Қоғам • Кеше

Мұқтаж жандарға қамқорлық – қоғам парызы

50 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алматы қаласында күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі – мұқтаждық пен мүгедектігі бар жандарға қарайласу, әлеуметтік тұрғыда қолдау танытып, түйткілді жайттарды реттеп отыру. Мегаполисте мұқтаж азаматтарға 17 түрлі әлеуметтік көмек түрі қарастырылған. Осы іске жауапты мекемелер әлеуметтік осал топтарға қолдауды күшейтіп, цифрлық қызметтерді көптеп енгізіп жатыр.

Мұқтаж жандарға қамқорлық – қоғам парызы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қалада тағдыр тәлкегіне ұшы­раған, қиын жағдайларға тап болған отбасыларды анықтауға қатыс­ты кешенді жұмыс жүйе­лі жүргізіліп келеді. «Отба­сы­ның цифрлық картасы» платформасы аясында 1 819 отбасы (9 063 адам) 755 млн теңге көле­мінде атаулы әлеуметтік көмек алады. Биыл осы бағыттағы бағдар­ламаларды жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 30,5 млрд теңге бөлінді. Өткен тоғыз айда 190 мың тұрғын жалпы сомасы 4,3 млрд теңге көле­мін­де түрлі әлеуметтік көмекке қол жеткізді.

Бүгінде Алматыда 2,2 млн-нан астам адам тұрады. Соның шамамен 370 мыңы әлеуметтік осал санатқа жатады, олар – зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар, ардагерлер мен жетім балалар.

– Әлеуметтік төлемдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық шешімдер енгізілді. Солардың бірі – «FSM Social»  мобильді қосымшасы. Ол бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына мүмкіндік береді, – дейді қала әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым.

Қалада осал топтардың мәсе­ле­лерін шешумен тұрақты шұ­ғыл­данатын әлеуметтік уә­кіл инс­титуты жұмыс істей­ді, ол осы азаматтардың құқық­тарын қорғап, кері байланыс орна­туға көмектеседі. Бұл жерде ерекше тоқтала кететін бір жайт, мүмкіндігінше түрлі жағдайларға тап  болған жандарды жұмысқа тарту, екі қолына бір кәсіп тауып беру шаралары да белсенді жүргізіліп келеді. Айталық, биыл осы шарамен 23 мың адам қамтылып, оның 11,4 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан, 11 мыңы субсидия­ланатын жұмыс орындарына жіберілсе, 770 адам кәсіби оқудан өткен. Сонымен қатар 433 жас кәсіпкерге әрқайсысына 1,5 млн теңге көлемінде грант берілді. Олардың 63%-ы – көпбалалы отбасылардың мүшелері.

Зейнеткерлерге арналған «Алтын жас» жобасы да жалғасын тауып отыр. Бағдарлама аясында еңбекке тартылған зейнеткер­лердің жалақысына 85 мың теңге көлемінде субсидия төлене­ді. Биыл жобаға 487 зейнеткер қатысқан. Қабылданған шаралардың арқа­сын­да қалада­ғы жұмыссыздық дең­гейі 4,7%-дан 4,4%-ға дейін кеміген, бұл республикалық орташа көрсет­кіштен төмен.

– Мақсатымыз – әлеуметтік тең мүмкіндік жасау, инклюзивті қоғам қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашу. Әрбір алматылық мемлекет, қоғам тарапынан пана таба алатынын сезінуі керек, – дейді әкім орынбасары.

Жастарды қолдау да үнемі назарда. Енді колледж бен жоғары оқу орындары түлектері тәжіри­беден Enbek.kz порталы арқылы онлайн өтеді. Платформада түйіндемелер мен бос орындар орналастырылады, келісімшарттар электронды түрде рәсімделеді. Сол сияқты Skills.enbek.kz сайтында «Өз мансабыңды құр» атты онлайн-курс іске қосылған. Ол жастарға еңбек нарығында өз орнын табуға қажетті дағдыларды үйретеді. Ал mansap.kompasy порталында мамандықтар, оқу бағдарламалары, жалақы деңгейі мен мансап мүмкіндігі туралы толық ақпарат қолжетімді.

Әкімнің орынбасары қаланың әлеуметтік саясаты тек қаржылай қолдауға ғана емес, азаматтарды еңбекке, өз отбасын өзі асыруға құлшындыруды да көздейтінін айта келе:  «Биыл мүгедектігі бар 33 мыңнан астам адам оңалту құралдарымен, әлеуметтік қызмет­тер­мен қамтылды. Осы мақсатқа 12,2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар 277 адамға құны 1,3 млрд теңгені құрайтын инновациялық тех­никалық құралдар берілді», деді.

Осы арада ерекше тоқтала кететін жайт, қала әкімдігі 2026 жылы Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығымен бірлесіп, жеке оңалту техникалық құралдарын іріктеу жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл жүйе қызмет алушылардың жеке ерекшеліктері мен медициналық көрсеткіштерін ескеруге мүмкіндік береді.

«Инватакси» қызметі де дамып келеді. Қаржыландыру көлемінің артуы нәтижесінде автопарк 145 көлікке дейін ұлғайды. «Яндекс Такси» агрегаторы арқылы іске қосылған қанатқақты жоба пайдаланушылар санын 2 мыңнан 3,4 мың адамға дейін арттырды. 2026 жылдан бастап бұл қызметті II, III дәрежелі психикалық ауытқуы бар адамдар да пайда­лана алады. Қызмет сапасын арт­тыру мақсатында өтінімдер мен бағыт­тар­ды цифрлық түрде бақылайтын автоматтандырылған диспетчерлік жүйе енгізіледі.

Азаматтарды еңбекке тартуға бағытталған бағдарламаның бірі – мүгедектігі бар адамдарды жұ­мыспен қамту мен бейімдеу мақсатындағы «Jobcoach» жобасы. Жыл басынан бері мегаполис­те 1 620 адам жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысқан. 34 мың нысанды 2030 жылға дейін қалалық инфрақұрылымға бейім­­деу мақсатында паспорттау жүр­гі­зіліп жатыр. Бейімделу үдерісі «Цифрлық инклюзия» плат­фор­масы арқылы бақылауға алынған.

Әлеуметтік қызмет көрсету саласында 9 медициналық-әлеу­мет­тік мекеме, 14 үкіметтік емес ұйым мен аудандық әкім­дік­тердің қызмет көрсету бөлім­шелері лицензияланған. Жыл сайын 7 мың қызмет алушы­ның қажеттілігі өтеледі. Сон­дай-ақ 1,6 мың әлеуметтік қызмет­керге еңбекақысының  30%-ы мөлшерінде ынталандыру үстемеақы беріледі. Осы бағыт­та 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына дейін 1 мыңнан астам маман жаңа әдістемелерді енгізу мен көрсетілетін қызметтер­дің сапасын жақсарту мақсатында біліктілікті арттыру курсынан өтетін болады.

Алматыда дамуында ауытқуы бар 3 жасқа дейінгі балаларға көмек көрсететін «Ерте араласу орталығы», «Отбасыны қолдау орталығы» мен 24 мың зейнеткерге түрлі әлеуметтік, білім беру қызметтерін ұсынатын «Белсенді ұзақ өмір орталығы» жұмыс істеп тұр. Қала әкімінің орынбасары әлеуметтік саясаттың негіз­гі бағыттарын термелей келе: «Мемлекет басшысының тапсырмасымен 150 орындық оңалту орталығының жобалау жұмыстары аяқталып келеді. Орталықта балалармен қоса ересектерге де қызмет көрсетіледі. Жоба 2026 жылдан бастап қолға алынады. Сонымен қатар Наурызбай, Бостандық пен Медеу аудандарында жаңа оңалту орталықтарын ашу жоспарланып отыр, олар 200 адамға дейін қызмет көрсете алады»,  деді.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Бауыржан Жаубасов биыл инватакси қызметін пайдалана алатын азаматтар тізімі кеңейгенін айтады. Енді бұл қызметті жүріп-тұрудан қалған адамдар ғана емес, өзін-өзі күту мен мінез-құлқын бақылау қабілеті шектеулі, ауыр психикалық ауытқуы бар азаматтар да пайдалана алады. Жаңа санаттарды қамтуға жергілікті бюджеттен қосымша 83 млн теңге бөлінді. Бұл өз кезегінде қызмет көрсетілетін адамдар санын арттыруға мүмкіндік береді.

– Инватакси қызметін кеңейту – әр тұрғын өз орнын қоғамнан таба алатын, нағыз инклюзивті қала құру жолындағы маңызды қадам, – дейді Б.Жаубасов.

Сондай-ақ басқарма басшысы жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі лифтілер мен көтергіштердің қол­жетімділігіне де көңіл бөлініп жат­қанын атап өтті. Қазір Алматыдағы 126 өткелдің 57-сінде осындай құрылғылар орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар оны жеке кілт арқылы пайдалана алады, кілт­ті аудан әкімдіктеріне өтініш жазу арқылы алуға болады.

2025 жылы Әуезов ауданында қанатқақты үлгіде «Оңай» жүйесі енгізілді. Ол көтергіштер мен лифтілерге жеке карта арқы­лы тегін қол жеткізуге мүмкін­дік береді. Карта иесінің мәрте­бесін автоматты түрде анық­тап, пайдалану құқығын растау жүйесін қамтамасыз етеді. Жоба оң нәтиже берсе, онда 2026 жылы «Оңай» жүйесі қала­да жаппай жүргізіледі. Бұл мүмкін­дігі шектеулі азаматтарға қала­лық инфрақұрылымның қолже­тімділігін айтарлықтай арттырады.

 

АЛМАТЫ