Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бүгінде ұлттық спорт түрлерін дамытуда басты рөлді халық пен шағын бизнес атқарып отыр: ата-аналар балаларын үйірмелерге береді, жергілікті кәсіпкерлер спорт алаңдарын ашып, сый-сияпатпен қамтамасыз етеді, әйтеуір өңірлердегі белсенділер салаға жаңа серпін беріп жатыр. Соңғы бес жылда ұлттық спорт үйірмелеріне қатысатындар үлесі 6 пайыздан 10 пайызға дейін өсті, ал қазақ күресі, көкпар мен тоғызқұмалақ сияқты жарыстарға қатысушылар саны 58 пайызға артып, шамамен 300 мың адамға жетті.
Біздің балаларымыз ұлттық спортқа ден қойып келеді, бірақ біз оларға кәсіби тұрғыда дамуына мүмкіндік жасай алдық па? Өкінішке қарай, әзірге жоқ. Толыққанды экожүйе қалыптастыру үшін тек ұлтқа жаны ашитын белсенділердің еңбегі жеткіліксіз, бизнес те жүйелі күш қосуы қажет.
АҚШ тәжірибесіне сүйенсек, онда ұлттық мерекелер тікелей ауыл шаруашылығы мен тұтынушылар үнемі сабақтас. Мысалы, Алғыс айту күнінде америкалықтар жыл сайын ондаған миллион күркетауық тұтынады, бұл күні шамамен 40 миллион құс сойылады, яғни жылдық өндірістің айтарлықтай бөлігі. Ал Хэллоуин кезінде асқабақ пен мерекелік аксессуарларға миллиардтаған доллар жұмсалады, 2025 жылы америкалықтардың бұл мерекеге жұмсайтын қаражаты 13,1 млрд долларға жетеді деп күтілген. Бізде де осындай халықтық дәстүр бар – Құрбан айт мерекесі. Діни мейрамда құрбандыққа шалынатын малға сұраныс күрт өседі. Бірақ осы әлеуетті біз спорт инфрақұрылымын, іс-шаралар мен өндірістік тізбекті дамытуға қаншалықты тиімді пайдаланып отырмыз?
Мемлекет басшысы жақында бірқатар спорт федерацияларының жұмысын сынға алды. Президент олардың көбі мемлекеттік қаржыландыруға ғана сеніп отырғанын атап өтті. Кейбір ірі кәсіпкерлер мен ведомство басшылары федерацияларды басқарса да, жеке қаражат салмай, бұл қызметті өздерін жарнамалау құралына айналдырып алған.
Дегенмен мемлекет маңызды қадам жасады: 2025 жылдың жазында ұлттық спорт түрлері Олимпиадалық және Паралимпиадалық спорттармен бірдей басым бағыт ретінде заң жүзінде бекітілді. Бұл оларға жаңа қаржыландыру тетіктерін, халықаралық деңгейде қатысу мүмкіндігін және ұлттық құрамаларды қалыптастыруға жол ашады.
Мен, «Асық ату» федерациясының президенті ретінде, Республика күніне орай жыл сайын Respublica Asyq Atu турнирін өткізуді дәстүрге айналдырдым. Барлық шығындар демеушілер есебінен өтеледі. Бұл тәжірибе ұлттық спорттың серіктестік инвестициялар арқылы тұрақты жоба бола алатынын дәлелдеді. Бірақ бір маңызды түйткіл бар: халықаралық корпорациялардың жергілікті өкілдіктері біздің жарыстарды қолдағысы келеді, алайда олардың бас кеңселері бұған қызығушылық танытпайды. Себебі бұл салада ашық KPI, медиа алаң мен ұзақ мерзімді күнтізбе жоқ.
Дұрыс тәсілдің экономикалық әсері жоғары. Тікелей корпоративтік инвестициялар жылына 15 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін, туризм мен инфрақұрылымнан тағы 5–7 млрд түсім келеді, салық түсімдері 3–5 млрд теңгеге артады, ал аурудың алдын алу есебінен денсаулық сақтау саласында 7 млрд теңгеге дейін үнемделеді. Жаңа жұмыс орындарының саны 8–10 мыңға дейін жетеді. Егер бизнеске тиімді жарнамалық механизмдер жасалса, қосымша 2–3 млрд теңге маркетингтік табыс, 5–7 млрд теңге сату өсімі мен 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны пайда болмақ.
Ұлттық мерекелер экономикалық өсудің қуатты драйверіне айналуы үшін жүйелі жұмыс қажет. Мәселен, әз Наурыздан бастап Республика күніне дейінгі барлық мерекелерді ұлттық спорт түрлерін дәріптеу мен халықтық іс-шараларды өткізудің ортақ платформасына айналдыру маңызды. Бұл тәсіл белгілі бір мерекені халықтың есінде тек дәстүрлі салтпен ғана емес, белсенді қоғамдық іс-шаралармен де байланыстырып, тұрақты ассоциация қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда концерттер мен фестивальдер тек мемлекеттік бюджет есебінен емес, азаматтардың, кәсіпкерлер мен ірі бизнестің қатысуымен ұйымдастырылмақ.
Ұлттық спортты дамытуға корпоративтік қатысуды заң жүзінде бекітіп, секциялар мен турнирлерге инвестиция салған компаниялар үшін салықтық жеңілдіктер мен жарнамалық артықшылықтар енгізілуі керек. Сондай-ақ жергілікті һәм халықаралық серіктестерге түсінікті, ашық әрі ұзақмерзімді күнтізбе қалыптастыру қажет. Мұндай жүйе ұлттық спортты тек мәдени символ емес, нақты өлшенетін нәтижелері бар, тұрақты қаржыландыру мен айқын мақсаттары бар индустрияға айналдырады.
Егер біз осы бағытпен жүрсек, 2030 жылға қарай спортқа халықтың қатысу деңгейі 40 пайызға дейін өсіп, ұлттық спорттың үлесі 15 пайызға жетеді. Ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады, миллиардтаған салық түсімін әкеледі әрі еліміздің халықаралық аренада беделін нығайтуға зор үлес қосады. Ұлттық спорт – өткеннің естелігі емес, болашаққа салынған инвестиция. Енді таңдау өзімізде: оны тек әдемі символ ретінде ұлықтаймыз ба, әлде елдің дамуына қызмет ететін нақты ресурсқа айналдырамыз ба дегенді ойлануымыз керек.
Олжас Құспеков,
Мәжіліс депутаты, «Асық ату» федерациясының президенті