Саясат • Бүгін, 08:07

Мәскеу сапары: Достық пен өзара сенімге негізделген диалог

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды. Внуково-2 әуежайында мәртебелі мей­манның келуіне орай Мәскеу гар­низо­нының құрмет қарауылы мен әс­кери үрмелі оркестрі сап түзеді. Пре­зи­дентті Ресей Федерациясы Үкі­м­еті Төрағасының бірінші орынба­са­ры Денис Мантуров пен басқа да рес­­ми тұлғалар қарсы алды. Екі ел­­дің мем­лекеттік әнұрандары шыр­қалды.

Мәскеу сапары: Достық пен өзара сенімге негізделген диалог

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Студенттердің қазақ тілін үйренуге ынтасы зор

Президент осы сапарында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенттерімен әңгімелесті.

Студенттер Мемлекет басшысына қазақша тіл қатты. Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітаптарында көрініс тапқан дипломатия мен ашықтық қағидалары Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында үлгі ретінде оқытылатынын жеткізді.

Сонымен қатар жастар Абай Құнанбайұлы шығармашылығына зор қызығушылықпен қарайтынын айтты.

– Ақынның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген достық туралы ой орамдары өте ерекше. Ресей мен Қазақстан – мәңгілік достықтың қос қанаты деп есептейміз. Екі елді, екі халықты риясыз, шынайы достық қарым-қатынас байланыстырады, – деді жастар.

Мемлекет басшысы студенттердің қазақ тілін үйренуге деген ынтасына жоғары баға беріп, оларға сәттілік тіледі.

– Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты – өте беделді жоғары оқу орны. Бүкіл әлемге танымал. Қазақстан бүгінде дербес мемлекет. Менің ойымша, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында алған білімдеріңіз болашақта мол пайдасын тигізеді. Өйткені түрлі елдер туралы, оның ішінде Ресейдің бұрыннан келе жатқан одақтасы Қазақстан жа­йында көп мағлұмат білу сіздерге кейін жұмысқа орналасуға, сондай-ақ әлемде және өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті маман болуға көмектеседі, – деді Президент.

 

Қазақстан мен Ресей Президенттері бейресми кездесу өткізді

Мемлекет басшысы Ресей Прези­дентіне ерекше сый-құрметі үшін ризашылығын білдірді.

– Құрметті Владимир Владимирович, ең алдымен, Мәскеуге, осынау қасиетті жерге табаным тиген сәттен бастап көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Жаңа ғана протокол аспектілері жөнінде айтылды. Шын мәнінде, Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты таңғалдырды әрі қуантты. Екіжақты ынтымақтастық стра­тегиялық серіктестік, одақтастық қатынас­тар сипатына ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Мемлекеттеріміз ара­сында ешқандай түйткіл жоқ. Мәселе туын­даған күннің өзінде президенттер мен үкі­меттер басшыларының күш-жіге­рі арқасында оң шешімін табады. Сіз­дің шақыруыңызды зор ықыласпен қабыл алдым. Расында, бүгін бейресми жағ­дайда пікір алмасамыз. Менің Өзіңізбен талқылағым келетін біраз пікір-пайымым бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал Владимир Путин Қазақстан Президентімен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, Сізге уақыт тауып, келіс­­кені­­міздей, мемлекеттік сапармен кел­геніңіз үшін алғыс айтамын. Бұған шын жүректен қуаныштымын. Әрине, біз ұдайы байланыстамыз. Алайда мемлекетаралық қатынастарда мұндай протоколдық дүниелер де маңызды. Бүгін бейресми жағдайда кездесіп, барлық өзекті мәсе­ле бойынша әңгіме­лесеміз. Ал ертең әріптес­термен бірге екі­жақты қарым-қатынас­тың күн тәрті­бін қарастырамыз және келешегі зор бағыт­тарға назар аударамыз. Жалпы алғанда, біз осы жылды өте жақсы нәти­желермен аяқтаймыз, сондай-ақ таяу келешекке арналған жоспарды орындаймыз деп ойлаймын, – деді Ресей Президенті.