Жиынның күн тәртібінде екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су-энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Қазақстан Президенті қонақжайлығы үшін Президент Шавкат Мирзиеевке ризашылығын білдіріп, сапарының басты мақсаты – қос халықтың достығын нығайтып, тату көршілік байланыстарын күшейту, сондай-ақ түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастықты дамыту екенін атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанда халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамалар қолға алынғанын айтып өтті. «Өзбекстан – біз үшін туыстас, ағайын ел, тату көрші әрі сенімді серіктес. Қос ел арасындағы достықтың тамыры терең, халықтарымыздың рухани құндылықтары ортақ деуге болады. Қазақ-өзбек қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатыр», деді Қазақстан Президенті.
Халықаралық ахуал аумалы-төкпелі кезеңде сан қырлы ықпалдастықтың даму қарқынын арттыру қажет екенін атап өткен Мемлекет басшысы екі ел арасында жалпы сомасы бір жарым миллиард доллардан (1,7 млрд доллар) асатын 78 бірлескен жоба барын мәлім етті. Оның аясында 15 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. «Аталған жобалар толық іске асса, экономикалық және инвестициялық ықпалдастығымыз айтарлықтай күшейеді. Бүгін біз олардың бір парасын іске қосамыз. Қазақстанның Өзбекстанға салатын инвестициясын одан әрі ынталандыруға ниеттіміз. Бұл ретте өзбек достарымыздан әдеттегідей қолдау күтеміз. Құрылысы жүріп жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы индустриялық қуатымызды одан әрі арттыруда маңызды рөл атқарады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент қарапайым саудадан гөрі ет, бидай, майлы дақылдарды өңдеудің толық өндірістік тізбесін қалыптастыруды, мал шаруашылығы мен органикалық егін шаруашылығын бірге дамытуды ұсынды. Өзара ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалануды құптайтынын жеткізді. Ең әуелі, сауда-экономика саласына ерекше мән беру керектігін атап өтті. «Сауда-саттықты дамыту үшін өсімнің тың мүмкіндіктерін іздеу, тауарлар номенклатурасын кеңейту және шикізаттық емес экспортты ынталандыру шараларын қабылдау қажет. Осы орайда Өзара тауар айналымын арттыру бағдарламасын сапалы жүзеге асыру маңызды. Бүгін құрылатын Өңір басшылары кеңесін, сондай-ақ Іскерлік кеңес пен «UzKazTrade» бірлескен сауда компаниясы секілді басқа да екіжақты механизмдердің жұмысынан нақты нәтиже күтеміз», деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылатын Жұмыс тобынан барлық аспектіні мұқият зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға қатысты ұсыныс беруді сұрады.
ТАШКЕНТ