Сурет: instagram
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «101» пультіне сейсенбі күні таңғы сағат 6-ға жақын Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенге дейін тұрғын үй толықтай өртке оранған. Қызыл жалын 360 шаршы метрді шарпыған. 5 өрт сөндіру техникасы, 16 жеке құрам жұмылдырылған. Үйдің ішінен (1 ер, 2 әйел, 9 кәмелетке толмаған бала), он екі мәйіт табылды. Құтқарушылардың айтуынша, өртті сөндіру кезінде үйден ес-түссіз күйдегі үш адам шығарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылған.
Қайғылы оқиға болған үй көршілерінің айтуынша, алдыңғы күні үй иелері сүндет той өткізген. Үйде ағалы-інілі, яғни отағасының және туған ағасының отбасы болған. Екі қабатты кірпіштен соғылған үй газбен жылытылады. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық ететін Үкіметтік комиссия құрамына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы енгізілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Әкімдікке өрт салдарынан қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыруға жәрдемдесу тапсырылды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында қаза болғандардың отбасына көңіл айтты. «Өңірлік уәкіл психологиялық қолдау орталығы мамандарымен бірге оқиға орнына шықты. Өрттің шығу себебі мен мән-жайы тергеліп жатыр. Қаза болғандардың туыстарына көңіл айтамыз», деп жазды Д.Зәкиева.
Жетісай ауданында болған өртке байланысты өңірдің медициналық қызметі зардап шеккендерге жедел түрде көмек көрсетіп жатыр. Медициналық мекемелерге үш адам – екі ересек және бір бала жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, барлығы реанимация бөлімінде жатыр, жағдайлары өте ауыр. Оларға интенсивті терапияның толық кешені жүргізіліп, жағдайы салалық мамандардың бақылауына алынған.
Жетісай ауданында болған өрт оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір аталған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесімен процестік шешім қабылданатын болады.
Түркістан облысы