Суреттерді түсірген – Жұмабай Мұсабек
Биыл қосымша 10 штат бөлініп, аудан және қала деңгейлерінде теолог мамандар тағайындалған. Бұған дейін Панфилов ауданында 3 штаттық бірлікпен арнайы бөлім ашылып, діни саладағы жауапкершілік пен жұмыстың ауқымы арта түскен еді. Осылайша, басқармаға қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығы» коммуналдық мекемесінің құрылымы кеңейіп, бүгінде 6 бөлім, 42 штаттық бірлікке жетті.
«Қазір облыс аумағында 11 конфессияны қамтитын 269 діни бірлестік пен филиал ресми тіркелген. Онда 342 діни қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 265-і – имам, 77-сі – христиандық және өзге де діни бағыттағы қызметші. Миссионерлік қызметке рұқсат алған 13 азамат бар. Жыл басынан бері олардың қатарына тағы 2 миссионер қосылды. Бүгінде олардың 11-і – шетел азаматы, ал екеуі – ел азаматы. Қызмет бағыттары әртүрлі: 1 – православие, 8 – католицизм, 4 – пресвитериандық шіркеу. Айта кетерлігі, миссионерлер тарапынан заң бұзу деректері тіркелмеді», дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Сағыныш Жаңабай.
Керісінше, облыстық тіл оқу-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып, басқарманың бастамасымен миссионерлер мен протестанттық бағыттағы шіркеулердің қызметкерлеріне қазақ тілін үйрету, ұлттық мәдениетті дәріптеу ісі қолға алынған. Сонымен қатар білікті мамандарды тарту мақсатында 8 имам өңір мешіттеріне қызметке орналасқан. Одан бөлек, имамдар корпусын кәсіби тұрғыда жетілдіру үшін 125 адамды қамтыған арнайы оқыту курстары ұйымдастырылған.
Өңірде конфессияаралық келісімді сақтау, оны одан әрі нығайту мақсатында Діни бірлестік жетекшілерінің клубы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл алаң түрлі дін өкілдерінің бас қосып, өзекті мәселелерді бірлесе талқылауына мүмкіндік беріп отыр. Клуб аясында жыл сайын жүздеген мазмұнды іс-шара ұйымдастырылады. Негізгі отырыстармен қатар, тарихи сапарлар, спорттық сайыстар, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы қоғамдық жұмыс пен ағаш отырғызу сияқты игілікті бастамаларға дін қызметкерлері белсенді атсалысып жатыр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, өркениеттер арасындағы байланыстарды дамытуда, қоғам мен адам арасындағы сенімді нығайтуда дінбасылардың рөлі айрықша. Бұл бағытта жергілікті дін жетекшілері де өз жамағаттарымен ел бірлігі жолында аянбай еңбек етіп келеді.

«Жақында «Заң және тәртіп: Қоғамдағы тұрақтылық пен әділдік» атты жиын өтті. Кездесуде дінбасылар жамағат арасында патриоттық тәрбиені күшейту мәселесін талқылады. Бұған қоса, Талдықорған қаласындағы орталық «Иман» мешітінде өткен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша XIV республикалық байқау болды. Екі күнге созылған сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 80 үміткер қатысып, Құранның 10, 20 және 30 парасын жатқа оқу және мәнерлеп оқу бойынша бақ сынады. Байқаудың салтанатты ашылуына бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тілеп, үздік шыққан жеңімпаздарды марапаттады», дейді С.Жаңабай.
Бас мүфти Жетісуға сапары барысында облыстың имамдар қауымымен кездесіп, ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойына орай дін саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен имамдарды мерекелік медальдермен марапаттаған. Сондай-ақ өңірдің әйгілі билері мен батырларының рухына Құран бағыштап, қасиетті орындарға зиярат жасады.
Жақында Талдықорғанда ел тарихында тұңғыш рет «Рухани келісім жолы: Съезд идеяларын жүзеге асыру» тақырыбында дінтанушылар мен діни бірлестіктер жетекшілерінің республикалық форумы өтті. Бұл жиын – әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде көтерілген идеяларды ел ішінде насихаттауға арналған маңызды басқосу болды. Онда еліміздегі діни келісім мен тұрақтылықты одан әрі нығайту, діни саясаттағы ғылыми-практикалық тәжірибені жетілдіру мәселелері талқыланды.
«Жыл басында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының (АТТ) құрамы қайта жасақталып, жұмыс сапасын арттыру үшін мүшелер саны 67-ден 55-ке дейін қысқартылды. Бұл өзгеріс мамандар құрамының кәсібилігі мен тиімділігін арттыруға бағытталды. 2023–2025 жылдарға арналған экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары аясында облыс көлемінде 4 576 іс-шара өткізілді. Оларға шамамен 96 мыңнан аса тұрғын қамтылды, оның ішінде 3 714 кездесу тәуекел топтар арасында ұйымдастырылды», дейді басқарма басшысы.
Бүгінде Дін істері басқармасы жанындағы орталық базасында құрылған «JetisuLive» студиясы өз жұмысын жалғастырып жатыр. Жыл ішінде студияда түрлі тақырыптарды қамтыған 42 подкаст түсіріліп, олар «YouTube» видеохостингіндегі «JetisuDin» арнасына жүктелді. Бұған қоса «Бабалар ізімен – ізгілікке бастау», «Қылышсыз майдан» бағдарламалары мен «Абай үні» айдары ашылып, жүзден аса бейнематериал көрерменге жол тартты. «Қылышсыз майдан» тележобасы «Жетісу» телеарнасымен бірлесіп әзірленіп, облыс халқының шамамен 70 пайызын қамтыды. Бұқаралық ақпарат құралдары да діни бағыттағы ақпараттық жұмыстан тыс қалған жоқ. Жыл ішінде 180 мақала жарық көрді.
Facebook, TikTok, Instagram желілеріндегі ресми парақшалар мен 87 мыңнан аса жазылушысы бар «JetisuDin» YouTube арнасында тұрақты түрде ақпараттық материалдар жарияланып келеді. Онда 2 939 материал жүктелген. Жыл басынан бері тұрғындарға 6 104 SMS хабарлама жіберіліп, 1 106 қоңырау шалынды. Соның нәтижесінде 1 158 қолданушы күмәнді топтардан шыққан.
Бір әттеген-айы, өңірде жеке парақшаларында радикалды идеологияны ашық насихаттаған 7 азамат анықталған. Оның екеуіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 453-бабы, 2-тармағы бойынша айыппұл салынған. Үш азамат өз еркімен парақшаларын жойып, екеуі өзге өңірлерге қоныс аударған. Бұдан бөлек, «Киберқадағалау» жүйесіне 3 065 парақша бұғаттауға жолданып, оның 573-і толық бұғатталған.
Жалпы, Жетісу топырағы – ежелден руханияттың, татулық пен төзімділіктің мекені. Осындай игі шаралар мен өзара түсіністікке негізделген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірде діни тұрақтылық сақталып, рухани келісімнің туы биіктен желбіреп келеді.
Жетісу облысы