«Freedom Broker» қаржылық талдау департаментінің директоры Ерлан Әбдікәрімовтің айтуынша, жасанды интеллект инвестициялық саладағы сарапшыларды толық алмастыра алмайды. Оның пікірінше, қор нарығы – шешімдерді толығымен алгоритмдерге жүктеуге келмейтін күрделі жүйе. Себебі ол қатысушылардың эмоциясы мен әрекетіне тікелей тәуелді әрі рефлексивті сипатқа ие: инвесторлардың шешімі нарықтың бағытына тікелей әсер етеді. Сарапшы ЖИ-дің есептерді өңдеу мен деректерді жинақтап ұсыну сияқты стандартты үдерістерді автоматтандыруда тиімді құрал екенін мойындай отырып, ірі инвестициялық қоржындарды басқару ісінде адам факторы әлі де шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Клиенттер алгоритмнің ғана емес, нақты маманның кәсіби көзқарасын да көргісі келеді.
«Фридом Банк Қазақстан» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұловтың айтуынша, ІТ-саласының отандық нарықпен интеграциялану үдерісі баяғыда басталып кеткен. Бұл сегменттің қозғаушы күші – инвестиция. Сарапшы бәсекелестікті қолдайтынын әрі заманауи технологияларды уақытында меңгеріп, тиімді қолданғандар ғана нарықта жеңіске жететінін айтты.
Айдос Жұмағұловтың пікірінше, нарыққа жаңа ойыншылар жылдам қосылып жатыр. Мұндай қарқынның өзінде ең жаңа технологияның өзі интеграцияның шапшаңдығына ілесе алмай қалатын жағдайлар жиілеген. Сондықтан бүгін қандай стратегия басымдыққа ие болатынын нақты болжау қиын. Бірақ өзгерістерге дер кезінде бейімделіп, бағытын жылдам түзегендер ғана бұл үдерістен ұтатыны сөзсіз.
А.Жұмағұлов «7-20-25» мемлекеттік бағдарлама аясындағы цифрлық ипотеканы мысалға келтірді. Небәрі үш апта ішінде банк осы сегменттегі нарықтың 30%-ын иелене алды. «Қағаз құжаттары, қашықтықтағы KYC, деректер базасы және скоринг жоқ кезде цифрландыруға көшудің арқасында ұйым кредит беру мерзімін 30-60 күннен бір тәулікке дейін қысқарта алды. Мысалы, «Freedom Bank»-тегі жылжымайтын мүлікті бағалау бар-жоғы бір секундқа созылады», деді сарапшы.
Ипотекалық несиелеудегі табысты тәжірибе цифрлық автонесие мен шағын және орта бизнесті қаржыландыру сияқты өнімдерді одан әрі дамытуға негіз болды. Бұл үдерісте скоринг жүйесіндегі жасанды интеллект пен заманауи технологиялар негізгі құралға айналып отыр.
«Алгоритмдер клиенттің сенімділігін бағалауда дәстүрлі тәсілдерді толық алмастыра алады», деді А.Жұмағұлов.
Расында, заманауи экожүйе – пайдаланушыларға бір алаңда түрлі қызметті ұсынатын ғана емес, сондай-ақ жаңа технологиялармен жабдықталған ыңғайлы инфрақұрылым. Өткен жылы «Freedom Bank» жан-жақты қызмет көрсететін «Freedom SuperApp» мобильді қосымшасын іске қосты. Бұл платформа бір мезгілде «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін бірыңғай алаңға, холдинг өнімдерін біріктіруге, сонымен қатар клиентпен өзара әрекеттестіктің жаңа кезеңіне жол ашатын трамплинге айналды. Қаңтарда «Freedom Bank» айтарлықтай өсім көрсетіп, SuperApp арқылы 800 мыңнан астам клиентті тартты. А.Жұмағұловтың айтуынша, бір тәулікте жүктеу саны 73 мыңға дейін жеткен.
«Freedom Finance Insurance» басқарма төрағасы Азамат Керімбаевтың айтуынша, жасанды интеллект технологияларын енгізу компанияның колл-орталығы жұмысын оңтайландырып, қоңыраулар ағынын тиімді басқаруға мүмкіндік берген. Бастапқыда бұл бөлімде 35 қызметкер жұмыс істеп, компанияның нарықтағы үлесі 10 пайыз шамасында болған. Алайда бизнес ауқымының кеңеюіне байланысты ай сайынғы қоңырау саны 65 мыңға дейін артқан.
Сонымен қатар компания жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы тұтынушылар сұранысын тиімді реттеуге көшкен. ЖИ бірнеше сағат ішінде мыңдаған аудиожазбаны саралап, өтініштердің негізгі үш себебін анықтаған: полис рәсімдеу, оны қайта рәсімдеу (мысалы, көлік немесе жүргізуші қосу), сақтандыру төлемінің мәртебесін нақтылау. Осы деректер негізінде компания автоматты түрде жауап беретін дауыстық көмекшіні іске қосқан.
«Алғашқы үш айда оператор қабылдайтын қоңырау көлемін 25 пайызға қысқарттық. Енді клиенттердің көпшілігі бот арқылы қажетті ақпаратты алады, ал колл-орталық мамандары күрделі сұраныстармен айналысады», деді А.Керімбаев.
Оның айтуынша, бұл бағытты жетілдіру жалғасады. Алдағы уақытта компания тұтынушылық өтініштердің жартысынан көбін жасанды интеллект көмегімен өңдеуді көздеп отыр.
АЛМАТЫ