17 қараша күні облыс аумағындағы Чапай – Жаңақала – Сайхын бағытындағы тасжолда болған жол апатынан 8 адам қаза тауып, 4 адам түрлі дәрежедегі жарақатымен ауруханаға түскенін бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.
Үкімет тапсырмасына сәйкес құрылған жұмыс тобы Жаңақала ауданында болған жол-көлік оқиғасына байланысты оның мән-жайын толық әрі әділ анықтап, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді ұйымдастыруы тиіс. Сондай-ақ құзыретті органдар апат себебі мен мән-жайына талдау жүргізеді. Комиссия құрамына облыс прокуроры, облыстық полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және салалық басқармалар басшылары, Жаңақала ауданының әкімі енгізілді.
«Бұл – бүкіл өңіріміз үшін өте өкінішті жағдай. Ауыр қаза қаншама отбасына орны толмас қайғы әкелді. Зардап шеккендерге тиісті медициналық жәрдем беріледі, ал қаза тапқандардың отбасына заң аясында көмек көрсетіледі», деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Жаңақала ауданының әкіміне қаза тапқан жандардың жерлеу рәсімін ұйымдастыру, сондай-ақ зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасына барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсету тапсырылды.
Оқиға 17 қараша күні Чапай – Жаңақала – Сайхын бағытындағы тасжолдың 50-шақырымында болған. Toyota Camry және Volkswagen Sharan автокөліктері соқтығысып, Sharan өртке оранған. Оқиға орнында 8 адам қаза тауып, 4 адам Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілді.
Қаза тапқан азаматтар Жаңақала ауданының Мұқыр, Жаңақала, Қызылоба, Мәштексай ауылдарының және Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылының тұрғындары. Екі көліктің де жүргізушісі қайтыс болған.
Жол апаты кезінде жарақат алған 4 адамның өміріне төнген қауіп жоқ, дәрігерлер тұрақты бақылауда ұстап, ем шарасын жасап жатыр.
Ауруханаға түскен жолаушылардың екеуі – кәмелетке толмаған, олар кеше, яғни 17 қараша күні кешкі сағат 21:40-та облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген. 1 жасар қыз бала бас-ми жарақатын алған, миы шайқалуына қоса, сол жақ сан сүйегі сынған. Апат кезінде 24 жастағы әкесі жанында болған, ол да белі мен жамбас-сан буыны аймағындағы жарақат алған, қазір жағдайы қанағаттанарлық. Қызына күтім жасау үшін балалар ауруханасына орналастырылған. Ал 2012 жылы туған ұл балаға «жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, төбе аймағының жұмсақ тіндерінің жарақаты» деген диагноз қойылған. Жарақат алған төртінші адам – 2002 жылы туған бойжеткен. Оған Ақжайық аудандық ауруханасында ішкі құрылысына ота жасалған. «Жағдайы тұрақты» деп хабарлады дәрігерлер.
Қаза тапқандардың төртеуі – әйел, төртеуі – ер адам.
Батыс Қазақстан облысы