Мектеп • Бүгін, 18:19

Алматы облысында балаларды мектепке тасымалдау мәселесі қалай шешімін тапты?

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл ауданында барлығы 65 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 51-і – орта, 6-ы – негізгі және 8-і – бастауыш мектеп. Аудан аумағының кеңдігі мен кейбір ауылдардың шалғай орналасуын ескере отырып, орта мектебі жоқ елді мекендердің оқушылары көрші ауылдарға жеткізіледі.

Алматы облысында балаларды мектепке тасымалдау мәселесі қалай шешімін тапты?

Аудандық білім бөлімі бас маманы Светлана Сүлейменованың айтуынша, бүгінде оқушыларды тасымалдау 12 мектепте ұйымдастырылған. Бұл мақсатта 13 автобус жұмылдырылған, олармен күн сайын 264 бала мектепке барып келеді. Мектеп автобустары оқушыларды тек ауылдық округтерден ғана емес, бау-бақша аумақтарынан да тасымалдайды. Мысалы, Үлкен ауылының мектебіне күн сайын «Энергетик» бау-бақша серіктестігінен 9 оқушы келеді, ал Қасымбек ауылындағы мектепке «Тұрар» аумағынан 25 бала қатынайды. Бұдан бөлек, өз ауылында мектеп жоқ балалар Күтпанбетұлы атындағы мектепке (21 оқушы), Қарасай негізгі мектебіне (30), Танбалытас (10) және Сұңқар (41) ауылдарының мектептеріне жеткізіледі. Үмбетәлі ауылындағы мектепке Шолаққарғалы ауылынан 22 оқушы келеді, онда тек негізгі мектеп жұмыс істейді.
Оқушыларды тасымалдауға қауіпсіздік талаптарына толық сай келетін заманауи Golden Dragon маркалы автобустар пайдаланылады. Барлық бала автобуста тұрмай, отырғызылады, жол қауіпсіздігі мен тәртіпті сынып жетекшілері бақылайды.

Ата-аналар мемлекет тарапынан жасалып отырған мұндай қамқорлыққа ризашылықтарын білдіруде.

«Балаларым үшін көңілім тыныш. Автобус таза, жылы, техникалық жағдайы жақсы, жүргізуші де тәжірибелі әрі мұқият», дейді Шиен ауылының тұрғыны Әйгерім Абдуахатова.

Ал Әйгерім Күлшінбаеваны балаларды тасымалдау жұмысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны қуантыпты.

«Біз, ата-аналар, балаларымыздың заманауи автобустармен қауіпсіз жүріп-тұрғанын көріп отырмыз. Жүргізушілер де жол ережелерін қатаң сақтайды. Мемлекетке өсіп келе жатқан ұрпаққа деген қамқорлығы үшін алғыс айтамыз», деп ағынан жарылды.

Қазір мектепке тасымалдау жүйесі – сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Осындай шаралардың арқасында әр бала, тұрғылықты жеріне қарамастан, қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алуға мүмкіндік алып отыр. Бұл – ел болашағына мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қамқорлықтың айғағы.

Алматы облысы