Фото: qazaquni.kz
«Олардың TikTok, YouTube пен Instagram-нан көріп жүрген контенттерін ата-аналары көбінесе бақылай алмайды, қажет сүзгіден де өтпейді. Яғни, 4-5-6 жастағы балалардың қолына сіріңкеден де қауіпті құрылғы деп айтуға болады», деп жазды депутат.
Депутат әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылық, кибербуллинг сияқты мазмұндағы ақпараттың молдығын, бұл қалыптасу үдерісіндегі бала психикасына тікелей әсер ететін фактор екенін тілге тиек еткен.
«Әлеуметтік желілердің алгоритмдері балаларды экранға байлап қою үшін арнайы жасалған. Зерттеулер гаджеттерді шамадан тыс қолдану зейінді шоғырландыруды қиындататынын, ұйқы режимін бұзатынын, мазасыздық пен агрессияны арттырып, тіпті суицидке дейін апаруы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бұл тақырыпта Джонатан Хайдтың The Anxious Generation кітабын оқуға кеңес беремін», деп жазды А.Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша бұл біздің елге ғана тән мәселе емес. Мысалы, Қытайда балаларға арналған қосымшаларға уақыт шектеуі қойылып, тек білім беретін контент ұсынылады. Көптеген елдерде де заңнамалық реттеу жүріп жатыр. Бұл – тыйым емес, саналы әрі жауапты тәсіл.
«Ал бізде – шексіз «бостандық», оны ешкім нақты реттемейді. Бізге жүйелі шешімдер керек. Мүмкін, заңнамалық реттеу туралы ашық диалогты бастайтын уақыт келген шығар? Әлеуметтік желілерге тіркелу үшін жас шектеуі керек пе, жоқ па (10-12-14 жас)? Балалар ұстайтын телефондардағы контентке автоматты фильтрлер қажет пе, жоқ па?», деп жазды А.Аймағамбетов.
Мәжілісменнің сөзінше, мәселе тек тыйым арқылы шешілмейді. Мұнда білім беру, балалармен ашық сөйлесу, цифрлық гигиенаны түсіндіру, сыни ойлау қабілетін дамыту аса маңызды.
«Бізге тек шектеу емес, бірлескен шешімдер қажет: фильтрлер, гаджеттерді бірге пайдалану, ағарту, ересектердің нақты назары және балама пайдалы белсенділіктер. Қалай болғанда да, бастысы – мұндай шешімдер ғылым мен дәлелге сүйеніп қабылдануы тиіс» деп түйіндеген Асхат Аймағамбетов.