Қоғам • Бүгін, 15:25

Шаталов: ЛГБТ-ға тыйым салу адам құқығын бұзбайды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов ЛГБТ насихатына тыйым салу адам құқықтарына қайшы келмейтінін айтты. Оның сөзінше, қабылданып жатқан заң жобасы балалар мен жасөспірімдерді теріс ақпараттық ықпалдан қорғайды, деп жазады Egemen.kz

Шаталов: ЛГБТ-ға тыйым салу адам құқығын бұзбайды

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов 12 қараша күні өткен Мәжілістің жалпы отырыста ЛГБТ насихатына тыйым салуды көздейтін заң жобасына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, кейбір халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл бастамаға қарсы мәлімдемелер таратып жатыр.

«Бүгін ақпарат кеңістігінде бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан «ЛГБТ насихатына тыйым салу» жөніндегі түзетулерді қабылдамауға шақыратын мәлімдемелер тарай бастады. Бірақ ешкім ұлттық парламентке қандай нормаларды қабылдау керегін нұсқай алмайды. Ақпараттық қысым арқылы адамның көзқарасын таңуға тырысу - халықаралық тәжірибеге қайшы», деді депутат.

Шаталовтың айтуынша, бұл заң жеке адамдардың өміріне араласу емес, қоғамдағы ашық ақпарат кеңістігіндегі тәрбие мен мораль мәселесіне қатысты шара.

«Қазақстанда ешкім қандай да бір белгісі үшін қудаланбайды және қудалануы мүмкін емес. Бұл – біздің Конституция мен мемлекеттің негізгі қағидаттарына қайшы. Талқыланып жатқан мәселе азаматтардың жеке өміріне қатысты емес, ол қоғамдық кеңістік пен кәмелетке толмағандарға тәрбиелік ықпал ететін ақпаратқа байланысты», деді ол.

Депутаттың сөзінше, түзетулердің басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді отбасы мен неке туралы түсініктерін бұрмалайтын, құндылық жүйесіне кері әсер ететін контенттен қорғау.

«Бұл өзге көзқарастағы адамдардың өмір сүруіне тыйым салу емес, қоғамымызға жат өмір салтын насихаттауды шектеу әрекеті», деді Шаталов.

Сонымен қатар ол Қазақстан халықаралық міндеттемелерін толық орындап отырғанын атап өтті.

«Бірде-бір халықаралық құжат мемлекеттерге ұлттық тәрбие мен қоғамдық мораль шеңберінен шығатын идеологиялық тәжірибелерді насихаттауға міндеттеме жүктемейді. Керісінше, Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының 17-бабында мемлекеттер балаларды олардың әл-ауқатына зиян келтіретін ақпараттан қорғау шараларын қабылдауы тиіс деп нақты көрсетілген. Осы заңды қабылдау арқылы Парламент халықаралық міндеттемелерге сай әрекет етіп отыр», деді депутат.

Шаталов сонымен бірге қоғамда дәстүрлі және моральдық құндылықтар әрқашан жоғары болғанын айтып, ЛГБТ тақырыбына қатысты қоғамдық наразылықтың ресми петиция түрінде де көрініс тапқанын еске салды.

«Ондаған мың азамат өз ұстанымдарын білдіріп, билік органдарына жүгінді. Бұл қоғамның нақты сұранысы. Оны елемеу – өзіміз өкілдік ететін қоғамды елемеу деген сөз», деді ол.

Сөзінің соңында депутат әріптестерін заң жобасын қолдауға шақырды.