Цифрлық ортаға құқықтық мәртебе беретін кодекс
Күн тәртібінің алғашқы мәселесі бойынша Мәжіліс алдымен Цифрлық кодекс жобасы мен екі бірдей ілеспе заң жобаларын талқылап, бірінші оқылымда қабылдады. Құжаттарды Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева таныстырды.
Жаңа Цифрлық кодекс цифрлық ортаға құқықтық мәртебе беріп, деректер мен платформаларды айналымға енгізуге арналған. Осылайша, қабылданған кодекске сәйкес цифрлық деректер, жүйелер, ресурстар мен инфрақұрылым құқық объектісі болып танылады.
– Цифрлық деректер айналымының құқықтық режімі енгізіледі. Жазбалар түріндегі цифрлық деректер алғаш рет құқық объектісі ретінде танылғалы отыр. Бұл дегеніміз, деректер экономикалық құндылыққа ие болып, азаматтық негіздегі айналымға қатыса алады, – деді депутат.
Кодекс жобасы осы күйінде қабылданса, елімізде eGov сияқты мемлекеттік цифрлық жүйе мен халыққа электрондық негізде қызмет көрсететін платформаларға «ұлттық объект» мәртебесі берілуі мүмкін. Бұл өз кезегінде аталған цифрлық активтердің жекеменшікке, басқа елге сатылып кетуінен, иелігіне өтіп кетуден қорғайды.
Сондай-ақ кодекс жобасында қолданыстағы электрондық құжаттарды заң тілінде үш топқа бөлу көзделіп отыр. Біріншісі – электрондық құжаттар. Оған тек ЭЦҚ қойылған құжаттар жатады және қағаз нұсқамен теңестіріледі. Екіншісі – цифрлық құжаттар. Бұл мемлекеттік базалардан автоматты түрде жүктеуге болатын, көрсетілген сәтінде түпнұсқа болып саналатын түрлі анықтамалардың құқықтық атауы деуге болады. Үшіншісі – цифрлық мәліметтер. ЖСН арқылы ІІМ базасынан алынған азамат туралы дерек, не болмаса жылжымайтын мүлік реестріндегі жазбалар осы цифрлық мәліметтерге жатқызылмақ. Басқаша айтсақ, ресми дереккөздерден алынған заңды мәні бар ақпараттар осы санатқа жатқызылады.
Екатерина Смышляева бұл өзгерістер азаматтар мен ұйымдардың цифрлық ортада қолтаңба қою, дерек ұсыну және құжат алмасу тәртібін жеңілдетіп, құқықтар мен міндеттерді нақтылай түсетінін айтты.
Сондай-ақ заңнамаға «цифрлық делдал» ұғымы да енгізілуі мүмкін. Бұл ұғымдарды заңнамаға енгізу арқылы Yandex Go, Glovo, Chocofood сияқты еңбек платформаларының, Kaspi, Wildberries, Ozon сияқты маркетплейстердің, booking, krisha.kz қызмет агрегаторларының, мемлекеттік цифрлық сервистердің жауапкершілігі мен жұмыс тәртібін нақты белгілеуге жол ашады.
Заң жобасының таныстырылымынан кейін болған талқылау барысында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов ұлт болашағына қатысты өзекті мәселе көтерді.
Депутат мектептерде смартфон қолдануға қатысты мемлекеттік ұстаным төңірегінде деректер келтіре отырып, осы бағыттағы сұрағын тиісті министрлікке бағыттады.
– Ұлыбритания, Нидерланд және әлемнің 40%-дан аса елдері мектептерде смартфон қолдануға ресми түрде тыйым салған. Біздің елде де NIS, БИЛ, «Дарын» сынды алдыңғы қатарлы бірқатар мектеп сабақ кезінде смартфон қолдануға шектеу қойды. Нәтижесі – өте жақсы. Оң әсері байқалды, балалар белсендірек, бір-бірімен жиі тілдеседі, сабақ кезінде алаңдаушылық азайды.
Алайда елдегі көптеген мектепте жағдай өзгеше. Мұғалімдер жанжалдан қорқады, ал оқушылар сабақ пен үзіліс кезінде TikTok-та сағаттап отырады. Цифрлық даму және Оқу-ағарту министрліктері бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін қандай ұсыныстары бар, – деді депутат А.Аймағамбетов.
Сұраққа Жасанды интеллект министрінің орынбасары Дмитрий Мун жауап берді. Ол әлем балалардың әлеуметтік желіде тіркелуін жаппай тыйым салу арқылы емес, олар тұтынатын мазмұнды екшеп ұсыну арқылы реттеп жатқанын атап өтті.
