Саясат • Бүгін, 08:55

Қазақстан – Өзбекстан: Өркендеу жолындағы стратегиялық серіктес, сенімді одақтас

10 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Респуб­ликасына мемлекеттік сапары­ның екінші күні Ташкенттегі «Көксарай» резиденциясында екі ел Президенттерінің келіссөзінен басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Ташкентке мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және дәстүрлі қонақ­жайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірді.

Қазақстан – Өзбекстан: Өркендеу жолындағы стратегиялық серіктес, сенімді одақтас

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Достық – баға жетпес байлық

Ұшақ трапынан түскен бойда қарсы алып, кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өзбек­станның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Олий Даражали Дўстлик» («Жоғары дәрежелі достық») орденін табыс­­тауы Шавкат Мирзиёевтің, өзбек елі­нің ай­рықша құрметін аңғартты. Бұл мара­­патты жеке өзіне ғана емес, тұтас Қазақ­­стан хал­қына көрсетілген шексіз құрмет­тің белгісі ретінде қабыл алғанын Қасым-Жомарт Тоқаев награданы табыстау салтана­тын­да айтты. Сонымен қатар өзбек көш­бас­шысы­ның екі ел арасындағы достық пен тату көр­шілік байланысты нығайтуға қосқан үлесін айрықша бағалайтынын жеткізді.

– Бұл жоғары награда достық, бей­бітші­лік және құрмет секілді қазақстан­дық­тардың жанына жақын құнды­лықтарды әрі сонымен үндес өзбек халқының рухын айшықтайды. Орденнің атауы елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың мазмұ­нын дәлме-дәл сипаттайды. Қазақстан мен Өзбек­­станның достығы – баға жетпес бай­лы­ғымыз. Біз оны көзіміздің қарашығын­­­­дай сақтап, бауырлас халықтардың игілігі үшін өр­кендетеміз. Бірлескен қажыр-қай­рат­тың арқасында қазақ-өзбек стратегия­­лық серіктестігі мен одақтастығын ұдайы жаңа мазмұнмен байыта береміз деп сенемін. Ұлы Абай мен Науаи достықтың озық үлгісін дәріптеп, өзара сенім халықтардың татулығын нығайтатынын, бір-біріне құрмет оны шыңдай түсетінін насихат етті. Осы өсиетке сүйеніп, Өзбекстанмен бауырластық одақты нығайтуға баса мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Ал Өзбекстан Президенті Қазақстан­ның әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетіс­тіктері мен елдің халықаралық арена­дағы табыстары Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімі­мен тікелей байланысты екеніне тоқталды.

– Осындай салтанатты рәсімде Сізге, еліміздің шын жанашырына Өзбекстан­ның жоғары мемлекеттік наградасы  жоғары дәрежелі «Дустлик» орденін табыстау – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – көпұлт­ты Өзбекстан халқының Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің ерен еңбегіне көрсет­кен құрметі мен шынайы бағасы. Біздің еліміз Сізді бүкіл әлем білетін көрнек­ті мемлекет және сая­си қайраткер ретінде жақсы таниды. Сіздің парасатты басшы­лығыңызбен Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформалар жүр­гізі­ліп жатыр. Барлық салада жарқын жетіс­тіктер бар. Қазақстандықтардың әл-ауқаты тұрақты түрде артып келеді. Ең бастысы, халқыңыздың ертеңге деген сенімі зор. Біз жақын дос әрі көрші ретінде Қазақстанның табысына шын жүректен қуанамыз, – деді Шавкат Мирзиёев.

 

Игілік жолындағы сан қырлы байланыс

Көксарайдағы кездесу барысында мемлекет­ басшылары қазақ-өзбек стра­те­гия­лық серіктестігі мен одақтасты­ғын одан әрі дамыту келешегін егжей-тег­жей талқылады. Сауда, өнеркәсіп коопера­циясы, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары секілді басым бағыттардағы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін қарастырды. Өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

1

Қазақстан мен Өзбекстан президент­тері қатысқан Жоғары мемлекетаралық кеңес­тің екінші отырысында Мемлекет басшысы сапарының басты мақсаты қос халықтың достығын нығайтып, тату көршілік байланысын күшейту, сондай-ақ түрлі саладағы өзара тиімді ықпал­дастықты дамыту екенін атап өтті.

