Руханият • Бүгін, 08:25

Шығыс шонжарлары

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл 150 жылдан астам тарихы бар көне сурет – Көкпекті, Тарбағатай, Зайсан өңірлерінің төре-сұлтандары мен болыс, билерінің, сондай-ақ орыс-қазақ мектептерінде білім алған жастардың тарихи келбетін сақтаған құнды дерек.

Шығыс шонжарлары

Бұл фотосуретті Көкпекті аудандық өлкетану музейінен көріп қал­дық. Әдетте мұндай патша зама­нындағы көне суреттегі дала шонжарларының аты-жөні толық­тай анықталмай жататын. Ал мұнда бәрі нақты жазылыпты.

Солдан оңға қарай бірінші қатарда: болыстың ұлы Ыбырай Сәттібаев, сұлтан әрі болыс Жеңіс Ибрагимов, Көкпекті орыс-қазақ мектебінің оқушысы Ташкенбай Жұқышев, найман-саржомарттың аға сұлтаны Әли­хан Тілеубер­диннің (обер-офицер) ұлы Ислам Әлиханов, би Жағыбай Доланов бейнелен­ген. Екінші қатарда: Өскемен уезі бастығының кіші көмекшісі, хорунжий Құлеке Шың­ғысов, Тарбағатай болысы Бұ­табай­дың жіберген адамы Бота­бай Сегізбаев, Тарбағатай елі­нің жақсысы Төгіс Шаянбаев, Кен­дірлік болысынан шыққан төре Жансұлтан Жамантаев, төре Мұқамедсұлтан Дайыров, Зай­сан приставы майор Тихонов, сон­дай-ақ қаракерей қожамбет руының биі Қожамжар Жайықов отыр. Үшінші қатарда: тілмаш Есаул Власов, төртуыл Қара Ертіс елінің болысы Мәз Боқатов, болыс Досқан Майкөтов, Шілікті болысының биі Мәжит Монкин, патша әкімшілігінің шенеунігі Кра­сильников, Көкпекті орыс-қазақ мектебінің оқушысы Билеу­ші Босқынбаев, Арғанаты болыс­ты­­ғына кандидат Мырзахан Монтин бар.

Сурет патшалық Ресейдің орта­лығы Санкт-Петербург қала­сында 1873 жылдың қаңтар айын­да түсірілген. Түсірген – фотограф Лоренц.

Тарихшылардың мәліме­тінше, Семей губерниясының аумағындағы Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті өңірлерінен 18 адамнан тұратын делегация 1873 жыл­­дың қаңтарында Санкт-Петер­­бургке барып, император II Александр қабылдауында болады. Бір қызығы, барын киініп, бақа­нын қолына ұстап барған дала шонжарларының киім киісі, жүріс-тұрысы Петербург жұртшылығын таңдандырған көрі­неді. Сөйтіп, бұл сапар хандық биліктің дербестігі жойылғаннан кейінгі қазақ элитасының патша өкіметінің сая­си жүйесіне бейімделу кезеңінің бір белгісі болып таспаланған.

 

Абай облысы