Жобаны жас ғалым Нұрсұлтан Томпиевтің жетекшілігімен «Қазаэронавигация» РМК мамандары – М.Асылханов, А.Ахметбаев, А.Аққұлов бірлесіп әзірленген. «Жасыл дәліздер» деп аталатын жоба – халықаралық жүк рейстерінде тұрақты авиациялық отынды (SAF) пайдалануға әуе тасымалдаушыларды экономикалық тұрғыдан ынталандыруға арналған әлемдегі алғашқы жүйе. Бұл бастама тұрақты авиациялық отынды қолданатын авиакомпанияларға аэронавигациялық алымдарды төмендетуді, экологиялық отын көлемін анықтауға арналған «Book & Claim» механизмін пайдалануды, CO₂ шығарындылары мен конденсациялық іздердің әсерін ғылыми модельдеуді, сондай-ақ 2026 жылы қанатқақты жобаны іске қосып, кейіннен кеңейтуді көздейді.
Аталған марапатқа «Академиялық ұйымдар – магистратура және докторантура» аталымы бойынша ұсынылған. Байқауға 52 елден 84 жоба мен 194 қатысушы қатысқан. Нәтижесінде, отандық жоба Германия мен АҚШ-тың бастамаларына ғана жол беріп, тұрақты авиация саласындағы ұлттық ғылым мен инновацияның жоғары деңгейін дәлелдей келе, үшінші орынды иеленді.
«ИКАО деңгейінде мойындалу – командамыздың еңбегіне берілген баға ғана емес, сонымен қатар еліміздің әуе кеңістігін Еуропа мен Азия арасындағы «жасыл авиациялық көпірге» айналдыру жолындағы маңызды қадам. Мұнда экология мен экономика біртұтас үлгіде жұмыс істейді. Бұл марапат – тек жеке жетістік емес, жүйелі ғылыми көзқарас пен жаңаша ойлау бүкіл саланы жаһандық деңгейде өзгертетінін дәлелдейтін белгі. Біз елімізде туындаған идеялар әлемдік үздік жобалармен бәсекелесетінін және тұрақты авиацияның жаңа бағыттарын айқындай алатынын көрсеттік», деді жоба жетекшісі Н.Томпиев.
Оның айтуынша, экологиялық тұрғыдан алғанда жоба SAF қолданылатын рейстерде көмірқышқыл газының 70-80%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Экономикалық жағынан бұл еліміздің әуе кеңістігінің транзиттік авиатасымалдаушыларға тиімді, ал имидждік тұрғыдан елдің тұрақты авиация саласындағы жаңашыл қатысушы ретіндегі беделін биіктетеді.
«Sheikh Mohammed Bin Rashid Al Maktoum Global Aviation Award» – авиациялық инновациялар, тұрақты даму және цифрлық трансформация саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерді дамыту мақсатында берілетін халықаралық марапат.