Өндіріс • Бүгін, 09:28

ERG кәсіптік дағдыны халықаралық деңгейде растау орталығын ашты

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақсу қаласында халықаралық стандарттарға сай кәсіби біліктілікті тану орталығы ашылды. ERG компаниясына тиесілі құзірет орталығы – отандық тау-кен саласында жүзеге асып отырған алғашқы кәсіптік жоба, деп хабарлайды Egemen.kz.

ERG кәсіптік дағдыны халықаралық деңгейде растау орталығын ашты

Жоба еңбекті тәуелсіз бағалау жүйесін дамыту мен сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттырудағы маңызды қадам болып отыр. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен құрылып, Ұлттық біліктілік жүйесі талаптарына сәйкестендірілді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасында аккредитациядан өткен. Негізгі міндеті – тау-кен және металлургия бағыттарындағы негізгі кәсіптер бойынша қызметкерлер мен лауазымға үміткерлердің кәсіби біліктілігін ресми түрде бағалап, тану.

1

Қазір отандық өндірістік кәсіпорындарда кәсіптік құзірет саласы күрделене түскен. Өндірістегі тәжірибесіз кадрлар белгілі бір деңгейде тәуекелдер тудырады. Қызметкерлердің жеткілікті деңгейде еңбек дағдыларын игеріп, сала бойынша тәжірибе игергенін дәлелдеу, яғни растау кейде біраз уақыт алып жататыны да шын. Кейбірі білімін жетілдіру үшін жылдап колледждерде оқып, диплом алып шығады. Екінші тұрғыдан, өндірісте жұмыс істеп жүрген кей қызметкерлердің өз мамандығының қыр-сырын тәжірибелік тұрғыдан мейлінше меңгергенін алдын ала анықтау да күрделі үдеріс. Жаңадан ашылып отырған кәсіби біліктілікті тану орталығы осы аталған міндеттерді кешенді түрде шешетін әмбебап тәжірибе алаңына айналмақ.

2

Тау-кен саласының мамандары мұнда оқып, білімін жетілдіріп немесе нақты іс жүзінде тәжірибеде меңгерген біліктілігін ресми түрде растай алады. Ал компаниялар үшін бұл – персоналдың құзіретін жүйелі басқару құралы. Ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ете отырып, бағалаудың бірыңғай стандартын белгілеп береді. Тиімділікті арттырып, өндіріс қауіпсіздігін жақсартуға сеп. Мәселен, ERG қызметкерлері бұрын өз біліктілігін тек білім беру ұйымдарында немесе жұмыс орнында растай алатын. Бірақ берілетін куәлік тек сол кәсіпорын аумағында ғана жарамды болатын. Ал жаңа орталықта білімін растағандар үшін еліміздің кез келген еңбек ұйымында есік ашық.

3

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында елге жоғары білікті, жақсы даярлықтан өткен жұмысшы мамандар қажет екенін атап айтты. Кәсіби біліктілікті тану орталығын ашу – ERG-дің еліміздегі адам капиталын дамытуға қосып отырған үлесі. Біз халықаралық стандарттарға сай, ашық бірыңғай бағалау талаптары жүйесін айқындаймыз. Бұл біздің мамандарымыздың тек Қазақстанның ішінде емес, сыртта да бәсекеге қабілетті болуына сеп», дейді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.

Мамандар атап көрсеткендей, кәсіби біліктілікті тану орталығының ашылуы – тау-кен металлургия кешені саласындағы айтулы оқиға. Ол 12 негізгі кәсіп бойынша бағалау жүрізеді деп жоспарланған. Бұл қатарда ферроқорытпа балқытушы, матаушы, металлургиялық өндірістегі кран машинисті, электргазбен және қолмен доғалы дәнекерлеуші, электрмен дәнекерлеуші, жарушы, ұңғылаушы, экскаватор мен тиеп-жеткізу машинасының машинисті, ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері сынды мамандықтар бар. Заңнама нормаларына сәйкес ол міндетті және ерікті түрде жүргізілуі мүмкін. Орталық қызметін тек компания қызметкерлері ғана емес, өзге де кәсіпорын мамандары, студенттер мен түлектер, мердігер ұйым жұмысшылары да пайдалана алады.

4

Орталық әзірше матаушы, дәнекерлеуші (дәнекерлеу ісінің барлық түрі), кран операторы, металлургиялық кәсіп мамандықтары бойынша мамандарды даярлайды. Мамандықтар құзіреті алдағы уақытта кеңейе түседі деп күтіліп отыр. Соның ішінде дрон операторларын дайындауға, өзге білім беру ұйымдарында оқытпайтын заманға сай мамандықтарды оқытып шығаруға көңіл бөлінеді. Мұнда қауіпсіздік бойынша да толық цикл бар. Қызметкерлер еңбек қауіпсіздігі, алғашқы медициналық көмек көрсету, тұйық шеңбер жағдайында жұмыс істеу, өрт-техникалық минимумы негіздерін үйренеді. Орталық барлық қажетті жабдықтармен, құралдармен толықтай қамтылған.

«Ашылып отырған орталықтың жұмысы халықаралық стандарттарға сай. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында биыл 5 кәсіби құзіреттілік орталығын ашу жоспарланса, оның екеуі халықаралық стандарттарға сай болады деп ұйғарылған еді. Міне, соның алғашқысының пайда болғанына куә болып отырмыз. ERG бұл арқылы отандық тау-кен кешенін, тұтастай алғанда еліміздің ұлттық экономикасын дамытуға орасан зор үлесін қосып жатыр. Осымен ел аумағында 11-ші орталық дүниеге келді. ERG жыл соңына дейін Рудный мен Хромтау қалаларында да осындай орталықтар ашуды жоспарлап қойған. Мұндай орталықтар еңбек нарығына оң әсер етіп, мамандықтар бойынша жаңа құзіреттерге ерік береді. Ұлттық біліктілік орталығының арнайы тізіміне 740-тан аса мамандық енсе, еліміздегі әлгіндей орталықтарда 70-тей мамандық ашылған. Бұл адамдарға қайта даярлықтан өтуге, өзге заманға сай мамандықтарды игеруге жағдай жасайды. Көп мамандықтар қазіргі заманда сұранысқа ие болмай бара жатыр. Ал мынадай заманға сай орталықтар тұрғындарды кәсіптік тұрғыдан қайта бағдарлауда таптырмайтын тетік болады», деді орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.

 

Павлодар облысы

Ақсу қаласы