Аймақтар • Кеше

Жетісудың жержаңғағы

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу облысында ауыл шаруашылығы саласында тың бастама жүзеге асып жатыр. Бұған дейін аймақта қант қызылшасы, жүгері, тағы басқа бақша өнімдерімен танылған шаруалар енді алғаш рет жержаңғақ өсіруді қолға алды. Бұл бастама Ақсу ауданының егіншілері арасында жаңа серпін беріп, өңірдің агросекторы үшін тың мүмкіндік ашып отыр.

Жетісудың жержаңғағы

Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек

– Жаңғақ немесе жержаңғақ – өңірімізде сұранысқа ие, дастарқанның көркін келтіретін пайдалы өнім. Алайда бүгінде бәрінің алып жүргені импорттық жаңғақ. Ауыл шаруашылығымен үш жыл бұрын айналыса бастадық. Басында қант қызылшасы мен жүгері өсірдік. Кейін климаттық жағдайдың қолайлы екенін ескере отырып, қосымша бақша өнімдерімен егуге кірістік. Себебі Қызыл­ағаш қарбызының ең дәмді әрі танымал екені баршаға белгілі. Биыл алғаш рет 200 гектар жерге 3 түрлі бұршақ тұқымдас дақыл егіп, тәжірибе ретінде Өзбекстаннан әкелінген тұқым­мен 1,5 гек­тарға жержаңғақ отырғыз­дық. Бұршақ дақылдарын таңдауда қателеспеппіз, биылғы өнімділігі көңіл қуантады, – дейді «Жетісу жер» ЖШС шаруа қожалығының директоры Қанат Саниязов.

Оның айтуынша, Жетісуда жержаң­ғақты өсірудің болашағы зор. Өйткені бұл дақылды өсіруге әсіресе ыстық ауа райымен ерекшеленетін Қызылағаш өңірінің табиғаты өте ыңғайлы. Әрі бұл дақылды өсіру аса қиын емес, өнімділігі де жоғары. Ерекше күтімді қажет етпейді, дер кезінде суарып, тыңайтқыш беріп отырса жеткілікті.

– Қазір біздің жержаңғақ пісіп жетіліп жатыр. Жақсы күтім жасалса, әр гектарынан 3-тен 5 тоннаға дейін өнім алуға болады. Қайта өңдеу кезінде жаңғақ құрамындағы май 45 пайызға, ал нәруыз 20–25 пайызға дейін жетеді. Оның үстіне бұл дақыл топырақты азотпен байытады», дейді Қ.Саниязов.

л

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, келесі жылы бұл шаруа қожалығы жержаңғақ егілетін аумақты 10–15 гектарға дейін жоспарлап отыр. Ал биылғы өнімді шағын, жеке қаптамаларға буып-түю көзделген. Қанат Саниязовтың пікірінше, алдағы уақыта Жетісуда өсіріл­ген жержаңғақ өңірдің жаңа брен­діне айналуы әбден мүмкін, себебі бұған барлық мүмкіндік бар.

Қазір егін алқаптарында бұршақты жинау қарқынды жүріп жатыр. Бір гектардан 1,5–2 тоннаға дейін өнім жиналады. Бұл жұмыстарға жергілікті мамандардан бөлек, өзге өңірден де тарта отырып, тірке­мелі комбайндар жұмылдырылды. Ша­руа­шылықта барлығы 6 трактор мен бір­қатар тіркемелі техника бар, 15 адам ж­ұмыс істейді. Шаруашылық иесінің айтуынша, мем­лекеттік қолдау да үлкен көмек болып отыр.

– Біз жеңілдетілген жанар-жағармай, тұқым, пестицид және тыңайтқыш түріндегі мемлекеттік субсидиялар арқылы қолдау алып отырмыз. Негізінен менің мамандығым – программист, қасымдағылардың біреуі – экономист, екіншісі – заңгер. Яғни бастапқыда біз ауыл шаруашылығынан қатысымыз болғанымен, сапалы отандық өнім өндіру мақсатында осы салаға бет бұрдық. Бізге өзге де шаруа қожалықтары көп көмек көрсетті, қант қызылшасын өсіру кезінде тәжірбиелерін бөлісті. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығында табысқа жетудің басты кілті – заманауи технологияларды пайдалану. Бұл тек өнімділікті арттырып қана қоймай, адам еңбегін жеңілдетеді. Сол себепті 2022 жылы біз егістік алқаптарына жаңбырлатып суару жүйесін орнаттық. Мемлекет шығынның 50 пайызын өтеп берді, бұл біз үшін үлкен қолдау болды. Ал келесі жылы тамшылатып суару техно­логиясын енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді Қ.Саниязов.

Айта кетейік, шаруа қожалығында жаңбырлатып суару жабдықтары 65 гектар жерге орнатылған. Сонымен қатар мұнда дискретті суару әдісі де қолданылады. Бұл тәсіл суармалы суды едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жетісудың егін алқаптарында өсіп келе жатқан жержаңғақ – жаңа дақыл ғана емес, сонымен қатар өңірдің аграрлық тәуекелге барып, жаңашылдыққа ұмтылғанының айқын көрінісі. Табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, технологияны игере білген жағдайда, бұл өнім шын мәнінде, Жетісудың мақтанышына айналмақ. Жалпы аймақта дәнді, майлы дақылдар, жемшөп түрлері, бақша өнімдері, қант қызылшасы, картоп пен көкөніс өсіріледі. Бұл тізімге биыл бұршақ пен жержаңғақ қосылды. Бүгінде өңірдегі егіс алқабының жалпы көлемі 500 мың гектарга жетті.

 

Жетісу облысы