Он-он бес жылдан бері Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының «Қ.Сәтбаев атындағы канал» филиалының директоры қызметінде келе жатқан Оңдасын Жиенқұловпен кездесе қалғанда ой-пікіріміз бір нүктеден табыла қалатын. Оның себебі, жалпақ елдің уайымы секілді бастауын өзге мемлекеттерден алатын арналы өзендер біздің шекарамызға жеткенше «шаршап-шалдығып» қалмаса дейтін үміт қой баяғы. Мемлекет басшыларының келісу, кездесулерінің арқасында ортақ мәмілеге келгендей болғанымен, кейде судың көмегімен күнге қарап бой тіктейтін егістік алқаптары мен күріш танаптарына тартылған каналдардың, әсіресе шіліңгір шілдеде түбі тақырланып, су жетпей ойға-қырға шапқылап, әбігерге түсетіндігімізді қайтіп жасырарсың.
Суды үнемдеу технологиясын кеңінен пайдаланып, уақыт оздырмай су шаруашылығын цифрландыру – күн тәртібіне қатаң қойылған аса зәру проблема. Суды үнемдеу мәдениетіне келгенде үлкен кемшілікке ұрынатындығымызды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та осы жылғы халыққа Жолдауында шегелеп айтты. Осы міндеттерді мінсіз орындауға негізделген басты құжат – биыл жаңа Су кодексі қабылданды. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғалы бері су шаруашылығы мамандарына деген ескі көзқарас бүтіндей өзгерді: қызметкерлердің жалақылары үстемеленді, биылдың өзінде біраз әріптесі мемлекеттік наградаларға ие болды. Жастардың шетелдерден білім алуы, озық тәжірибені солардан үйрену үрдісі жақсы жолға қойылды. Ендігі жерде суды беталды рәсуа ететіндерге қатаң жаза қолданылады, қомақты айыппұл арқалатады.
Оңдасын Елубайұлы осындай шаруаның сөзбұйдаға салынбай, тез арада ортақ мүддемізге пайдасы тиетін жағын күні-түн күйттеп жүретін, жүріп қана қоймай, суға тірелетін мәселеге келгенде өзін де, өзгені де ұмытып, іске білек сыбана кірісетін айтулы азаматымыздың бірі һәм бірегейі. Бірегейі дейтініміз –трансшекаралық ірілі-ұсақты жиырмадан астам өзеннің жай-жапсарын тамыршыдай тап басып, түсінбестік туа қалған жағдайда Қытайға ма, Башқұртстанға ма, Өзбекстан, Қырғызстанға ма, салып ұрып жүре беретін Оңдасын тәрізді атпал азаматтар сирек. Кісідегінің кілті аспанда. Өзеннің басындағылар – су, аяғындағылардың у ішетіндігі ежелден белгілі. Бұл, әсіресе, Сырдарияға қатысты ахуал. Ал Арал теңізінің аяқ-басы күн сайын, ай сайын қусырылып, теңіздің қайтадан қалпына келмейтіндігін білсе де, айдыннан ақи-тақи күдер үзбеген менің жағалаулық жерлестерім үшін дарияның әрбір литр суы алтынмен пара-пар. Оңдасын Елубайұлы – ана жылдары министрліктің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары болып жүргенде су үшін арпалыстың жаға жыртысуға дейін баратын қызық-шыжығына әбден куәгер болған кәнігі сушы.
Иә, су сұрап барып, шелегіңді жасырудың қажеті жоқ. Тәжірибелері кемшін, су шаруашылығының арғы-бергі тарихынан түсініктері шамалы жастар мұндай айтыс-тартыстан аулақ жүруге тырысады. Ылғи Жиенқұловты алға салғанды ұнатады. Себебі Оңдасын Елубайұлының Ертіс пен Іленің тағдыры үшін кеудесін «оққа төсеп», «күлімкөз» қытайлармен араағайын – «алтын көпірге» сызат түсірмеуге тырысып, талай рет дәм-тұздас болғаны бар. Олар Жиенқұловты ежелгі көзкөрген таныс ретінде ә дегеннен бауырындай құшақ жая қарсы алғандарымен, ұпай жібермеу жағына келгенде табан астынан ашылмайтын «қара құлыпқа» айналып шыға келеді.
«Бір жұтым суды бөліспеген адам – Алла Тағаланың алдында күнәкар». Қатқылау болса да, Құранда жазылғанды қайталау – парыз. Осындайда ақын Т.Есімжановтың мынадай шумақтары еске түседі: «Су жүргізер тіршіліктің тамырын, Су жоқ болса, тіршілік тәтәм, бауырым. Судың біз біле тұра маңызын, Көп болған соң ұмытамыз қадірін...» Мұндай пәлсапаны Оңдасын Елубайұлының жадына мықтап шегелегені қаш-шан. Ертіс – Қарағанды каналының ұзындығы 458 шақырымнан астам. Қ.Сәтбаев каналы осы алып арнаның заңды мұрагері, қазіргі атауы Қаныш атамыздың атында. Канал кезінде Қарағанды мен Ұлытау (Жезқазған) облыстарындағы қыз-қыз қайнаған өндіріс орындарын қажетті сумен қамтамасыз ету үшін қазылған-ды.