Халықаралық ахуал аумалы-төкпелі кезеңде сан қырлы ықпалдастықтың даму қарқынын арттыру қажет екеніне тоқталған Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен келіссөз барысында сая­си және экономикалық байланыстарды жандандыра түсетін жаңа бағыттар айқындалғанын жеткізді. Ең әуелі, сауда-экономика саласына ерекше мән беру, ол үшін өсімнің тың мүмкіндіктерін іздеу, тауарлар номенклатурасын кеңейту және шикізаттық емес экспортты ынталандыру шараларын қабылдау қажет.

– Осы орайда өзара тауар айна­лы­мын арттыру бағдарламасын сапалы жүзе­ге асыру маңызды. Бүгін құрыла­тын Өңір басшылары кеңесін, сондай-ақ Іскерлік кеңес пен «UzKazTrade» бірлескен сауда компаниясы секілді басқа да екіжақты механизмдердің жұмы­сынан нақты нәтиже күтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың да әлеуеті зор. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым саудадан гөрі ет, бидай, майлы дақылдарды өңдеудің толық өндірістік тізбесін қалыптастыруды, мал шаруашылығы мен органикалық егін шаруашылығын бірге дамытуды ұсынды. Өнеркәсіп кооперациясына үлкен үміт артатынын айтты.

– Қазіргі кезде жалпы сомасы 1,5 млрд доллардан (1,7 млрд доллар) асатын 78 бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 15 мыңнан аса жұмыс орнын ашу көзделген. Аталған жобалар толық іске асса, экономикалық және инвес­тициялық ықпалдастығымыз айтар­лықтай күшейеді. Бүгін олардың бір парасын іске қосамыз. Қазақстанның Өзбекстанға салатын инвестициясын одан әрі ынталандыруға ниеттіміз. Бұл ретте өзбек достарымыздан әдеттегідей қолдау күтеміз. Құрылысы жүріп жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы индустриялық қуатымызды одан әрі арттыруда маңызды рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты кеңей­тудің стратегиялық сипатына тоқтал­ды. Атап айтқанда, тарифтерді оңтай­лан­дыру, әкімшілік кедергілерді азайту шара­лары қабылданып, шекара маңы инфрақұ­рылымын дамыту және өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары қолға алынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел үкімет­тері логистикалық тізбектің бар­лық қаты­су­шысына оңтайлы жағ­дай туғызып, инфра­құ­рылымдық, норма­тивтік және инс­титуционалдық міндеттерді шешуі қажет деп санайды. Бұдан бөлек, Транскаспий халықаралық көлік бағ­дарын, Солтүстік – Оңтүстік дәлізін, сон­дай-ақ Ауғанстан арқылы теміржол бағы­­тын дамыту аясын­дағы тиімді ықпал­дас­тық­ты жалғастыру өзекті. Қазақстан Прези­денті өзбек тарапын Транскас­пий халық­аралық көлік бағытын бірге өркен­дету үшін Ақтау және Құрық порт­тары бойынша серіктестік құрып, логис­ти­калық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Су-энергетика саласындағы конструк­тивті ынтымақтастық аса маңызды. Өйткені трансшекаралық өзендердің су ресурсын тиімді пайдалану – екі елдің тұрақты алға ілгерілеуіне ықпал ететін басты факторлардың бірі. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтеріне су шаруашылығы саясатындағы тәсілдерді үйлестіру үшін жүйелі шаралар әзірлеуді ұсынды.

Мемлекет басшысы жасанды интеллек­тіні дамыту мәселесіне айрықша назар аударды.

2

– Қазақстанда мемлекеттік басқару­дың тиімділігін және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатын­да мемлек­ет­тік қызметтерді цифр­лан­дыруға, IT технологияларды дамытуға баса мән беріледі. «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды, осы саладағы зерттеу университетінің негізі қалануда, ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. Жалпы, Қазақстанды цифр­лық елге айналдыру міндеті қойыл­ды. Өзбекстан да цифрландыруға және жа­санды интеллект технологиясын дамы­туға бағыт алғанын білеміз. Аталған салада бірқатар жетістікке қол жет­кізді. Өзбек компания­ларын тығыз ынты­мақтастық орнатып, осынау келе­шегі зор салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз. «Astana Hub» пен «IT Park Uzbekistan» арасындағы ынтымақтастық осындай табысты синер­гияға мысал бола алады, – деді Президент.

