Қоғам • Бүгін, 08:05

«Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астанада Мүгедектігі бар адамдардың халықаралық күні қарсаңында «Amanat» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVIІI «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл сыйлық жыл сайын қоғамдық және кәсіби қызметте айрықша нәтижеге қол жеткізген ерекше қажеттілігі бар азаматтарға беріледі.

«Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында мыңға жуық мейман мен рәсімге қатысушы жиналды.

Сөз басында Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов партия ерекше қажеттілігі бар адамдарға әрқашан айрықша назар аударатынын, ал «Жан Шуақ» сыйлығын өткізу қадамы өміріміздің ажырамас бөлігіне және тағдыр талқысына тап болған мыңдаған отандасымызға жаңа мүмкіндік берген игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен әлеуметтік әділеттілікті нығайту, барлық азаматқа тең мүмкіндік ұсыну бағытында елеулі қадамдар жасалып жатыр. Енді бір рет­тік шаралардан жүйелі шешім­дерге, яғни орнықты, толық­қан­ды, нағыз кедергісіз орта құру­ға көштік. Әлеуметтік қолдау көрсету тетіктері де жетілді. Цифр­лық шешімдер енгізілуде. Ол қызметтерді оңай әрі жылдам алуға жол ашып отыр. Бұған қоса инклюзия орта­лықтарының желісі кеңейіп, білім алуға, еңбек етуге және қоғам өміріне еркін араласуға мүмкіндік туғызылып жатыр», деді ол.

Мәжіліс спикері алдағы уақыт­та «Жан Шуақ» сыйлығына халық­аралық мәртебе берілетінін және оған әртүрлі мемлекеттің көр­нек­ті қоғам қайраткерлері қатыса алатынын айтты. Ол ерекше қажет­тілігі бар адамдар күн сайын табан­дылық танытып, баршаға үлгі болып жүргенін атап өтті. Бүгінде елімізде мүгедектігі бар адамдар өмірдің қиындығын жеңіп қана қоймай, зор жетістікке жеткен оқиғалар да аз емес. Мәселен, жуырда есту қабілеті бұзылған жандардан құралған «Sensitive» би театрының ұжымы Қытайда өткен халықаралық фестивальда Гран-при иеленді. Сондай-ақ 19 жастағы Диана Мырзағалиеваның оқиғасы да талайды таңғалдырды. Ол ауыр дерттен айыққаннан кейін мыңнан аса бала мен волонтер білім алған Инклюзивті академия құрды.

Сондай-ақ партия төрағасы Парламенттің 20 депутаты бас қосқан «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының жұмысы туралы айтты. Олардың тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жұмыс арқылы әрбір әлеуметтік маңызы бар заң мүгедектігі бар адамдарды қолдау жөніндегі нормалармен толықтырылып отырады. Атап айтқанда, бүгінде I топтағы мүгедектің жұбайы да жеке көмекшісі атана алады. Сон­дай-ақ микротия және атре­зияға шалдыққан балалар мүг­едек­тігін растамай-ақ есту аппа­рат­тарын жергілікті бюджет есе­бінен ала алды. Сонымен қатар биыл Маракеш келісімі ратификацияланды. Құжат көру қабілеті бұзылған адамдардың кітапқа қолжетімділігін арттыруға, авторлар мен авторлық құқық иелерінен рұқсат алмай-ақ шығармаларды бейімдеуге мүмкіндік береді.

Мәжілісте ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың тұр­мысын жақсартуға және білім сапасын арттыруға арналған «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» жаңа заң жобасы бойынша жұмыс басталды. Ал жуырда депутаттар жаңа Құрылыс кодексін қабылдайды. Онда кедергісіз орта мәселесі негізгі басымдық ретінде айқындалады. Осылайша, өнеркәсіп және тұрғын үй нысандарын жобалау кезеңінде қолжетімділік мәселесіне қатысты қойылатын талаптар күшейеді.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов жуырда «Amanat» партиясының барлық өңірлік филиалдары жанынан республикалық деңгейге ұқсас инклюзия мәселелері бо­йынша кеңестер құрылатынын айтты. Олар кедергісіз орта құру, инклюзивті қоғам қалыптастыру, мүгедектігі бар азаматтардың тұрмысын жақсарту бағытындағы өзекті мәселелер шешілетін тиімді қоғамдық алаңға айналады.

