Еңбек • Бүгін, 09:10

Құстардың қимылын қалт жібермейді

170 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырауда тұратын Филипп Цыплёнков бірнеше жылдан бері мұнай тасымалдайтын компанияда жұмыс істейді. Алайда табиғаттың әсем көрінісін, әсіресе құстарды суретке түсіргенді ұнатады.

Құстардың қимылын қалт жібермейді

Суреттер: instagram.com/tsplnkov

Оның фотоға түсіруге әуестігіне жергілікті табиғат жанашыры Юлия Вахмистрова өткізген экскурсия себеп болыпты. Экскурсияға қатысқан ол мұнайлы өңірдің табиғаты әсем екеніне көз жеткізген.

«Біз туған жеріміздің табиғатына мән бермей жүре береміз. Күн сайы­н торғайды, көгершін мен қарғаны жиі көреміз. Өзге де құстардың бар екеніне назар аудармаймыз. Қаладағы биік үйлерге жақындамайтын қос қанаттыларды көру үшін табиғат аясына жиі шығатын болдым», дейді ол.

l

Филипп Жайық өзенінің жағалауына жиі барады. Өйткені су айдынының шаһардан тысқары жағалауы құс базарына айналады. Аққуды да, қоқиқаз бен аққұтанды да көруге болады. Бұл оның құстар әлеміне қызығушылығын оятты.

«Әр адамның ұнататын нәрсесі әртүрлі. Біреулер табиғат аясында серуендейді. Кейбірі балық, аң аулайды. Ал мен құстарды суретке түсіремін. Өйткені құстардың өзіндік әлемі, мінезі бар. Табиғаттың құстарсыз сәні болуы мүмкін бе? Қос қанаттыларды суретке түсіріп, Атырау табиғатының әсем екенін көрсетуді көздедім», дейді Ф.Цыплёнков.

gg

Әуесқой фотографтың айтуынша, кез кезген көріністі, тіпті адамның әрекетін, не табиғаттың сұлулығын суретке түсірудің өзіндік қиындығы бар. Ең бастысы, шеберлік пен төзімділік қажет.

«Әсіресе құстарды суретке тарту үшін үш қағиданы берік ұстанамын. Бұл – сақтық, шыдамдылық, жеделдік. Сақтық дейтін себебім, құстарды үркітіп алмау қажет. Сәл сыбдырды естісе, ұшып кетеді. Фотоаппаратымды дайындап, сәтті сурет үшін бірнеше минут, кейде орнымнан тапжылмай, сағаттап отырамын. Құстардың әр қимылын қызықтаймын. Қанаттылардың да түрлі мінезі бар. Бірі үнемі ұшып-қонып жүреді. Кейбірі қонған жерінен қозғалмай, демалғандай отырады. Сондай кезде шыдамды болуға тырысамын. Қанатын қомдаған, түрлі жәндікті тістеген сәтін түсіру үшін жеделдік керек. Балапанын қоректендірген сәтін қалт жібермеймін», дейді әуесқой фотограф.

vf

Ол табиғат аясына шығар алдында нақты жоспар құрмайды. Мақсаты – табиғатқа сүйіспеншілікті арттыру. Бұл үшін әлеуметтік желідегі достарына әдемі сурет ұсынады.

«Құстардың суретінен күнтізбе жа­сауды ойластырып жүрмін. Ал көр­мелерге, не байқауларға қатысуға тәжірибе жинау, суретке түсіру шебер­лі­гімді шыңдау қажет. Бәлкім, оған әлі ер­телеу шығар. Құстарды ғана суретке түсірумен шектелгім келмейді. Ал­дағы уақытта дала аңдарын түсіргім ке­леді. Түлкі, не қасқыр бөлтіріктерімен кез­дессе, тіпті жақсы болар еді», дейді ол.

df

Атырау облысы

Атырау облысы