланғанымда, Құтым Орда­байұлы үлкен басымен бірін­­ші болып құттықтай кел­ге­нін ұмыт­паймын. Не деген кіші­пе­­йіл­­дік! Осы жылдары аудандық ­білім бөлімі мен комсомол ұйы­мы бірлесіп көп шара өткіздік. Сол уақытта ол кісінің іскер­лі­гін, қам­қорлығын жақыннан сезіндім.

Құтым ағай қай іске болсын жан-тәнімен беріліп, мектеп­тер­де тәртіп пен тазалық, сапалы ­білім және тәрбиеге жіті көңіл ­аудар­­ды. Сол жылдары мектеп оқу­шы­лары арасында тәртіп бұзушы­­лық пен қылмыс өте сирек кез­десе­тін. Ол мектеп түлектерінің ­сан салалы оқу орындарына тү­суі­не, жоғары білімді маман бо­луы­­на аса тілеуқор еді. Аудан жастары білім мен еңбекте облыста көш бастап, түрлі жарыстар­да жүлделі орындарға ие болып отырды.

Сол жылдары мектептер жанында құрылған оқушылар­дың өндірістік бригадалары ­аудан экономикасына аз да болса үлес қо­сып, үлгі көрсеткені де есі­мізде. ­­Әсі­­­ре­се М.Әуезов атын­дағы мек­­теп­­тің жүгері бри­га­дасы респуб­­лика бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сол мектептің директоры Кішмат Досановтың «Еңбек қызыл ту» ордені марапатын алуына Құтым ағаның өзі ықпал етті. Облыстық партия коми­тетінің ауыл шаруашы­лығы бөлімінде қызмет атқар­ған біз де осы ұсынысқа қолдау білдіргенбіз.

Құтым Ордабаев басқаратын аудандық білім бөлімі одақ көлемінде танылып, Мәскеуден биік марапат иеленіп қайтты. 30-ға тарта қызылқұмдық ұстаз «Халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Құтым ағаның өзі «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Сол жылдары Кішмат Доса­нов, Сабыр Дайрабаев, Әмір Қозы­бақов, Күләйхан Шәріпова, Жұмабек Сәменов сынды нағыз майталмандар басқарған мектептер маңдайы жарқырап, облыста үнемі алда жүрді. Өңірдің белгілі қайраткері Дүйсенкүл Бопова туралы естеліктер жинағында Құтым Ордабаевтың өлшеусіз еңбегі дәйекпен жазылған.

Құтекең құрметті демалысқа шыққан соң, ауданның ардагерлер кеңесін басқарды. Халықтың бірлігі мен берекесін нығайтып, ұрпақ сабақтастығын арттыру жолында қажырлы еңбек етті.

Бар ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәр­бие беруге арнаған Құтым Орда­баев – өңірдегі сан мың шә­кіртке өмірлік жол көрсетіп, аға­лық қамқорлығын аямаған жан. Бүгін­дері солардың дені – ел ағасы. Олар ұстазын үнемі мақта­ныш­пен, сағынышпен еске алады.

Әйгілі педагог Антон Мака­­ренко: «Педагогикалық тәжі­рибені бірауыз сөзге сыйдыр десе, «адамға барынша көп талап қойыңыз, адамды барынша көбірек сыйла­ңыз» дер едім» депті. Ұстаз, мектеп директоры, білім бөлімі басшысы Құтым Ордабаевтың қағидаты дәл осы. Ол ұдайы өзінен де, өзгеден де тәртіп пен жауапкершілікті талап ете жүріп, айналасын­да­­ғы адамдардың бәріне сый-құр­мет­пен, терең түсіністікпен, ­жан­­­а­­шырлықпен қарады.

Ұлы дала ойшылы Жүсіп Бал­са­ғұни: «Бала нені білсе жастан, ұядан, Өле-өлгенше соны таныр қиядан» дейді. Талайларға өрелі өнеге көрсеткен Құтым аға өз ұрпағын да лайықты өсірді. Құ­нарлы топырақта жетілген перзен­тінің бәрі – елге танымал, қадірлі азаматтар. Үлкені Амангелді біздің қимас досымыз еді. Жасынан білім-білігі­мен озған Әбекең аудандық партия комитетінің аппаратында, тәуелсіздік жылдары аудандық әкім­дікте жауапты қызметтер ат­қарды. Достыққа адал, терең ойлы, жүрегі таза, кө­ңілі кең, көп­шіл, парасатты азамат-тын. Амал не, ертерек өмір­ден озды.

