Денсаулық • Кеше

Инсульт дерті «жасарып» барады

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адам ағзасы – өзара тығыз байланысқан күрделі жүйе. Сондықтан инсульт ешқашан аяқ астынан пайда бола салатын ауру емес. Кейінгі жылдары бұл дерттің жасарып бара жатқаны байқалады. Әсіресе 30–40 жас аралығындағы азаматтар арасында ауыр геморрагиялық инсульттің жиілеуі – жоғары қан қысымын елемеудің салдары екенін мамандар тарапынан жиі айтып жүр.

Инсульт дерті «жасарып» барады

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Дүниежүзілік инсульт­ке қарсы күрес күніне орай ұйым­дастырылған «Инсультке қарсы күрес­тің жаһандық стратегияла­ры» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Алма­ты қалалық жедел шұғыл көмек көр­сету ауруханасы директо­рының орынбасары Бағдат Әлімбетов жыл сайын елімізде 42 мыңдай адам инсультпен ауру­ханаға түсетінін мәлімдеді.

Халықаралық сарапшылардан бөлек, 300-ге жуық невролог, реаниматолог, нейрохирург, кардиолог, реабилитолог маманы бас қосқан жиында «Азия жүрек пен ми қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Айгүл Құдайбергенова гипертонияға шалдыққан 5,6 млн, ресми түрде  холестерині жоғары екен­дігі анықталған 6 млн отанда­сы­мыздың денсаулығына алаңдау­шылық білдірді.

ДСҰ мәліметі бойынша, еліміз артық салмақ жөнінен тізім­нің жоғары жағындағы бес елдің қатарына кіреді. Өйт­кені елемесе түбі инсультке апаратын кеселдердің қатарында қан қы­сымы, қант диабеті, шы­лым­қорлыққа қоса, семіздік те бар.

Алматы қалалық жедел-шұғыл көмек көрсету ауруханасы инсульт орталығының меңге­рушісі Ләззат Аяғанова жүкті әйелдер арасында кездесетін сирек әрі күрделі инсульт жағ­дайы туралы баяндады.

– Орта есепппен инсульт 100 мың жүкті әйелдің 30-ында кез­деседі. Өлім-жітім көрсеткіші 10% болса, олардың жартысына жуығы өмір бойы мүгедек болып қалуы мүмкін. Тромбофилиясы бар әйелдерде инсульт даму қаупі 4-6 есе жоғары. Аяғы ауыр әйелдердегі инсульт 60%-ға дейін криптогенді, себебі анықталмаған күйі қала береді. Әсіресе ЭКҰ жасатқан, преэклампсия, тромбофилия, III антитромбин тапшылығы бар, жасы 35 жас­тан асқан әйелдерді бақылауда ұстауға тура келеді. ЭКҰ арқылы жүкті болған, ауыр аяқтылығына 20 аптадан асқан келіншектің ишемиялық инсульт белгілерімен түскенін клинкалық мысал ретінде келтірелік. Алғашқы емнен кейін жағдайы уақытша жақсарғанымен, біраз уақыттан соң қайта нашарлап, МРТ зерттеуінде ишемия аймағының ұлғайғаны анықталған. Невролог, кардиолог, гематолог, акушер-гинеколог маманының жабылып көмектескенінің арқасында жағдайы дұрысталды. Кейінірек, айы-күні жақындаған пациенттің сол жақ жүрекшесінде тромб анықталып, жедел кесарьмен қатар, митралды қақпақты протездеу операциясы жасалды. Қазір анасының да, баласының да жағдайы бірқалыпты. Бірақ бұл жағдай жүкті әйелдерде инсульттің көп факторлы сипаты мен емдеу барысындағы бейін­аралық тәсілдің маңыз­дылығын көрсетіп берді. «Криптогенді инсульт» диагнозы ізденістің аяқталғанын емес, керісінше себептерін анықтауға бағытталған динамикалық бақы­лау мен қайта тексерудің қажет екенін айғақтады, – дейді жоғары санатты невролог.

Қалай дегенде де, халықара­лық мінберден айтылған өзге де деректер алаңдатпай қоймай­ды. Отандастарымыздың 42%-ы артериялық гипертонияға шал­дықса, 43,5%-ында холестерин деңгейі жоғары, өмір салты, мамандығына байланысты әрбір үшінші адам жеткілікті түрде қимылдап, қозғала бермейді. Қант диабетіне шалдыққан адам саны кейінгі он жылда екі есеге жуық өскен, олардың ем-домына жұмсалатын қаражат 2025 жылы 54 миллиард теңгеден асқан.

Конференция барысында жетекші мамандар инсультті интервенциялық тәсілмен емдеудің жаңа әдістерін, жағдайы өте ауыр кезеңдегі пациенттерді алып шығу, инсульттен кейінгі оңалтуды, сөйлеуді қалпына келтіруден бастап когнитивтік функцияларға дейін талқылады.

Дегенмен дәрігерлердің инсульттің алдын алуға болады деген оңды ортақ пікірі бар. Сол тұрғыда дәрігерлердің арте­риялық қысымды өлшеп жүру керек, қан құрамындағы қант пен холестеринді бақылауда ұстау, тұзды тағамдарды азайту, көбірек қозғалу сынды кеңестеріне құлақ асуға тура келеді.

Инсультті хирургиялық тұр­ғыда емдеп жүрген нейрохирургия маманы Дархан Жетпісбаев бұл дерт бүгінде жаһанды алаң­датқан, кемі мүгедектікке душар ететін басты кесірдің бірі екенін нақты мысалдармен безбендей келе, кейінгі жылдары елімізде жоғары дәлдіктегі навигация, эндоваскулярлық араласу, гибридті операция жасау бөл­месі жасақталып, роботтандырыл­ған жүйе енгізіліп жатқанына тоқ­талды. Сондай-ақ жасанды ин­тел­лект пен роботталған хирур­гия­ның келешегі туралы сөз қозғады.

Инсультті хирургиялық ем­деудің заманауи тәсілдерінің қатарында зақымы барынша азайтылған операциялар, тромбоэкстракция мүмкіндіктері, интраоталық мониторинг пен нейронавигацияны пайдалану бар.

«Инсультке қарсы күрес­тің жаһандық стратегия­лары» халықаралық конферен­ция­сының екінші күні отандық және ха­лық­­аралық маман жүр­гіз­ген «Инсульттің ауыр ке­зеңі» тақы­­ры­бындағы дәрістермен жалғасты.

 

АЛМАТЫ