Қоныс аударушылардың басым бөлігі Өзбекстаннан (143 отбасы) келген. Сондай-ақ Ресейден – 17, Түрікменстаннан – 3, Қытайдан – 9, және Моңғолиядан – 1 отбасы келген. Олардың ішінде 158 отбасы Атырау қаласында, жеті отбасы Жылыой ауданында, алтауы Құрманғазы ауданында, ал бір-бір отбасынан Мақат және Исатай аудандарында қоныстанды.
Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымовтың айтуынша, 2025 жылға арналған өңірлік квота бойынша қандастарды қабылдауға 103 орын бөлінген.
«Қараша айында өткен комиссия шешімімен 64 отбасы, яғни 103 адам квотаға енгізілді және тиісті әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Бұл квота аясында 62 отбасы (100 адам) қоныс аударуға арналған 70 АЕК көлеміндегі әлеуметтік төлем – 27,5 млн теңге алды», деді ол.
Сонымен қатар, 23 отбасыға тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін 6,4 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бес отбасыға жалпы сомасы 22,7 млн теңгеге экономикалық мобильдік сертификаттар табысталды. Қосымша 21 адамның «қандас» мәртебесінің мерзімі алты айға ұзартылды.