Екінші ұлы Абдулла әке жолын жалғастырып, аудандағы ең үлкен білім ошағы Жамбыл атын­дағы орта мектепті абыроймен бас­қарды.

Үшіншісі Бақытжан – Мәс­кеу­дегі энергетика институтын және оның аспирантурасын біті­ріп, кандидаттық диссертация қорғаған ғалым. Көп жыл жоғары оқу орындарында дәріс беріп, кейін Президент аппаратында жауапты қызмет атқарды. Қазақ­станның Румыниядағы, Брази­лиядағы, Аргентина мен Чили­дегі елшісі де болды. Жұбайы Мейрамкүл Парламент депутаты ретінде танылды.

Кейінгілерден Мақсұт ініміз өңірде басшылық жұмыс атқа­рып, Энергетика министрлігінде жауапты қызмет атқарды. ТМД-ның еңбегі сіңген энергетигі. ­Сәу­­ле Құтымқызы – ғылым докто­ры, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында кафедра меңгеру­шісі. Басқа ұл-қыздары да жемісті еңбек етіп, ел алғысына бөленіп жүр. Ибалы қыздар мен инабатты келіндер тәрбиесінде Қалтай апамыздың орны ерекше.

Шынында да, Құтым ұстаз – ғибратты ғұмырын өз қолымен жасаған, елдің сый-құрметіне адал еңбегінің арқасында жеткен тұлға. Бұған ата-баба үлгісі де әсер еткені сөзсіз. Әкесі Ордабай Бәйміш­ұлы – ХХ ғасырдың 20-жылдары Шәуілдірде бірінші ашылған Шілік ауылдық кеңесін басқарған азамат. «Отырар» мен «Қарғалы» ұжымшарларын басқарған бұл қайсар атамыз «халық жауы» деген нақақ жаламен тұтқындалып, 1937 жылы жазықсыз атылған... Бірақ «Аққа Құдай жақ» деген, заман түзеліп, толық ақталды.

Он бір жасында әкеден айырылып, ана тәрбиесінде өскен Құтым Ордабайұлы әке арманын орындады деп ойлаймыз.

Сан қатпарлы өмір жолын баяндаған «Өмір-дария» атты кітабында Құтекең намыс пен еңбектің, адалдық пен жауап­кершіліктің ер-азаматты қашанда биікке көтеретінін жазып кетті. Небір тар жол, тайғақ кешулер ол кісіні жасытпаған, қайта шың­даған. Бұл соқпақты нағыз ерлік деуге толық негіз бар.

Батыр Баукең: «Есімі ел жү­ре­­­гінде сақталған ер ғана ба­қыт­ты» дегені мәлім. Біз Құтым Орда­байұлын осындай деңгейдегі тұлға деп санаймыз. Ол еңбегімен халық құрметіне бөленді, маңдай тері жоғары бағаланды. Артында ұмы­тылмас ісі мен сөзі, сансыз шәкірті, өрелі ұрпағы қалды. Бүгін, міне, есімі ел есінде жаңғырып, ұрпа­ғымен мың жасап отыр.

Биыл ұстаз, қоғам қайраткері Құтым Ордабайұлының туға­нына – 100 жыл. Елі ұмытпаған ұстаз­дың ғасырлық белесі. Шындап кел­генде, бұл – пәни жалғанда санаулы сағатын аман-есен өткізіп, уақыты жеткенде келместің кеме­сіне мінген елеусіз көптің белесі емес, тұтас бір дәуірді жаса­ған ұлағатты ұстаздың, құры­лым басшысының, ардақты аза­мат­тың ғасырлық тойы. Сондық­тан киелі Отырар өңірінде өш­пес із қалдырған Құтым Орда­байұлының атын мәңгілікке амана­т­­тау үшін аудандағы бір мек­теп пен көшеге есімін беру – елім деп еміреніп, жұртым деп жү­гініп қызмет еткен тұлға рухы ал­дындағы парызымыз. Осы ұсынысты ел ақсақалдары, білім саласының мамандары, көзі ашық жаңа буын бірауыздан қолдап, айтып-жазып жатыр. Біздіңше, сәті келген, орындауға лайықты ой. Бұл – білім шамын өшпестей етіп жаққан ұстаз рухы алдындағы борышымыз.

 

Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ,

Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы