Валентина Васильевна бар шаруасына мейлінше мұқият, еңбекқор адам. Осы адал еңбегінің арқасында әріптестерінің арасында шынайы құрмет пен беделге ие. Малсақ жанның еңбегінің арқасында бірнеше жыл бойы бұзаулары шетінеген емес. Әр сауын сиырдан 176 978 келі сүт сауып, көш бастап келеді. Еңбегі де еленбей қалған емес, 2023 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2022 жылы аудандағы «Үздік бұзаушы» аталымы бойынша аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
– Серіктестікте табан аудармастан жиырма жыл бойы жұмыс істеп келемін. Рас, сауыншы болу оңай емес. «Сиырдың сүті тілінде» деген сөз бар. Зер салып ойлап қарасаңыз, шынында да солай. Әрине, ірі қараның тұқымы әсер ететін де болар, дегенмен, баққан малыңның игілігін көру үшін жан аямай жұмыс істеу керек, – дейді Валентина Городова, – қазір жылдар бойы жинаған тәжірибемді жастарға үйретіп жүрмін. Ырыс ұмтылғанға үйіріледі. Кез келген мамандық қадірлі. Бозала таңнан тұрып, сиыр сауып, адал еңбек ететін адамдардың атқарған жұмысы еленуі қанат бітіреді. Егер дәл осындай көзқарас болса ауыл жастары да бұл мамандықты құрметті санап, жұмыс істер еді. «Белағаш» серіктестігі аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі. Бұл жерде бізге барлық жағдай жасалып отыр.
Сауыншы өзіне жүктелген міндетті мейлінше жауапкершілікпен атқарады. Бәлкім, табыс сыры да осында жатқан шығар. Ортақ іске жан-тәнімен берілуі бүгінде балбармақ сауыншыны үшпаққа шығарып отыр. Өндірістік міндеттерді мүлтіксіз әрі табысты орындап, тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін табандылық керек екендігі белгілі. «Малдың жайын баққан біледі» дегендей, күнделікті жұмысын тап-тұйнақтай етіп атқаратының арқасында ырыздық молшылығын жасап, төлін аман өсіріп, озаттар қатарына қосылумен бірге, отбасында да үлгілі жан. Ауылдастары бақытын еңбектен тапқан адамға зор құрметпен қарайды.
– Осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атап, қарапайым адамдардың адал еңбегіне көңіл аудару ел болашағын ойлаған көрегендіктен туындап отыр, – дейді сауыншы, – еселі еңбек ел назарынан тыс қалмай, әркім өзінің бағасын алатын болса, жастар да еңбектің қадірін білер еді.
Жақсы ауданы,
Ақмола облысы