Ана жылдары Оңдасын екеуміз Қ.Сәтбаев каналының ұзына бойын жаяу аралағанбыз. Судың қадір-қасиетін жақсы білетін Жиенқұлов канал суының қандай бұрылыстарға соғып, өндіріс ошақтарына және егістік алқаптарға күніне қанша мөлшерде су қажет екенін таныс мәліметтерге сүйенбей-ақ жатқа соғады. Канал ел экономикасына елеулі үлес қосып тұрған атақты өндіріс орындарын сумен қамтамасыз етіп отырғандығын былай қойғанда, 28 мың гектар егістік алқапты да сумен жабдықтауға қауқарлы. Құлаққа түрпідей естілсе де, амал нешік, қазір су сатылады. Сатылымнан түскен қаражат каналдың кетік-құтығын жамауға, мыңдаған жұмысшының жалақысын жабуға жұмсалады. Жер ыңғайына қарай судың деңгейін төрт жүз метр биіктікке көтеру үшін каналдың кейбір тұсына қуатты 22 сорғы орнатылған. Оның жұмысын да апта сайын қадағалаған жөн. Елубайұлы жасының жетпіске келгендігіне қарамастан канал бойын жаяу аралап шапқылайды да жүреді. Бұрынғы жауапты қызметтерін жастарға берді де, қалған ғұмырды каналмен байланыстырмақ ниетте. Турасын айтқанда, ұжым Жиенқұловты еңбек демалысына жібергісі жоқ.
Судың қадір-қасиетін жетік біледі демекші, Оңдасын Елубайұлы шөлді-шөлейтті даланың дәл ортасына қоныстанған Мойынқұмның перзенті ғой. Ол Астанаға ат басын бұрмас бұрын Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында сегіз, Талас ауданында төрт жыл әкім болған. Яғни өлшеулі өмірдің алдан кезігетін ащы-тұщысын бір адамдай татып, талай сыннан өткен аудан басшысын жоғары жақтың сөзге келместен бауырға тартпасқа амалдары қайсы.
Оңдасынды мойынқұмдықтардың қалай қадірлейтіндігіне талай мәрте куә болғаным бар. Аудан орталығындағы жаңа типті тұрғын үйлер, мектептер мен мәдениет ошақтары, тағы басқа әлеуметтік маңызы бар нысандар атақты №2006 ПМК мекемесіне Жиенқұлов бастық болған жылдары салыныпты. Жылжымалы колоннаға жай прораб болып жұмысқа орналасқан ол осы ұжымда табан аудармай 23 жыл еңбек етіпті. Бригадирліктен бастыққа дейін. Жамбыл өңіріне атағы жайылған Иван Готфридович Экгардттың ұлты неміс болғанымен, аудан халқына туған перзентіндей адал қызмет етті. Оңдасын ұстазының есімін әр кез мақтанышпен айтудан жалықпайды. Құм қойнауындағы аудан іргелі орталыққа айналды. Кезінде «Правда» газетінің де «Город в пустыне» деп әспеттеп жазғаны бар.
Мойынқұм, Талас аудандарының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, республика Су шаруашылығының ардагері, аталған мекемедегі «Аманат» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы Оңдасын Елубайұлы құдай қосқан қосағы, аяулы жары Нұрзипа Ноғайқызы екеуі қырық алты-қырық жеті жылға жуық уақыттан бері бір-біріне сүйеу, тіреу болып, шаттығы мол шаңырақтың түтінін түзу ұшырып келеді. Екеуі де – бір топырақтың тумасы. Біз білерде Нұрзипа ханым – кәкір-шүкірге көп мойын бұра бермейтін, аз сөйлеп, көп тыңдайтын, ұстамды, жүзінен әр кез иман нұры төгіліп тұратын инабатты жан. Балалары – Сұлушаш, Мира, Абылайхан мен Нұрсұлтан өмірден өз орындарын тапқан, жоғары білімді, сүйген мамандықтары бойынша елге қызмет етіп жүрген жастар. Әке-шешені сыйлауға келгенде алдарына жан салмайды.
Таң шапағын Оңдасын көбіне канал бойында қарсы алады. Суға тігінен түскен күн нұры арқылы су бетінен жарқ-жұрт еткен керемет сәулелер пайда бола кетеді. Сол сәулеге көзің талғанша сүйсіне қарап тұрудың өзі бір ғанибет. Судағы сәулелер тосын, толағай ойларға жетелейді. Жапонияның атақты психолог-ғалымы Масару Эмото: «Судың бойына жинақталған таза энергия небір ауруға ем...» депті.
Күн сайын судың өткір сәулесінен нәр алған досымыз Оңдасын Елубайұлының жігіт ағасы жасына келсе де, шапқылап жүргені, бәлкім, соның арқасы шығар...
Қуаныш ЖИЕНБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері