Өнер • Бүгін, 08:33

Ұрыс даласының аспаны...

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сурет айналасында жүргендердің көбі Ерболат Төлепбайдың тосын картиналары туралы сөйлегенде, Еуропаға еркіндеп есік ашқанын, атақты Сальвадор Далидің ізбасары екенін, реализмнің басынан аттап өтіп, сюрреализмге жол салып, одан да әрі ілгерілеп, постсюреализмге аяқ басып, еркін көсілгенін айтады. Дұрыс қой. Сөйте тұра біз оның әлгіндей измдер мен ағымдардың ауылына ат шалдырып қана қоймай, туған топырағына қайтып, өзінің сары даласының қайнарынан құнар алған қазақы мәнерін де айтқымыз келеді.

Ұрыс даласының аспаны...

Жаһанды аралап 40-тан ас­там халық­аралық көрме өт­кізгенін, картиналары аса қым­бат бағаланғанын, еңбектеріне ең атақты тұлғалар «құда түс­ке­нін», әлемдік сурет­ өнерінің жау­һарларын бойына қанша сіңірсе де, өзгелерге өзінің қа­зақы мәнерін танытумен келе жат­қанын неге айтпасқа? Қазақ болғаным үшін емес, дүниенің астары мен жаратылыс уіліне үңілу үшін дегенім дұрысырақ шығар. Ерболат Төлепбай есіміне «табыну» үшін емес, туындыларынан ғибратлану үшін.

Қош, сонымен, еліміздегі бәлкім, әлемдегі ең атақты сурет­ші­лердің бірі ғана емес, бірегейі саналатын автордың жетпіс жас мерейтойына орай жуырда Ұлттық музейде жеке көрмесі өткенде мұндай ғаламатты тұң­ғыш тани бастадық. Оған дейін де қаншама картинасын көр­генбіз, тамашалағанбыз. Атақты «Аңырақай» шайқасын да. Бұл жолы суретшінің «Аңырақайын» Ұлттық музейдің үшінші қаба­тындағы енді һәм еңселі қабырғаға тұтасымен жайып жіберіпті. «Мәссаған!» дедік. Шынында, қай жықпылы мен тұтқиылына, қиыры мен шалғайына, айбыны мен айдынына қарарымызды білмей аңырып тұрып қалдық. Мұндай да «сұмдық» болады екен-ау. Алып полотноның өзі тұтас романға пара-пар екен ғой. Роман-эпопея тәрізді! Жалпы, картинаның мағынасынан бөлек оның ықпылы мен жықпылы, қым-қиғаш қақтығыстағы бі­рін-бірі тірідей жеп жатқан әс­кер­дің әрқайсысының образына жеке-жеке тоқталып жазуға тұрарлық. Бірін-бірі шаншып,­ жаншып жатқандарды емес, айқас үстіндегі ыза мен кектің көрінісі әр тұсынан сурет деміндей санаға тұтас көшіп, жұлын-тұтаңды шымырлатып жібереді. Оң қанаттағы қазақ әскерінің басымдығы мен сол қанаттағы қарсыластар аяғының аспаннан келуге шақ қалғаны да өз алдына жеке әңгіме ғой. Ол, сөз жоқ, зор әңгіме. Алайда біздің сана-сезім мен түйсікті қозғаған ұрыс аспанына көтерілген қасиетті һәм қасиетсіз сезімдер еді. Суреткер не ғаламаттың бәрін айқастағы қырып-жою арқылы емес, қырғындағы кекке тұнған сезімдер, бәлкім көріне бермейтін, бірақ қабылданатын ерекшелік арқылы сезіндіре алғанымен құдіретті. Арғы беттегі аяқ-қолы балғадай арғымақ бос маңып барады. Мен білсем, тұл­ кетіп барады ол. Таңбасы жоқ, ені жоқ, батыры жоқ, ері жоқ.­ Анандай күлгін-сары, көк-жа­сыл аспанның астында бі­рін-бірі қидалап жатқан екі жақ­тың­ әскерлерінің үстінде жал­ғыз арғымақ тұлан тұтып, тұл көрінеді. Қазақ иесі дүние салған батырдың арғымағын тұл­дап жібереді және оған еш­кім тиіспейді дала заңында. Баты­ры мен ері түгілі, басы жоқ жануар­дың. Ал не деуге болады? Шексіз қасіреттің тілін бұдан артық қалай кескіндер едіңіз, білмеймін.

Әлгіндей түсі қашқан түр­ші­герлік аспанда... Ол аспан емес, Алла-ау, осыншама кескі­лес­кен кек пен ыза кернеп кет­кен зауал сынды. Бірақ оң қап­тал бозарып келеді, сонда да алаулап кете алмаған, хан-сұл­тандар найзасының қылаң тартып тұрғанынан жеңістің десін сеземіз дегенімізбен, бір-біріне шағылысып, шатынап, ақырында аспанды өзгертіп жіберген жауыз сезім мен қанкешті рухты қайда қоямыз? Ондай тағылықпен адамзат мына жердің беті тұр­мақ, аспанды қақыратып, зауал төндіреді екен-ау деп тоқтап қоя салуға, әлдебір ізгілік туралы өлең оқып кеткің келеді-ақ. Оған суреттегі сұмдықтар жібермейді. Жүйкеңді босатпайды. Тағы да ойланасың. Осыншама қанды-қыр­ғын, қасап пен қырып-жою не үшін өзі деген сұрақ туады. Мұ­ның да жауабы осында тұр. Ұрыс аспанынан көрініс берген ақ жау­лықты ана мен бейкүнә бала бей­не­сі. Хан-сұлтаннан бастап батыр мен қорқақтардың тірісі мен өлі­сінің кеудесінен шыққан дем, сез­ім, рух – бәрі жабылып, екі құ­бы­лыс­ты төбесіне тұтқанында мән бар.

«Қара қазан, сары бала баланың қамы үшін қылыш сермедік» демеуші ме еді, Махамбет. Ұшы-қиыры жоқ полотноға анықтап қарасаңыз, ана мен баланы майдан аспанының қақ ортасына көтеріпті. Басында бұлт та, құт та жоқ, айналасы ептеп бозаң тартқан. Екеуін де белгісіз бір құбылыс сақтап тұрғанға ұқсайды. Себебі шұқшиған сайын бояулардың шайқасы жердегі әскер арасынан гөрі көкке ілінген ана мен баланың арқасында өтіп жатқанын аңғарамыз... Мән беріп қараңызшы, бояу, яки, түстердің біркелкі емес біртүрлі, секем мен шүбәға себепкерлігінен соң сөйлеудің де қажеті жоқ сияқты. Шешуші шайқас та, шешім де сол, біздіңше. Ал бала алаңсыз, тіпті төмендегі айқасты керек те қылмайды. Қолын аузына салған күйі болашаққа көз тігіп тұрғандай. Ананың көңілі алаңдаулы екені көз-қабағынан байқалады. Бала тұттай жалаңаш. Жайшылықта ізгілік деп ұран көтеретін адамзаттың әлегі анау. Бір-бірін тірідей көрге тығып жатқан. «Адам үшін батысып қызыл қанға» деген ұлы Абайды еске түсірерін айтқымыз келеді. Одан әрі ежіктеу – артық.

Соңғы жаңалықтар

Ғаламшарлықтар орнатқан имплант

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

Арал теңізіндегі құпия

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:28

Ғарыштағы қаралы күн

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:25

Торғайдың таңдаулы сәукелесі

Жәдігер • Бүгін, 09:22