Өз кезегінде, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова «Жан Шуақ» сыйлығын тапсыру рәсімі 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және осы жылдар аралығында 130-ға жуық адам марапатталғанын атап өтті. Биыл тағы 8 лауреат анықталды.

«Біздің қоғамда әр адам қандай жағдайда болсын, тең мүмкіндік пен құқыққа ие болуы керек. Бұл – осы қағиданы жүзеге асыратын, басқа түскен қиындықты жеңе білетін, табандылық танытатын, бар­шамызға шалқар шабыт сый­лайтын жандардың ерен еңбегі ес­ке­рілетін сыйлық. Біз ерекше қа­жет­тілігі бар адамдардың тұлға ретін­де қалыптасуына қажет жаңа мүм­кін­діктер табуына ықпал етеміз. «Amanat» партиясына тұрақты әрі жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз», деді ол.

Биыл Қарағандыдан келген қоғам қайраткері Меруерт Жақыпова «Рухының биіктігі мен жеңіске деген талпынысы үшін» сый­лығының иегері атанды. Мер­уерт церебральды сал ауруы диаг­нозына қарамастан, инклюзивті білім беру саласында психолог ретінде жүйелі жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ ол азаматтарды ынталандыратын блог жүргізеді және жуырда жеке кәсібін ашты.

«Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша сыйлықты «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ Қостанай филиалының төрағасы Хамит Исмұратов иеленді. Ол көру қабілеті бұзылған адамдарды оңалту мәселесімен көп жылдан бері айналысады, бос уақыт­ты тиімді өткізу және оқыту бағдар­ламаларын дамытады, қолжетімді орта құруға күш салады және зағип жандардың құқығын қорғайды.

Астана қаласының тұр­ғыны, пара армрестлингтен төрт дүркін әлем чемпионы Никита Ермаков «Спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін» аталымы бойынша лауреат атанды. Никита спорт саласындағы жетістіктерінен бөлек, мүгедектігі бар адамдарға арналған ашық жаттығулар өткізеді.

Елордалық Құрбанәлі Әбуов «Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері атанды. Ол 2008 жылдан бері арбада отырып билеумен айналысады, «хип-хоп» аталымы бойынша әлем чемпионы атанды, ал 2021 жылдан бері «Қанаттылар» инклюзивті театрында ойнайды.

Талдықорғандық азамат Нұрбек Тұрғанов «Игілік жолын­дағы ерен еңбегі үшін» аталымы бойынша марапатталды. «Инватакси» қызметінде еңбек жолын бастап, табандылығы арқылы диспетчерден ұйым басшысына дейінгі жолдан өтті.

Өскемендік Юлия Шаршова «Ғылым, білім беру қызметінің дамуына үлес қосқаны үшін, білім алуға талпынысы үшін» аталымы бойынша сыйлық иеленді. Ол 15 жылдан аса уақыттан бері ерек­ше қажеттілігі бар балалар­мен жұмыс істеп келеді, аутизм спектрі бұзылған балаларға бейім­делген бастауыш білім бағдар­ламасының авторы саналады.

Астаналық Кенжегүл Кикенова «Өнер саласындағы үздік жетіс­тіктері үшін» аталымы бо­йынша жеңімпаз атанды. Ол еңбек тера­певті болып жұмыс істейді, мүге­дектігі бар адамдарға және ерекше қажеттілігі бар балалардың аналарына бисермен кестелеуді және тоқуды үйретеді. Бұл – ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтік тұрғыда бейімдеу және психологиялық қолдау көрсету жұмысының маңызды бөлігі.

Астана қаласының тұрғыны, жүзуден Қазақстанның бірнеше дүр­кін чемпионы әрі рекорд орнат­қан азамат Әли Тұрғанбетов спорт саласындағы ерен еңбегі үшін Иран Омарбеков атындағы қордың арнайы сыйлығымен марапатталады.

Әр лауреатқа 1 млн теңге көле­мінде ақшалай сыйлық табысталды.

«Жан Шуақ» қоғамдық сыйлы­ғын табыстау рәсімі эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен түйінделді.