Екі ел арасындағы мәдени-гума­нитарлық байланыстардың өрісі кеңейе бастады. Бұл ретте Прези­дент мәдениет күндерін өткізу, шығар­машылық интеллигенция, жастар арасында белсенді диалог қалыптастыру, көрнекті тұлғаларға ескерткіш орнату, сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәсе­лелерін қозғады. Қол жеткізілген уағдалас­тықтар қос халықтың игілігі жолында сан қырлы байланыстарды одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

Ал Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде Жоғары мемлекетаралық кеңес маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

– Біздің қарым-қатынасымыз страте­гиялық серіктестік пен одақтастықтың жоғары деңгейіне көтерілді. Оның негізінде берік сенім, бауырлас халықтарымыздың арасындағы тату көршілік және шынайы достық жатыр. Былтыр құрылған Жоғары мем­лекетаралық кеңес өзектілігі мен тиімділігін көрсетті. Бүгін екінші отырыста өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын және зор әлеуетіміздің тың мүмкіндігін танытудың жолдарын жан-жақты талқылаймыз. Сан қырлы серіктестігімізді кеңейтуге айтарлықтай серпін беретін шешімдер қабылдаймыз. Қазіргі алмағайып кезеңде елдеріміздің және тұтас аймақтың экономикалық конъюнктурасына оң әсер ететін тығыз және проактивті ықпалдастық ерекше мәнге ие, – деді Шавкат Мирзиёев.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бейнебайланыс арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларын іске қосу рәсіміне қатысты. Тараптар өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 млрд доллар болатын 7 жоба әзірлеген.

Мемлекет басшылары символи­калық түймені басып, бірнеше жобаны бастап берді. Атап айтқанда, Сырдария және Түркістан облыстарында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы, Ташкентте «Tenge Bank» бас кеңсесі қызметіне кірісті. Ташкент облысында көпбейінді логис­тика орталығының, Жаңа Ташкентте «Астана» тұрғын үй орамының және «Астана» қонақүйінің, Қашқадария облысында алкилбензол өндіретін мұнай-газ химиясы кешенінің, ал елордамызда «Ташкент» қонақүйінің құрылысы бас­талды.

 

Бірлескен мәлімдеме

Президенттер келіссөздердің және Қазақстан мен Өзбекстан Жоғары мем­лекет­аралық кеңесі екінші отырысы­ның қорытын­дысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

м

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев келесі құжаттарға қол қойды:

  1. Жоғары мемлекетаралық кеңестің Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы өңірлері басшыларының кеңесін құру туралы шешімі;
  2. Жоғары мемлекетаралық кеңестің геология және сирек кездесетін металдар өндіру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешімі;
  3. Жоғары мемлекетаралық кеңестің трансшекаралық өзендердің су деңгейін болжау бойынша екіжақты жұмыс тобын құру туралы шешімі;

Сондай-ақ мемлекет басшылары­ның қатысуымен мынадай үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті:

  1. Қазақстан Республикасы Үкіметі және Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының азаматтық мақсаттағы жерүсті радио қызметтері пайдаланатын радиожиілік иеленімдерін шекара маңы аймақтарында үйлестіру туралы келісім;
  2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасын­дағы бірлескен әскери оқу-жаттығу­лар өткізу туралы келісім;
  3. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы келісім;
  4. Қазақстан Республикасы Үкіметі және Өзбекстан Республикасы Үкіметі ара­сында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы кеден қызмет­терінің өкілдіктерін ашу туралы келісім;
  5. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Өзбекстан Республи­касы Әділет министрлігі арасындағы ынтымақтас­тықтың 2026–2027 жылдарға арналған бағдарламасы;
  6. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Тау-кен өнеркәсібі және геология министрлігі арасындағы тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум;
  7. Бірлескен инвестициялық платформа құру туралы негіздемелік келісім;
  8. Қазақстан Республикасы Ден­сау­лық сақтау министрлігі мен Өзбек­стан Респуб­ли­касы Денсаулық сақтау министр­лігі арасындағы «Гамма-пышақ» стереотакси­­­калық радиохирургиялық емдеу техно­логия­сын қолдана отырып, мамандан­дырыл­ған медициналық көмек көрсету саласын­дағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  9. Қазақстан Республикасы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммер­ция­лық емес акционерлік қоғамы мен Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік медициналық сақтандыру қоры арасындағы мемлекеттік және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
  10. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті мен Өзбекстан Республикасы Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі Туризм комитеті арасында туризм саласындағы ынтымақтастықтың 2026–2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;
  11. Астана қаласы әкімдігі мен Ташкент қаласы хокимияты арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  12. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «ӨзбекМұнайГаз» АҚ арасындағы мұнай-газ хи­­миясы саласындағы жобаларды бір­лесіп іске асыру туралы негіздемелік келісім;
  13. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «ӨзбекМұнайГаз» АҚ арасындағы «Жарқын» барлау жобасы бойынша қағидаттар туралы келісім;
  14. «Ассамблея жастары» республи­калық қоғамдық бірлестігі мен Өзбекстан Жастар одағы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

