Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Олжас Бектенов бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 23,6%-ын құрайтынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл көрсеткіш халықаралық стандарттар бойынша төмен саналады. Мәселен, көптеген дамыған елдерде мемлекеттік қарыз ЖІӨ-ге шаққанда 50%-дан, 80%-дан, кейде жекелеген мемлекеттерде 100%-дан да асады.
«Мен бұлай жасауға шақырып отырған жоқпын. Керісінше, Қазақстанның мемлекеттік қарызының деңгейі төмен болуы тиіс деп есептеймін, Үкімет те осы бағыта жұмыс істеуде. Халықаралық қаржы ұйымдары, атап айтқанда, белгілі рейтингтік агенттіктер тарапынан баға берілуі мемлекеттік қарыздың қолайлы деңгейде екенін растайды. «Үлкен үштік» деп аталып жүрген Fitch, Moody's және S&P агенттіктері бізді жақсы бағалауда. Еліміздің инвестициялық рейтингі – аймақта жалғыз көрсеткіш. Қаржылық орнықтылығымыз да біздің ойымызша, жаман емес», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар, Бектенов тиімді шарттармен сырттан қарыз тарту мүмкіндіктеріне тоқталды.
«Мысалы, қазан айының соңында біз еуробондтарды 4,4%-бен орналастырдық. Бұл халықаралық инвесторлардың Қазақстанға сеніп, осындай пайызбен ақша салатынының жақсы көрсеткіші», деді ол.