Саясат • Бүгін, 07:33

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесі кеңейеді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тұрақтандыру мәселелері жөніндегі кезекті кеңес өтіп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейту мүмкіндігін қарастыру мақсатында азық-түлік себетіне жүргізілген талдаудың алдын ала нәтижелері ұсынылды.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесі кеңейеді

Фото: Үкімет

Осы айдың үшінші аптасында әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының бағасы өзгеріссіз қалды. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, қазан айында азық-түлік инфляция­сына ең жоғары үлес қосқан өнімдер қатарында қызанақ (15,8%), тартылған ет (3%), сүйексіз сиыр еті (2,2%), сүйекті жылқы еті (1,5%), қияр (7,4%), балық (2,6%), банан (2,8%) мен басқа да өнімдер бар. Бұған қоса жылдық көрсеткіш бойынша (өткен жылғы 10 аймен салыстырғанда) қызанақ 36,6%-ға, қияр 43,4%-ға арзандаған.

«Барлық өңірдің азық-түлік инфля­циясына қатысты талдауы нәтижесінде баға өсіміне ең көп ықпал етіп отырған, алайда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне кірмейтін 30 тауар анықталды. Олардың қатарында түрлі ет, балық, алмұрт, алма, лимон, шай, сыр, суықтай қақталған скумбрия, банан, қызанақ, қияр мен басқа да азық-түлік тауарлары бар. Бұл өнімдердің арасында импорт үлесі жоғары тауарлар да, көбіне айлық инфляцияға әсер етіп, жылдық инфляцияға айтарлықтай ықпал етпей­тін позициялар да кездеседі. Осы тізімнің қатарынан әлеуетті түрде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына енгізуге болатын 23 позиция іріктелді. Ендігі міндет – бұл ұсыныстарды бизнес өкілдерімен талқылау», деді А.Бижанова.

Тізбенің кеңейтілуі кәсіпкерлер үшін бірқатар міндеттеме орындауды талап етеді. Мәселен, мәмілелер ашықтығын қамтамасыз ету, шарттарды рәсімдеу, шот-фактуралар мен фискалдық чектерді уақтылы шығару, сондай-ақ заңнамада белгіленген 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтау.

Бұл шаралар ең сұранысқа ие азық-түлік тауарларының айналымында ашықтықты арттыруға әрі делдалдық схемалардың соңғы бағаға ықпалын төмендетуге бағытталған.