 

Басты мақсат – қазақ-өзбек қарым-қаты­нас­ын жаңа сапалы деңгейге көтеру

Екі ел арасында жасалған келіс­сөз­дердің мән-мағынасы, бағыт-бағдары Қазақстан мен Өзбекстан президент­­тері­нің БАҚ өкілдеріне арналған брифингінде айтылды.

Мемлекет басшысы осы сапарының басты мақсаты бауырлас халықтар арасындағы достық пен тату көршілікті бекемдеу, сан қырлы ынтымақтастықтың жаңа жолдарын ашу, түптеп келгенде, қазақ-өзбек қарым-қатынастарын жаңа сапалы деңгейге көтеру екенін айтты.

– Қазақстан Президенті ретінде Өзбекстанмен көпжоспарлы ынтымақтас­тықты дамытуға басымдық беру міндетім деп санаймын. Кейбір сарапшысымақтар айтып жүргендей, Қазақстан мен Өзбекстан – бақталас та, бәсекелес те емес, керісінше, өркендеу жолында тізе қосып, қатар келе жатқан стратегиялық серіктес, сенімді одақтас. Халықтарымыз бір-бірін шынайы құрмет тұтатын жақын бауырлар, достар, – деді Президент.

п

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің екіжақты қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеруге және әлемнің Орталық Азияны достық пен бірліктің аймағы ретінде тануына үлкен үлес қосқанын атап өтті.

– Президент Мирзиёевтің қуатты басшылығымен Өзбекстан көптеген салада тамаша жетістіктерге жетті, дүниежүзіне табысты дамып келе жатқан ел ретінде танылды. Ауқымды реформалардың нәтижесі орнықты экономикалық өсімнен, халықтың әл-ауқатының артуынан, қалалардағы қарқынды өзгерістерден және қоғамның барлық бағытындағы сапалы дамудан көрінеді. Өзбекстан әлемдік аренадағы өзінің орнын нығайтып, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосты. Қазақстандықтар бауырлас өзбек халқына шынайы қолдау көрсетіп, жетістіктеріне қуанады, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелері талқыланып, елдеріміздің сан қырлы ықпалдастығын одан әрі дамытудың басымдықтары белгіленген.

– Ортақ мақсатқа қол жеткізуде екіжақты сауданың орны ерекше. Кейін­гі кезеңде екі ел арасындағы тауар айналымының жыл сайынғы көлемі тұрақты түрде 4 миллиард доллардан аса қаржыны құрайды. Бұл – үкіметтеріміздің дәйекті жұмысы мен бизнестің тікелей диалогінің нәтижесі. Дегенмен сауда-саттықты арттыруға әлі де айтарлықтай әлеует бар, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп, автокөлік шығару, құрылыс секторы, энергетика салаларында кейінгі жылдары айтарлықтай табысқа қол жеткенін атап өтіп, тараптар бұл бағыт­тағы ынтымақтастықты кезең-кезеңі­мен кеңейту жұмыстарын жалғас­тыру­ға келіскеніне тоқталды. Ауыл шаруа­шылығы саласындағы байланыс­тарды нығайту басым міндет ретінде белгіленгенін атап өтті. Бұл ретте агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар жоба, соның ішінде бидай мен ет-сүт өнімдерін өңдеу мәселелері пысықталып жатыр. Агросектордағы бірлескен жобаларға жан-жақты қолдау көрсету келісілген. Іскерлік топтар арасындағы байланыстар кеңейеді. Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 6 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Президент осы бағыттағы ынтымақтастықты арттыруға, өзбек бизнесінің өркен жаюына қолайлы жағдай жасауға қазақ елі дайын екенін айтып өтті. Бұрынғы Өңіраралық форум Өңір басшыларының кеңесі ретінде қайта құрылып, ұдайы қызмет атқарады.

