Фото: Zakon.kz
Зерттеу деректерінше, Қазақстан азаматтарының жалпы алғанда 68,3%-ы бір палаталы Парламент идеясын оң қабылдайды. Дегенмен, қолдау деңгейі респонденттердің жынысы мен жасына қарай әртүрлі. Мәселен, ерлер арасында бұл көрсеткіш 71,1%, ал әйелдер арасында 66,1%-ды құраған. Реформаны қолдаудың ең жоғары деңгейі 18-29 аралығындағы жастар тобында байқалған (72,9%). Бұл көрсеткіш – қоғамның әлеуметтік тұрғыдан ең белсенді бөлігінің саяси жүйені жаңғыртуға қызығушылық танытып отырғанын айқын көрсетеді.
Пропорционалды сайлау жүйесіне көшу мәселесіне келсек, сауалнамаға қатысқандардың 63,6%-ы бұл бастаманы қолдайды. Қолдау деңгейі әйелдерге қарағанда (62,2%) ерлер арасында салыстырмалы түрде аздап жоғары – 65,4%. Сондай-ақ, бұл пікірге әсіресе жастар тобы айрықша қолдау көрсетіп отыр: 18-29 жас аралығындағы респонденттердің 71%-ы Парламентті тек партиялық тізімдер бойынша қалыптастыруды оң бағалайды.
Маңызды рөл атқаратын тағы бір фактор – Бір палаталы Парламентке көшуге ең жоғары қолдауды ғылыми дәрежесі бар азаматтар (75,4%), жоғары білімділер (71,7%) көрсетіп отыр. Сол сияқты, пропорционалды жүйенің жақтаушылары да көбінесе жоғары білімді респонденттер (67,5%), бұл саяси жүйені жаңғырту құралы ретінде партиялық өкілдік тетіктерін білімді халық топтарының қарастыру үрдісін растайды.
Тағы бір айта кететін жайт, ауылдық жерлерде тұратындар жалпы қалалықтармен салыстырғанда парламент реформасын жоғары деңгейде қолдайды. Мәселен, бір палаталы Парламентке көшуге ауыл тұрғындарының 72,8%-ы оң бағасын береді, ал қалалықтар арасында бұл көрсеткіш 65,4%-ды құрайды. Парламентті партиялық тізімдер бойынша қалыптастыруға қатысты да ұқсас айырмашылықтар байқалады: ауылдық респонденттердің 67,8%-ы, қалалықтардың 60,8%-ы бастаманы қолдайды.
Жалпы, ҚСЗИ деректері парламент реформасына қатысты қоғамдағы келісімнің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бір палаталы Парламент пен партиялық өкілдік жүйесіне көшуге қолдаудың басым болуы, қоғамның заң шығару билігінің тиімділігін арттыруға және саяси мәдениетті дамытуға бағытталған институционалдық өзгерістерге дайын екенін дәлелдейді.

Әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысымен биыл 3 қазан мен 5 қараша аралығында жүргізіліп, іріктеме көлемі 8 000 респондентті құраған. Сауалнамаға 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының 18 жастан асқан респонденттері қатысқан.