Ұстаз • Кеше

Ұстаздық – асыл қасиет

260 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Табиғат математика тілімен сөйлейді» депті ғұламалар. Бұл саланың ауыр да жауапты екенін он адамның тоғызы сеніммен айта алады. Дегенмен оның сол табиғаттың өзі секілді тылсым жағы бізді қызықтырады. Ал енді математика ғылымына ұлт құндылықтары арқылы барған адам көп пе? Ойланып қаламыз. Сондай азаматтың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымы, профессор, физика-математика ғылымдарының кандидаты Асқар Байарыстан.

Ұстаздық – асыл қасиет

Ол қиын да күрделі математика мамандығын, ғылымын таңдап, қырық жылдай табан аудартпастан ұстаз болып келе жатыр.

Ата-анасы Асекеңді еңбекпен тәрбиелеген. Бірақ соның өзегінде ұлт құндылықтары тұр. Сол себепті профессор Асқар Ойнарұлы халқымыздың салт-дәстүрін, домбыра мен қобыздың қасиетін, бұрынғы-кейінгі ақындарды жақсы біледі. Куратор ретінде математик-студенттер күшімен Абайдан Мұқағалиға дейінгі тұлғаларға арналған сахналық қойылым көрсеткен руханиятшыл оқытушы.

Ол асты-үсті тарих Арал өңірінің шек-шетін теңіз толқыны аялаған Жақсықылыш ауылында дүниеге келген. Мектеп жасында оқуға зеректігі сонша, «Білім және еңбек» журналы мақалалары мазмұнын түсінде көріп, Әл-Фараби әлеміне енуді армандаған, Ғылым академиясы кітапханаларында отыруды аңсаған.

Бұрынғы ата-бабамыздан бізге «Әуелгі сөз – ағадан, әдепті сөз – ініден» деген керемет нақыл жеткен. Бала Асқарды математикаға ынталандырған тұлға – туған ағасы, сол кезде ғылым кандидаты, қазір әйгілі академик Рысқұл Ойнарұлы. Айтқандай, Рәкең 90-жылдары Ғылым академиясында «қазақ тілін ғылым тілі етеміз» деген отаншыл ағарту қозғалысының басы-қасында жүрді. Міне, кіші Ойнарұлы бұл өнегелі өмір мектебінен де сәтімен өтті деп санаймыз.

Асқар Байарыстан 1986 жылы Қазақ мемлекеттік университетін сәтті аяқтап, алғашқы жұмысын Целиноград (кейін Ақмола) мемлекеттік педагогика институтының математика кафедрасында оқытушысы болып бастайды. Бұдан соң Қазақ КСР Ғылым академиясы Математика және механика иститутының аспирантурасына түседі. Мұны бітірген соң, оқытушылықты, ғылыми қызметті қатар алып жүреді. 1998 жылы осы институтта «математикалық талдау» мамандығынан диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алады. Ғылым академия­сында, Алматы ауыл шаруашылығы институтында ұзақ жыл істеп, Жоғары аттесттау комиссиясының шешімімен доцент, профессор атақтарын алды. Бұл атақтарға Асекең жоғары оқу орындарына математикадан оқулық пен оқу құралдарын жазып, үлгілі дәріс оқып қол жеткізгені аян. Осындай игі істерінің нәтижесінде «ЖОО үздік оқытушысы» грантына ие болды.

Профессор Асқар Байарыстан 2012 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жоғары математика кафедрасының профессоры. Студент-магистранттардың білікті тәлімгері, өнегелі ұстазы.

Кәсіби ұстанымы – жастарды мамандыққа ынталандыра білу, ғылымға құштарлығын ояту, ең бастысы, қай жағдайда да адамшылықты жоғары қою. Ғалымға көп қажыр-қайрат, қағидат пен талап қажет. Асекең үшін математика саласының алқалы жиындары – елеулі ой алаңы. Ол дәстүрлі халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық, практикалық конференцияларына қатысуға тырысады.

Математика ғылымының жаңа­лықтарына ерекше көңіл қоятын Асқар Ойнарұлы – 18 оқулық пен оқу әдістемелік құралдың (оның ішінде республикалық әдістемелік комиссия шешімімен шыққан 6 оқулық пен оқу құралының), 45-тен аса ғылыми мақаланың, соның ішінде халықаралық рецензияланған «Web of Science», «Scopus» журналдарында жарық көрген 11 еңбектің авторы. Ғалымның «Жоғары математика. I бөлім», «Жоғары математика. II бөлім», «Сызықтық алгебра және аналитикалық геометрия теориясы мен есептері» (телавторы Ж.Ыдырысов), «Шектер және туындылар теориясы мен есептері» (телавторы Д.Матин), «Анықталмаған және анықталған интегралдар теориясы мен есептері» (телавторлары А.Абылаева, Л.Әлдібаева), «Көп айнымалыдан тәуелді функцияның дифференциалдық және интегралдық есептеулері» (телавторлары М.Алдай, М.Ілиясова), «Диф­ферен­циалдық теңдеулер теориясы мен есептері» (телавторы Б.Қошанов) сынды оқулықтары отандық жоғары мектептің оқу үдерісінде кеңінен пайдаланылады.

Жоғары мектептің ең маңызды тетігі – жас талаптарды ғылымға тарту. Бұл жағынан Асқар Ойнарұлынан дәріс алған студенттері және магистранттарды ерекше әдістемесімен ғы­лыми жұмыстарға ынталандыра алады. Оларға жетекшілік етіп, оң нәтижеге жетуіне мұрындық болып жүр. Әрине, бұл жолда ғалымның өзі өнеге көрсетуге тиіс. Ол 2012 жылдан бүгінге дейін ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бағдарламасы бойынша бірнеше жобаны жүзеге асыруға қатысып келеді. Бұлар – отандық математика ғылымын халықаралық деңгейге көтеруге бағытталған іргелі зерттеулер. Ғалымның шетелдік басылымдарда жарияланған еңбектері оны әлемдік ғылыми қауымдастыққа танымал етті.

Қалай дегенде де профессор Асқар Байарыстан әріптестерінен оқ бойы озық ететін қасиеті – елшілдігі мен отаншылдығы. Жасынан ауыз әдебиеті мен көркем шығармаларды жата-жастана оқығандықтан, осы білігін жастарға үйретуден аянбайды. Ел келешегіне, бүгінгі буынның тағды­рына алаңдайтын Асекең әрқашан факультет пен университеттің қоғамдық жұмыстарының жуан ортасында жүреді. Жыл сайын Тәуелсіздік, Республика күндерінде, Наурыз мерекесінде Асқар Ойнарұлының әрі дәстүрлі, әрі креативті іс-шаралары әріптестерін таңғалдырады.

«Ғалым болу – қиын, бірақ адам болу – одан да қиын» деген даналық бар. Білім жүйесінде адамшылық қасиет жиі бағаланып, өнеге түрінде ұстаз тарапынан сәт сайын көрінуі қажет. Бүгінде ел ағасы жасындағы профессор Асқар Байарыстан адам болу әліппесін әрбір күн математика дәрістерінде шәкірттеріне ақылымен, ісімен үйретіп жүр. Мұны ұстаздық асыл қасиет деп білеміз.

 

Мырзағали ОСПАН,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі,

физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор