Мәдениет • Кеше

«Түрік ғажаптары» Ақтауға келді

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының гранттық тапсырысымен Түркия мемлекетінде бір айға жуық шығармашылық сапарда болған суретшілердің арт-экспедициясы аясында «Түрік ғажаптары» атты сурет көрмесі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Түрік ғажаптары» Ақтауға келді

Көрмеде экспедиция қатысушылары Түркия аумағында жазылған туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Сапар барысында суретшілер елдің табиғаты мен тарихи орындарын этюд жанрында бейнелеп, кәсіби шеберліктерін арттырды.

«Биыл өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы 4 гранттық жобаны жүзеге асырып жатыр. Сол жобалардың ішінде ерекшеленетіні – «Түрік ғажаптары» суретшілер арт-экспедициясы. Бұған дейін бұл жоба Қырғызстан мен Өзбекстан аумағында өткен болатын. Бұл экспедиция суретшілердің өнерге, туған ел мен жерге деген құрметі мен сүйіспеншілігінің арқасында тұрақты түрде іске асып келеді. «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» атанған мерейлі жыл аясында біз қырғыз әріптестерімізбен келісіп, Түркияға мәдени іссапар ұйымдастырдық. Сол сапарда жасалған жұмыстың нәтижесінде бүгін осындай әсем, көз сүйсіндірер туындыларды тамашалап отырмыз. Бұл жобада суретшілердің еңбегі ерекше. Оларға алғыс білдіреміз», деді Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Нұртас Сали.

Арт экспедиция жетекшісі Тынышбек Балтабаев бұл сапардың мәдени маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде жобаның Маңғыстау өңіріндегі Отпан тауда басталғанын және оның мәдениет пен өркениетті насихаттауды мақсат еткенін жеткізді.

«Алғашқы жобамыз Қазақстандағы Маңғыстау өңіріндегі Отпан таудан басталды. Кейін Өзбекстанның Ташкент қаласында бір күндік бағдарлама жүзеге асты. Экспедицияның мақсаты – еліміздің мәдениеті мен өркениетін насихаттау, этюд жанрын дамыту, түрлі ұлттар арасындағы достықты нығайту және жас суретшілерге үлгі болу. Бұл сапар барысында Қырғызстаннан 2, Маңғыстаудан 4 суретші қатысып, нәтижесінде 60-70 жуық шығарма дүниеге келді», деді арт экспедиция жетекшісі Тынышбек Балтабаев.