Құсбегілер қатарында жасөспірімдерден бастап тәжірибелі әулеттік саятшыларға дейін бар. Сонымен қатар Моңғолия, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген саятшылар да жүр.
«Қыран құстармен аң аулау – қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын өнер. Байжүніс Көдековтің рухы ұрпақтарды біріктіріп, жастарды бабалар мұрасын үйренуге ынталандырады. Ол – Алматы облысындағы Жалайыр Шора атындағы бүркітшілер мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Оның есімі ұлттық спортты сақтау және насихаттаумен тікелей байланысты», деді.
Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков.
ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енген бұл өнер бүгінде заманауи спорт түріне айналып, дала мәдениетінің сұлулығын және бүркітшілердің шеберлігін ортаға салып отыр. Бүркітші Байжүніс Көдековтің немересі Бауыржан «Біздің отбасымыз үшін атамыздың мұрасын құрметтеп, оны ұлықтау – үлкен мәртебе. Оның есімі түрлі елден келген шеберлерді біріктіріп, саятшылық өнердің жас буынға жалғасуына себеп болып отыр», дей келіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Ал турнирді ұйымдастырушы, «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы «Қыран» этноорталығының ұлттық өнер дамуына қосып жатқан үлесін айрықша атады. Бүгінде орталықта оқу бағдарламалары іске асып, дәстүрді сақтауға бағытталған көптеген жобалар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ өскелең ұрпақты бүркіт пен тазыны баптаумен қатар, халықаралық чемпионаттар ұйымдастыруға мұрындық болып отырған орталықтың басты мақсаты – бабадан жалғасқан бай мұраны келер ұрпаққа аман жеткізу.
Алатаудың бөктерінде өткен бұл турнир 27-рет ұйымдастырылды. Бағдарлама ұлттық киім мен жабдықты бағалау, «қолға қондыру», «қоңырауға шақыру», «далбаймен жұмыс істеу» сынды бірнеше бағыттан тұрады. Турнир нәтижелері бойынша қолына қыран құс қондырған саятшылар нағыз шебер екендерін аңғартты.
Атап айтсақ, «Бүркіт» аталымы бойынша чемпион атағын Астана қаласынан келген Ерасыл Серікбекұлы жеңіп алды. Ол бұл жарысқа 15 жылдан бері қатысып келеді.
«Қаршыға» аталымында – Жамбыл облысынан келген Бабажан Берікболсын жеңімпаз атанса, «Ителгі» аталымында – қарағандылық Танат Оспанқұлов үздік шықты.
Алматы облысы