Келіссөздердің бір парасы көлік-транзит саласын дамытуға арналған. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі артқанын атап өтті. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша екі ел арасында теміржолмен тасымал­ көлемі 15 пайыздан өсіп, 22 млн тонна­дан асты. Президенттер алдағы уақыт­та да бірлесе отырып, тариф сая­сатын же­тіл­діруге, жүк тасымалы шарттарын жеңіл­­детуге, шекарадағы өткізу бекет­терін жаңғыртуға және кеден жүйесін цифр­­­ландыруға келіскен. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қадамдар екі ел көлік байла­ны­­сын нығайтатынына сенімді екенін жеткізді.

Энергетика саласында маңызды жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бойынша да ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

– «Ресей – Қазақстан – Өзбекстан» газ жобасы табысты нәтиже көрсетті. Көгілдір отынды тасымалдау көлемін арттыруға қос ел ниетті. Бұдан бөлек, мұнай мен атом өнеркәсібі сала­ларын­­дағы ынтымақтастықты кеңейтудің келе­шегі зор. Тату көршілік, өзара құрмет рухында және бір-біріміздің мүддеміз­ді ескере отырып, су энергетикасы сала­сын­дағы әлеуетімізді үйлестіру қажет екенін атап өттік. Бұл бағытта сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға бейілміз. Су саласына цифрлық шешімдерді енгізу­ге, су ресурстарын есепке алу мен мони­торингілеу жүйесін бірлесе дамытуға ба­сымдық береміз. Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы ықпалдастықты күшейтудің келешегі мол. Бұл ретте елдеріміздің дербес жобалары бар. Оларды бірлесіп дамыту бүкіл Орталық Азияға мультипликативті әсер берер еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ мемлекеттер арасын­дағы орнықты және ұзақмерзімді қарым-қатынас орнатудың кепілі ретінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды терең­детуге баса мән берілді. Білім мен ғылым саласындағы бірлескен жұмыс келе­шегі, жастар арасында қарым-қатынас орнату мәселелері де талқылан­ды. Бұл бағыт­тағы айтарлықтай ілгерілеу­дің жар­қын үлгісі ретінде былтыр екі ел жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды.

– Біз университеттер арасындағы ықпалдастықты нығайтуды, академия­­лық алмасу бағдарламасын көбейтуді, бір­­лес­кен ғылыми форумдар мен тағылым­­дама өткізуді көздейміз. Қазіргі уақытта Өзбек­­станның бай мәдени-тарихи мұра­лары­­на қазақ туристерінің зор қызығу­шы­лығы байқа­лады. Былтыр олардың саны үш миллионға жетті. Бұл саланың әлеуетін аша түсу үшін үкіметтерімізге бірлес­кен туристік жобаларды дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырдық, – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұстанымдары ортақ екенін тағы да растаған. Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге баса мән берілген. Президент өңірдің орнықты дамуы бауыр­лас халықтардың түпкі мүддесіне сай келетін ортақ мақсаты екенін атап өтті. Сөз соңында Мемлекет басшысы келіссөздер қорытындысына көңілі толатынын жеткізді.

Ал Өзбекстан Президенті келіссөздер екіжақты ықпалдастықтың кең көлемді бағыттарын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл сапары екі ел арасындағы одақтастық қаты­нас­­тардың деңгейі жоғары екенін тағы да растады. Аталған сапар көпжос­парлы ынтымақтастығымыздың жаңа тарихындағы айтулы оқиғаға айналды және байланыстарымызды арттыруға тың серпін берді. Қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдер серіктестігімізді нақты мазмұнмен толықтырып, бірлескен жобалардың көкжиегін кеңейтіп, бауырлас екі елдің дамуына берік негіз қалайды, – деді Шавкат Мирзиёев.

 

Астана – Ташкент – Астана