Білім • Кеше

Орны бөлек Оқушылар сарайы

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл облыста «Келешек мектебі» ұлт­тық жобасы аясында 2 700 орын­ға арналған төрт мектеп іске қосылды. Енді 500 орындық Оқу­шы­лар сарайы ашылады деп жоспарланып отыр.

Орны бөлек Оқушылар сарайы

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз жиынында Абай облысы білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков айтып берді.

– Абай облысында өңір басшысының бас­тамасымен мектепке дейінгі және орта білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Өңірде 177 балабақша, 191 шағын орталық жұмыс істейді. Қазіргі таңда 3,9 мыңнан астам бала кезекте тұр, оның ішінде 2-6 жас аралығында – 758 бала. Орын тапшылығын азайту мақсатында биыл 5 жекеменшік балабақша ашылып, Мақаншыда салынатын 140 орындық балабақшаның құжаттары әзірленіп жатыр, – деді басқарма басшысы.

Оның мәліметінше, Абай облысында қазір 311 мектеп жұмыс істеп тұр. Жалпы өңірде 2025–2026 оқу жылында 100,6 мың оқушы білім алады.

– Сондай-ақ Семей қаласы­ның оң жақ Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Суықбұлақта 100 орындық білім ошағының құрылысы басталып, Екпін және Семей қалаларында 300 орындық мектептердің жобалары әзірлену үстінде. «Қазақстан халқына» қоры арқылы 36 мектепке 58 жаңа кабинет орнатылып, 4 мектепке (Жаңасемей, Мақаншы, Курчатов, Үржар) әрқайсысына 250 млн теңгеге оқу кабинеттері мен жиһаздар сатып алынды. Айта кетейік, Семей қаласындағы 500 орын­дық оқушылар сарайының құ­рылысы желтоқсан айында аяқ­талып, ел игілігіне беріледі, – дейді Б.Ердембеков.

 

Абай облысы