Президент • Бүгін, 09:55

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 30 млрд АҚШ долларына жуықтады

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге жасалатын мемлекеттік сапары қарсаңында екі ел арасындағы қатынастардың жаңа белесіне жол ашатын маңызды құжатқа қол қойылатынын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 30 млрд АҚШ долларына жуықтады

«Мәскеуге жасалатын сапарымның барысында күн тәртібінде тұрған басты тармақтардың бірі – Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы Декларацияға қол қою болмақ. Бұл құжат, сөзсіз, екіжақты байланыстардың жаңа дәуірін ашып, өзара сенімнің бұрын-соңды болмаған деңгейін және барлық бағыт бойынша тығыз ынтымақтастыққа әзірлігімізді айғақтайды», дейді Президент. 

Ресей Федерациясы – еліміздің ең ірі сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Өз кезегінде, Қазақстан да Ресейдің негізгі бес сауда серіктесінің қатарында. Екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде өсіп, 30 миллиард долларға жуықтап келеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамып жатыр. Ресейлік инвесторлар Қазақстан экономикасына қаржы құю көлемі бойынша көшбасшылардың бірі болып саналады. Бұл еліміздің жоғары инвестициялық тартымдылығын, берік іскерлік байланыстар мен мемлекеттер арасындағы өзара сенімді көрсетеді.

«Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперациясының негізін жалпы инвестиция көлемі 50 миллиард АҚШ долларынан асатын 170-тен астам бірлескен жоба құрайды. «Сибур», «Газпром», «Лукойл», «ЕвроХим» сияқты ірі ресейлік компаниялардың қатысуымен елімізде полиэтилен, бутадиен, минералдық тыңайтқыштар және басқа да жоғары технологиялық өнім өндіретін зауыттар салынып жатыр. «Татнефть» компаниясымен бірлесіп автокөлік шиналарының өндірісі жолға қойылған, ал «КАМАЗ»-бен жүк көліктеріне арналған бөлшектер шығарылады.

Жалпы алғанда, Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 20 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп келеді. Бұл жай ғана сан емес – бұл өзара тиімді серіктестіктің нақты нәтижесі. Соның арқасында жаңа өндірістер ашылып, ондаған мың жұмыс орны құрылып, озық технологиялар трансфері жүзеге асып, өңірлер мен халықтар арасындағы байланыстар нығайып келеді», дейді Қ.Тоқаев. 

Сонымен қатар Президент екі ел ынтымақтастығында энергетика саласы ерекше орын алатынын атап өтті.

«Бірлескен күш-жігер арқылы біз ресейлік энергия ресурстарын Қытай мен Орталық Азия елдеріне үздіксіз транзиттеуді қамтамасыз етіп отырмыз. Сондай-ақ ірі энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі – «Росатом» жетекшілік ететін халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу болмақ», дейді ел Президенті.