Академик Серік Қирабаев осы ғалым туралы: «Жабал Абайдың 150 жылдығы кезінде дайындық тобының жұмысына белсене қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуде тәжірибе жинақтап ысылды. Абай мұрасы жөнінде кейінгі буын ғалымдар арасында қай жағынан да оның пікір айтуға құқы бар», деп ой түюі бекер емес.
1976 жылы Абай атындағы ҚазПИ филология факультетінің тіл-әдебиет мамандығын бітіріп, еңбек жолын тарихи Созақ жерінде мұғалімдіктен бастаған Жәкең ұлт болмысын тануға, қадір-қасиетін білуге ұмтылды. Осы соқпақ оны абайтану ғылымына алып келді. Жабал Алшынбекұлы 2004 жылы Абай қарасөздерінен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
Бұл жөнінде ғалым: «Кеңестік идеология кезінде Абайды ислам дінімен байланыстыра зерттеуге рұқсат берілмейтін. Соның салдарынан Абайдың дінімізге деген шынайы көзқарасы жабық күйінде қалып қойды. Содан келіп қазақтың да, Абайдың да мұсылмандығы, исламға қатынасы мардымсыз деген жалған пікір қалыптасты. Бұл – ұлтымызға жағылған күйе. Шын мәнінде қазақтың да, Абайдың да мұсылманшылығы өте терең. Мұны жай сөзбен емес, іспен дәлелдеп шығуға серт беріп, алдыма үлкен мақсат қойдым», дейді.
Еңбекқор зерттеуші Ж.Шойынбет 10 жылдан астам уақытын осы салаға сарп етіп, Абай қарасөздерінің ішкі мәніне үңіліп, ақынның хақ жолындағы кіршіксіз болмысы мен саф тұлғасын ашып көрсетуге күш-жігерін, білімін, тәжірибесін жұмсады. Осылайша бұрынғы қасаң түсінікті сылып алып тастады. Ғылымның жаңа талаптарын қолдана отырып, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген тұжырымдамасын айқындап берді.
Ж.Шойынбеттің жанкешті еңбегінен оның ғылымға деген, хакім Абайға деген, түптеп келгенде, ұлтына деген адал да таза пейілі анық байқалады. Сонымен бірге табандылығын, қайсар мінезін аңғарамыз. Ғалым ұлы ақын мұрасын ғылыми-теориялық тұрғыда жаңаша зерттей отырып, діни ұғымдарды ұғынықты тілмен түсіндірді, абайтануды бұрмаламақ болған жат пиғыл, зиянды көзқарасқа лайықты соққы берді. Егер оның бар тілегені ғылыми атақ алу ғана болса, диссертация қорғай сала, аяғын алшаң басып қамсыз жүрер еді. Бірақ ол өйтпеді. Ол арды ойлап, «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей», Абайды өз идеологиясына пайдаланбақ болған небір миссионерлермен ғылым жөнінен айтысты. БАҚ-ты халық мүддесіне бұра алды.
Абайтанушы Жабал Алшынбекұлы хакімнің 150 жылдығы аясында әзірленген академиялық екі томдығының жауапты шығарушылары қатарында болды. Ол бұл кезде Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты абайтану бөлімінің ғылыми қызметкері еді.
Ғылыми жетекшісі, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен бірлесіп, мектепке «Абайтану» пәнін енгізуге күш-жігерін жұмсады. Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті факультеттерінде оқытылатын «Абайтану» курсына бастамашы болды.
Жабал Шойынбетті қазіргі рухани абайтану қорғанының сардары дей аламыз. Ол Абай мұхитына тереңдей түсті. «Абай – ұлт әдебиетіндегі, жалпы қазақ руханиятындағы болмысы бөлек дара тұлға. Ол – ақын ғана емес, хакім. Ол – өмірдің болмысы мен шындығын көркем бейнелеумен шектелмеген, шығармашылығы арқылы танымын, адамгершілік ілімін биікке көтерген ойшыл тұлға», деп тұжырымдады.
Өмірдің соқтықпалы жолында талай қиындық көрсе де, мойымай алға ұмтылған, 200-ден аса мақала жазып, мұнда халқымыздың рухани құндылықтарына Абай парасатымен қараған, қиянатқа қасқайып қарсы тұра білген күрескер азаматты рухани кеңістігіміздің қырағы күзетшісі деуге болады. Ол өзінен кейінгі жастарды практикалық абайтануға тарта білді. Жыл он екі ай бойы ақын мұрасын, ол туралы зерттеулерді насихаттады. Тәуелсіздік құндылығы – Абай мұрасын терістегендермен аяусыз айқасты.
