Оқиға • Кеше

Жаңа үйлердің бағасы қалай өзгерді?

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда қазан айында жаңа тұрғын үйлердің бағасы орта есеппен 1 пайызға қымбаттады. Алайда өсім барлық өңірде бірдей емес, тек бес қалада көтеріліп, кейбір аймақтарда керісінше төмендеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа үйлердің бағасы қалай өзгерді?

Фото: Ашық дереккөз

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, қазан айында жаңа пәтерлердің орташа бағасы қыркүйекпен салыстырғанда 1%-ға өсті. Бағаның айтарлықтай қымбаттауы бірнеше қалада ғана байқалған.

Ең жоғары өсім Конаев қаласында тіркелді – бір айда баға 5%-ға артқан. Алматыда көрсеткіш – +2,9%, Ақтауда – +1,9% деңгейінде. Сондай-ақ, Шымкент пен Семейде де аздаған өсім бар – 0,5-0,6%.

Ал Атырауда, Павлодарда және Көкшетауда 0.1-0.6%-ға төмендеген. Қалған өңірлерде жаңа үйлердің құны өзгеріссіз қалды.

Қазан айының қорытындысы бойынша ең қымбат жаңа баспана келесі қалаларда сатылып жатыр:

  • Алматы – 667 027 тг/кв. м;
  • Астана – 650 133тг/кв. м;
  • Атырау – 521 361тг/кв. м;
  • Шымкент – 518 345тг/кв. м;
  • Семей – 467 745тг/кв. м.

Ең арзан жаңа үйлер Оралда – мұнда бір шаршы метрдің бағасы 299 155 теңге, бұл Алматыдағы көрсеткіштен шамамен 2,2 есе арзан.

Ел бойынша бір шаршы метрдің орташа бағасы – 555 161 теңге. Бұл қыркүйектегі көрсеткіштен шамамен 5,8 мың теңгеге жоғары.

Жылдық динамика да оң бағытта: соңғы бір жылда жаңа үйлер 13,1%-ға қымбаттаған. Ең жоғары өсім Павлодарда (+24,2%), Конаевта (+17,8%) және Алматыда (+16,2%) байқалған. Сонымен қатар Астанада баға 13,7%-ға, ал Шымкентте 15,5%-ға артқан.