– Әлеуметтік желілерде ата-ананың бақылауынсыз тіркелуге қатысты айтсақ, қазір әлем керісінше әлеуметтік желіге қол жеткізудің түрлі жолдарын ұсыну жағына жылжып жатыр. Бірақ белгілі бір жас шектеулері, мазмұнды екшеп ұсыну тәжірибесі бар. Балалардың заман ағымынан, технологиядан кенже қалмай дамуына да басымдық беріліп отыр. Сондықтан бізде де осындай үлгіде жұмыс жүргізіледі, – деді вице-министр.
Осы ретте Цифрлық кодекс аясында мектепте смартфон қолдануға тыйым салу көзделмегенін айта кеткеніміз жөн. Керісінше, Д.Мун министрліктің ұстанымы жас ұрпақты заман ағымынан қалдырмай, жұмыста интернет мүмкіндіктерін, жасанды интеллектіні дұрыс пайдалануды үйрету екенін айтты.
Қоғамды құлдырататын насихатқа жол берілмейді
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданғанын да айта кеткен жөн. Заң жобасын екінші оқылымда таныстырған депутат Елнұр Бейсембаев осы уақыт ішінде бұл құжат жан-жақты пысықталып, маңызды жаңа нормалармен толықтырылғанын жеткізді.
Ең бастысы, «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым міндеттердің бірі ретінде мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлері жалақысы арттырылатын болды. Яғни жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейту арқылы жалақыға қосымша 25 пайыз ақы төленбек. Сондай-ақ елімізде алғаш рет мемлекеттік архивтерге «Ұлттық» мәртебесі беріледі. Осы басымдық арқылы да ұлттық архивтердің қызметкерлеріне еңбекақыны есептеу кезінде 1,75 еселік үстеме коэффициент қолданылады.
Жалпы отырыста креативті индустрияны дамытуға арналған жаңа заң жобасы да мақұлданды. Заң жобасы «Кәсіпкерлік кодекс» пен «Мәдениет туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңдарға түзетулер енгізуді көздейді. Бұл өзгерістер шығармашылық саланы кешенді түрде дамытуға, құқықтық негізін айқындауға және мемлекеттік қолдауды жетілдіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар төменгі палата депутаттары Сенаттан қайтып келген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына енгізген түзетулермен келісіп, фонограмманы пайдалануды шектейтін заңды қабылдады.
Ал ЛГБТ-ны насихаттауды тыйым салу бойынша норманың авторы ретінде депутат Еділ Жаңбыршин сөз сұрады. Депутат бұл мәселенің бес жылдан бері қызу талқыланып келе жатқанын айтып, Мәжілісте мінберінен қаншама рет депутаттық сауал жолданып, мәселе бүге-шігесіне дейін талқыланғанына тоқталды.
– Бұл қасиетсіз топ қасиетті киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Ұлттық фольклорымызда гомосексуализм бар деп тұтас халыққа жала жапты. Тіпті мектептерге барып, ашық әрі заңсыз үгіт-насихат жүргізді. Ең сорақысы, олар әлеуметтік желілер арқылы жыныс мүшелерін, сексуалдық қарым-қатынастарын ашық жариялап қана қоймай, қоғамды азғындыққа үндеп, кең ауқымда насихаттау жұмысын жүргізіп жатыр, – деген Е.Жаңбыршин бүгінге дейін ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған әсірефеминистік, ЛГБТ қауымдастығы арнайы, жоспарлы түрде шетелден миллиондаған доллармен қаржыландырылып отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ ол ЛГБТ-ны насихаттауды заңмен шектеу бойынша қабылдап жатқан нормалар кейбір халықаралық ұйымдар мен белсенділер айтып жүргендей ешқандай адам құқығын шектеуге бағытталмағанын жеткізді.
– Керісінше, бұл нормалар дәстүрлі отбасылық институтты бұзудан және балалар мен жасөспірімдерді бүлдіргі идеологиялардан қорғап, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауға, халқымыздың рухани иммунитетін нығайтуға септігін тигізеді. Осы ретте бір мәселені ескерткім келеді. Бұл – «Өз ережеңмен өзгенің үйіне барма» деген әлем халқына тән қағидат. Дербес мемлекеттің ішкі ісіне араласуға, ең бастысы оның ұлттық заңдарына қысым көрсетуге ешқандай ұйымның құқығы жоқ, – деген Е.Жаңбыршин әріптестерін ұлттың мүддесін қорғауға бағытталған нормалардың енгізілуін барынша қолдауға шақырды.
Бұдан бөлек, Мәжіліс пайдалы қазба кенішін барлауға өтініш беру тәртібін оңтайландыратын заң жобасын мақұлдады. Құжатты таныстырған Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Иран Шарханның айтуынша, кен бар деп болжанған учаскені барлауға өтінім беру үдерісі қысқартылмақ. Қазір «бірінші өтінім» қағидаты бар болғанымен, зерттеу рұқсатын беру екі кезеңде жүзеге асады. Сондай-ақ ол заң жобасы қатты пайдалы қазбаны тәжірибе үшін өндіреміз деген сылтаумен жасырын игеруге тыйым салатынын айтты.