Бұған дәлел – Жабал Алшынбекұлының республиканың басты басылымдарында жарық көрген «Ұлттық философияны ұйықтан кім шығарады?», «Қазақты, Абайды қорлап, докторлық қорғамақ», «Жүкешевтің бұл қай «далбасасы?», «Абайтану ма, ведатану ма, әлде ұрпақ санасын улау ма?», «Ұлылар үндестігін кім қалай түсінеді?», «Ұлт рухына қауіп төндіретін кітап», «Қазаққа төрелік айтатын сен кімсің?», т.б. мақалаларын айтсақ жетеді. Әрбірінің мазмұнында Тәуелсіздік рухы аңғарылды. Кезінде оның бұл мақалалары бүкіл қоғамға қозғау салған-ды. Ж.Шойынбеттің дәлелді фактілермен жазылған жанайқайға толы жазбалары ұлтымыздың бетке ұстар азаматтарының намысын жанып, «Оу, бұ қалай?» дегізіп, Абай әлемін әлдекімдердің шабуылынан сақтандыруға ықпал етті. Нәтижесінде, әділдік орнап, рухани құндылықтарымыздың ең маңызды бөлігіне қисынсыз да теріс көзқарасын таңған, аярлықпен шабуылдаған топ су бетіне шығып қалды. Талмау тұстан сұғуға ыңғайлаған сүңгісінің күл-паршасы шықты.
Жалпы, Абайды жат дінге, дұрысы бөтен пиғылды, қайдағы бір сектаға теліп, сондай-ақ оның болмыс-бітімін, тұлғалық қасиетін, ұстанымын мазақ еткісі келіп, білгенін істегендер Жабал Шойынбеттің ымырасыз күресінен соң, маскаларын шешті немесе келген жағына жылыстады.
Бұдан бөлек ғалымның табанды күресі рухани құндылықтарға сақ болуды, Абай мұрасын рухани «қызыл кітапқа» енгізуді дәйектеп, мемлекетіміздің, тиісті орындардың белсенділігін, әлеуетін жарқырай көрсетті. Өйткені мемлекеттік органдар шырылдаған Жабал Шойынбеттің үніне құлақ түріп, жедел әрекет еткен аталған мәселеде халықтың тілегімен үндесетін сауатты шешім шығарып, ақ пен қараны айқындады. Бұл жолда Жабал Шойынбетті Тұрсынбек Кәкішұлы, Қадыр Мырза Әлі, Мекемтас Мырзахметұлы, Айгүл Ісімақова сынды арды ойлаған жандардың қолдағанын айтпай кету орынсыз. Сондай-ақ ғалымның жанайқайына үн қосып, Абай мұраларын арсыздықтан арашалауға ұмтылған қарапайым адамдардың баспасөз арқылы жеткізген шынайы ниеттері де көңіл төрінде сақтаулы тұр.
Осы дау-дамайдың сарсаңы ғалымның жеке басына, жан жүйесіне оңай тиген жоқ. Талай таңды ұйқысыз атырды, талай күнді күрсініспен батырды. Түйсіксіздерге мәселенің мәнісін түсіндіремін деп жүйкесі жұқарды, санасына салмақ түсті, жүрегі ауырды. Бәрінен де оған тамыр-танысты арттырып, ықпалды азаматтардан қолдау көріп, орынсыз іс-әрекеттерінің жымын білдірмей іске асыруға бел шеше кіріскен қарсы топтағылар ішінде өз отандастарының болғаны қатты батты. Сондай-ақ сыңаржақтардың сөзіне білместікпен еріп, жағдайға үстірт қараудың салдарынан шатасқан ағайынның да бетін бері бұру оңайға соқпады. Өйткені «Айтылған сөз – атылған оқ» дейтін қазақ баласын теріс сөзінен бас тартқызу, алған бетінен қайтару қиын-ақ.
Қалай десек те, Жабал Шойынбет сан салалы еңбегі арқылы әрбір қазақты Абай әлеміне ұқыппен қарауды үйретті. Сын сағатта қорғауға да баулыды. Мұны ұғатындар жыл санап көбейіп келеді. Демек, ғалымның төккен тері зая кетпеген.
Бүгінде Абайдан алғаны көп, тоқығаны мол Жабал Шойынбет кәсіби қызметін орайымен жалғастырып келеді. Жалығатын түрі жоқ, қайта өршелене алға басты. Адаспай келеді. Өйткені ол Абайдың ізінен көз жазбауға бел байлаған. Кешегі алмағайып заманда алысқанмен алысып, тартысқанмен тартысып, елдің сөзін сөйлеп, азды-көпті ғұмырын ат үстінде өткізген, оңтүстік өңіріне белгілі тұлға болған, соңында өнегелі ісі, ұлағатты сөзі қалған, 1937 жылы тіршілікте дәмі таусылған Шойынбет бидің немересі Жабал Алшынбекұлы – осындай жан. «Тегіне тартқан» деген осы шығар. Ғалымның мұратану мұраты – асыл, бағдары да айқын.