«Орасан ойдың Олжасы» атты бұл кітапқа Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, классик ақын Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы мен қайраткерлігіне қатысты белгілі ақын-жазушылардың, әдебиет зерттеушілердің жазған еңбектері топтастырылған. Қайсар ақынның болмысын көпке танытатын құнды еңбекті қазақтың аймаңдай ақын қызы, белгілі ғалым Жанат Әскербекқызы мен «Egemen Qazaqstan» газетінің Әлеумет және спорт бөлімінің меңгерушісі Жомарт Оспан құрастырған.
Олжас Сүлейменов өлеңдерін орыс тілінде жазғанымен, ұлттың рухын әлемге танытты. Юрий Гагарин ғарышқа ұшқанда ақынның қаламынан туған «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы дүниені дүр сілкіндірді. Тілтанушы ғалым ретінде көне түркі тілін зерттеп, Батыс ғалымдарының қасаң теорияларына соққы берді. Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ» кітабына «ұлтшылдық», «пантюркизм» сияқты айыптар тағылып, 8 жыл бойы жарық көрмеуі, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде ақынды жастардың іздеуі ақын тұлғасының ұлт үшін асқақ екенінің айғағы.
Осындай тұлға туралы Әбіш Кекілбаевтың «Жыр мерейі», Сайын Мұратбековтің «Халқын асқақтатқан ақын», Мырзатай Жолдасбековтің «Елінің елшісі, ұлтының ұяты», Мұрат Әуезовтің «Мәңгілік демі – тәңірдің лебі», Нұрлан Оразалиннің «Прометейтекті тұлға», Тұрсын Жұртбайдың «Ұлтының көк семсері», Асқар Егеубаевтың «Ғарыш поэзиясы», Сауытбек Абдрахмановтың «Ер», Сейдахмет Құттықадамның «Олжас феномені немесе рух құйыны», Дархан Қыдырәлінің «Білге ақын» сынды қырыққа жуық қаламгердің танымдық эсселері мен сұхбаттары енген еңбекті авторлар түрлі баспаға ұсынғанымен, өкінішке қарай, кітапты басып шығаруға ынталы жанашыр азаматтар табылмаған.
Қаншама архив ақтарып, тер төгіп еңбектенген авторлар Олжастай ақынның бекзат болмысы мен азаматтық асқақ тұлғасын жан-жақты танытатын кітапты бір данамен шығарып, ол туралы ел газеті «Егеменге» мақала жариялаған еді. Бұл материал сол сәтінде оқырман тарапынан резонанс туғызып, редакциямызға бірнеше азамат хабарласты. Солардың бірі белгілі журналист, «Egemen Qazaqstan» газетінің бұрынғы бас редакторы Жанболат Аупбаев білек сыбана іске кірісіп, кітаптың қалың оқырманға жетуіне барын салған.
– «Орасан ойдың Олжасы» атты кітап құрастырып шыққан соң, бірқатар азаматқа, ақын-жазушы ағаларымызға көрсеттік. Түрлі баспаға ұсынып та көрдік. Бірақ көп азамат талабымызды құптағанмен, басып шығаруға ынталы бола қоймады. Әркімнен қаржы сұрап, сұрамсақтану ыңғайсыз болғандықтан, өз қаржымызға бір дана кітап шығарып, газетке мақала жаздық. Материал жарияланысымен талай азамат хабарласып, жанашырлық танытты. Солардың бірі – қаламгер Жанболат Аупбаев ағамыз. Ол кісі «Үш қиян» баспасының директоры Махмұт Қосмәмбетовке қолқа салып, «Орасан ойдың Олжасы» атты кітабымыздың оқырманға мол таралыммен жетуіне жол ашып берді, – дейді еңбектің авторы Жомарт Оспан. Осылай газетімізде жарияланған мақала бір дана таралыммен шыққан кітаптың көкжиегін кеңітіп отыр.
Бір айта кетерлігі, жинақ мемлекеттік тапсырыспен жарық көрмегеннен кейін еліміздегі кітапханаларға жетпейтіні анық. Алдағы уақытта тиісті, жауапты орындар ынта-ықылас танытып, «олжастану» бағытындағы құнды еңбекті еліміздің бүкіл кітапханаларына тарататындай мүмкіндік туғызса құба-құп болар еді.