Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебесін арттыра түсетін бұл туынды –әлемдегі ең биік жерге салынған мурал. Жылдар бойы әлемнің әр түкпірінде БҰҰ тақырыбына арналған ірі өнер жобалары жүзеге асқанымен, бұл жұмыс БҰҰ мандаты мен орнықты даму мақсаттарының мәнін қазақтың көшпелі мәдени нышаны арқылы дәл бейнелейтін қуатты визуалды метафорасымен ерекшеленеді.
Living Atmosphere мұрындық болған суретші Әділ Әубекеровтың ұзындығы 36, биітігі 6 метр болатын ауқымды жұмысының пайда болуына Shymbulak курорты, БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесі қолдау көрсеткен.
Құзар биіктіктегі муралдың салтанатты ашылу рәсімінде БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек муралдың БҰҰ тапсырысымен емес, қоғамның, жергілікті әріптестердің бастамасымен салынғанын тілге тиек етті.
Шымбұлақ биігіндегі муралдың тұсаукесеріне қоғамдық ұйымдар, мәдениет пен дипломатиялық корпустың және БАҚ өкілдері қатысты. Қонақтар таулы аймақта туған жоба тұжырымдамасымен, жасалу тарихымен, техникалық шешімдерімен танысты.
«Құрақ көрпемізде әрбір бөлшек маңызды, әрбір бөлік ортақ өрнектің ішінде өз орнын табады. Мұның астары бізге жақын – біз де дамуымызды экологиялық жауапкершілікке, сабақтастық пен табиғатқа деген құрметке сүйене отырып құрамыз. Бұл жұмыс Shymbulak курортының рухымен үндеседі», – дейді Chimbulak Development басқарушы директоры Нұрлан Сейітқазин.
«Мурал тұжырымдамасы көшпелілердің көрнекі де материалдық емес мұрасына сүйеніп, символдар тілін заманауи көркем формаға айналдырады. Әрбір бөлшек өз мағынасын сақтайды. Оларды біріктіре отырып, мен бізді қауым ететін құндылықтар туралы сыр шертіп, табиғатқа, көршілерімізге, бейбітшілікке деген құрметімді білдіремін. Мен үшін бұл мурал – БҰҰ 80 жыл бойы қорғайтын құндылықтардың мозаикасы ғана емес, болашаққа бағытталған көшпенділер көзқарасы», – дейді суретші Әділ Әубекеров.
АЛМАТЫ