Еnergyprom деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы жалпы өндірістің жартысынан астамы Алматы қаласына (24,6 млрд тг), Алматы облысына (22,3 млрд тг) және Түркістан облысына (16,4 млрд тг) тиесілі. Айта кетерлігі, Алматы облысында жиһаз өндірісі 2024 жылдың қаңтар-қазанымен салыстырғанда 2,1 есе артқан.
Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда ағаштан жасалған кеңсе жиһазы өндірісі бірден 41,8%-ға өскен (353,5 мың данаға дейін). Сондай-ақ асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһаз өндірісі 24,5%-ға (97,5 мың данаға дейін) және металл қаңқалы арнайы отырғыш жиһазы 5%-ға (995,1 мың данаға дейін) өсті.
Сонымен қатар жатын бөлме үшін (төсек пен шкафтан басқа) ағаш жиһаз өндірісі екі есеге қысқарып, 14 мың дананы ғана құрады, ал асүй жиһазы өндірісі 8,3%-ға азайып, 107,4 мың дана болды.
Отандық жиһаз фабрикалары 2025 жылдың қаңтар-қыркүйегінде асүй және ағаш кеңсе жиһазына деген сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) тиісінше 71% және 83,1% көлемінде қамтамасыз еткен. Асүй жиһазы импорты өткен жылмен салыстырғанда төмендеп, ағаш кеңсе жиһазы импорты 25%-ға азайды. Алайда ішкі нарықтағы асүй жиһазы сатылымы бір жылда 18,3%-ға төмендеп, 135,9 мың дананы құраса, керісінше ағаш кеңсе жиһазы сатылымы 25,2%-ға өсіп, 382,4 мың данаға жетті.
Сауда кәсіпорындарына арналған ағаш жиһаз сегментінде отандық фабрикалардың үлесі айтарлықтай қысқарды. Биылғы қаңтар-қыркүйекте ел өндірушілері сұранысты небәрі 7,4% көлемінде қамтамасыз етсе, бұл көрсеткіш 2024 жылдың осындай кезеңінде 70,6% болған. Импорт көлемі бірден 18,8 есеге өсіп, 244,6 мың дананы құрады, ал ішкі нарықтағы сатылым алты есе артып, 263,7 мың данаға жетті.
Асхана және қонақ бөлме жиһазына деген сұранысты отандық кәсіпорындар 18,6% деңгейінде қамтамасыз етті (былтыр – 13,6%). Осы санаттағы импорт 11,7%-ға төмендеп, 387,6 мың дана болды. Нарықтағы сатылым көлемі де азайып, 6,5%-ға кеміп, 474,1 мың дананы құрады.
2025 жылдың қазан айының қорытындысы бойынша жиһаз және үйге қажетті бұйымдар бағасы бір айда 0,3%-ға, бір жылда 8,2%-ға қымбаттады. Ең елеулі қымбаттаған жиһаз түрлері – жатын бөлме жиһаздары және диван-төсектер.