Архив • Бүгін, 08:18

Шәкәрімнің шері

80 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сәбит Мұқанов қаламынан туған еңбектер ұлтымыздың рухани байлығы екені сөзсіз. Туындылары әлемнің 46 тіліне аударылған жазушының қызметтік жолы, өмірінің соңғы сегіз жылын өткерген пәтері Алматы шаһарындағы Мұқан Төлебаев көшесінде орналасқан. Пәтер 1978 жылдан бері музей-үйі ретінде ел мәдениетіне үлес қосып, халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Шәкәрімнің шері

Сәбит Мұқанов музей-үйіндегі Шәкәрімнің фотосуреті мен Сәбит бауырына жазған хаты – ең құнды жәдігер санатынан. Фотосуретті 1931 жылы Сәбитке жазған хатымен бірге жіберген. Көрнекті жазушы Сәбит Мұқановқа арнап қазақтың абыз қариясы Шәкәрім Құдайбердіұлының «1931 жыл, 3 февральда Елсіздегі саят қорада» деп жазған аманат хаты еді. Сөзінің бісмілләсін «Ардақты Сәбит бауырым» деп бастаған Шәкәрім қажының жазғанынан ағалық мейірімінің қаншалықты кең екенін, әрдайым өзінің бауырларын қолдап, қуаттап отыруға дайын екенін байқаймыз. Хаттың бірінші жолы «11 желтоқсанда жазған хатыңызды жаңа ғана алдым» деп басталып, хаттың соңына «Мұтылған» деп қана қол қойылады. Хаттың Шәкәрімдікі екеніне ешқандай дау тудырмауы­на да осы бір лақап ат себеп болып тұр. Және ондағы Бағдәулет Құдайбердіұлы есімі де соны қуаттайды. Ең нақты бұлтартпас дәлелдер – «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Қазақ айнасы» атты еңбектерінің аты аталуы. Шәкәрім өз хатында азаматтық көзқарасын, гуманистік ойларын, пәлсапалық тұжырымдарын барынша ашып жазады. Солардың бірінде «Жан не? Дін не? Жан өлген соң жоғалатын зат па? Адамға бұл өмірде не қылған жөн?» сынды сұрақтарға жауап іздеп жүргенін, осы жолда шетелдік барлық ғалымның еңбектерін оқығанын тілге тиек етеді. «Пәлен деген пайғамбар айтты, пәлен деген профессор айтты» дегенді емес, өз жанының қабылдауымен білген нәрсеге сенетінін де басты назарда ұстайды. «Іздегенім мақтан емес, күллі адамзат баласының пайдасы еді» деген Шәкәрімнің бірауыз сөзінің өзі жаураған жүректі жылытуға жетіп-ақ жатыр. «Тірі күнімде осы «жаратылыс сыры» жайлы жазған еңбектерім қазақ, орыс тілінде басылып шықса, оларды оқыған білімді азаматтардың пікірін біліп өлсем, арманым жоқ», дейді Шәкәрім. Бұл – нағыз азаматтық көзқарас. Бұл – екінің біріне бұйыра бермейтін толысқан кемелдіктің көрінісі. Шәкәрім қолжазба кітаптарын Сәбит Мұқановқа жіберіп, оларды бас­тыруын, баспадан шығып жатса, кітаптарының 50 данасын өзіне салып жіберуін өтінеді. Ондағысы – балаларына, ағайын-туыстарына сый ре­тінде, естелік ретінде қалдыр­ғысы келген кіршіксіз таза сезі­мінен туған ойы еді.

Кеңестік өкіметтің алқымнан алып, қысып тұрғаны сонша, Шәкәрімнің кейбір кітабын бастыруға жол бермеген. Амалы құрыған ол Сәбеңе жазған хатында «еріксізбін» деп қынжылуының да себебі осы еді. «Қолыңда қаражат, басында бостандығы» болмай тұрған Шәкәрім аманатын Бағдәулет Құдайбердіұлына жүктейді. Хат Сәбит Мұқановтың қолына жеткенімен, белгісіз себептермен кітаптары берілмейді. Шәкәрімнің өтініші, өкінішке қарай, орындаусыз қалады.

Шәкәрімнің қазақ қаламгерлері арасынан Сәбит Мұқановқа хат жазуы шынайы әдебиет жанашырына деген ықыласы болуы мүмкін. Ол хатында әдеби мұрасының тағдырына, қолды боп кетпеуіне алаң­дайды, рухани асыл мұрасын сенімді қолға аманат етуді көздейді. Хат араб қарпімен жазылған, ал С.Мұқанов Шәкәрімнің бұл хатын 1952 жылы жазу машинкасына кирилл жазуымен көшіріп бас­тыртып, соңғы жағына мынадай ескерту қалдырған: «Копиясы дұрыс».

«Р.S. Бұл хаттың Шәкәрім Құдайбердіұлынікі екенін, бірін­ші­ден – аталған кітаптардан білдім, екіншіден – хатта аталған Бағдәулет деген баласы келіп айтты. Кітап беріп жібердім деген адамы әкеп берген жоқ. Поштамен салдым деген кітаптары келген жоқ, баласы қолындағы кітаптарын берген жоқ. Хатқа «Мұтылған» деп қана қол қойылған. С.Мұқанов. 5.05.1952 жыл» деп көрсеткен.

Артына өшпес мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлының туындылары тәуелсіз елдің ұрпақтарын тәрбие-тағылымымен сусындатып отыр. Сондықтан да өткенге өкініш жоқ. Кейінге қарайлап істің ақ-қарасын таразылауды да тарих ен­­шісіне қалдырғанымыз абзал. Біздің міндет – бұл тұлғалардың өш­пес, өміршең туындыларын халыққа тарату.

 

Жанар ТАЕВА,

Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты «С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің» ғылыми қызметкері