Фото: Облыс әкімдігі
Өңірде инклюзивті білім беруді дамытуға серпін беретін балабақша ерекше балалардың дамуы мен тәрбиесіне қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Құрылыс аумағы 20 172,73 шаршы метрді құрайды, жұмыстар белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Балабақша жобасы өзгеше. Жоғарыдан қарағанда, гүл пішінінде салынып жатыр, орталық және бес екі қабатты блоктан тұрады. Қаржыландыру жағынан еш мәселе жоқ. Құрылысшылар күндіз-түні мерзімінде тапсыруға күш салып жатыр», деді мердігер компания «Казстройподряд» ЖШС өндірістік-техникалық бөлім инженері Нұрсұлтан Қалдымұратов.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, әр блок орталық атриуммен өткелдер арқылы байланысады. Орталық бөлікке қысқы бақ пен кіреберіс вестибюль орналастырылады. Ал жеке блоктарда түрлі бағыттағы балаларға арналған бөлімдер болады: №1 блок – тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға; №2 блок – көру қабілеті бұзылған балаларға; №3 блок – есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға; №4 блок – зияткерлік дамуында ерекшелігі бар балаларға арналған. Сонымен қатар, медициналық бөлім, изолятор, акт залы, бассейн, әкімшілік және асхана бөлмелері орналасады.
Еске салайық, Ақтөбе облысында 423 ерекше бала балабақшаға мұқтаж. Жуырда «Жұлдыз» арнайы балабақшасы жұмысын бастап, 136 ерекше бала қамтылды.
«Бұл – ерекше балалар үшін үлкен мүмкіндік. Мұндай заманауи әрі бейімделген мекемелердің салынуы – олардың қоғамға толыққанды араласуына жағдай жасайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз өңірде инклюзивті білім беру инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытамыз», дейді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.