Экономиканың оң динамикасы қызмет көрсету, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс секторларында айқын байқалады. Нақты сектордағы өндірістің ұлғаюы, қуаттарды жаңарту және жаңа жобалардың іске қосылуы жалпы өсімге айрықша үлес қосты. Өнеркәсіп саласы 7,3 пайыз өсім көрсетіп, жалпы ішкі өнімнің 30 пайыздан астамын қамтамасыз етті. Сауда және көлік салаларымен бірге бұл бағыттар ЖІӨ өсімінің 70 пайызына жуығын құрады.
Салалар бойынша өсім келесідей: транспорт және қоймалау — 20,7 пайыз, құрылыс — 15,1 пайыз, өнеркәсіп — 7,3 пайыз, сауда — 9 пайыз, ауыл шаруашылығы — 5,4 пайыз, байланыс — 4 пайыз. Тау-кен өндіру саласы 9,6 пайызға, өңдеу секторы 5,8 пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібінде машина жасау 11,5 пайыз, оның ішінде, химия өнеркәсібі 10,9 пайыз, тамақ өндірісі 9,1 пайыз, мұнай өңдеу 6,3 пайыз, металл бұйымдары өндірісі 14,1 пайыз, құрылыс материалдары өндірісі 5,3 пайыз өсім көрсетті.
OECD болжамына сәйкес, биыл әлемдік экономиканың орташа өсімі 3,2 пайыз деңгейінде күтіледі. Қазақстан бұл көрсеткіштен екі есеге жуық жоғары қарқын көрсетіп отыр. Мұндай серпін ел экономикасының көпвекторлы әрі диверсификацияланған модельге көшіп келе жатқанын айғақтайды.
Экономиканың тұрақты өсуіне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ірі инфрақұрылымдық және технологиялық жобалары да айтарлықтай ықпал етіп отыр. Қор тобының 2025 жылға арналған инвестициялық портфелі жалпы сомасы 50 трлн теңгеден асатын 130 жобаны қамтиды. Оның ішінде 33,3 трлн теңге мұнай-газ, энергетика, көлік-логистика, құрылыс және өзге де салалардағы 46 жаңа ірі бастамаға бағытталған.
Жобалардың арасында «Жацлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы (1,4 трлн теңге), энергетикадағы 18 жоба (10,3 трлн теңге), 5G желісін салу (536,9 млрд теңге), «НИНТ» АЭА инфрақұрылымын дамыту (619 млрд теңге) және «Мойынты — Қызылжар» теміржол желісінің құрылысы (566 млрд теңге) бар.
2024 жылдың қорытындысы бойынша қор активтері 41,1 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 11,3 пайызға артты. Бұл — соңғы тоғыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Түсім 16,4 трлн теңгеге (+6,5%), меншікті капитал 25,6 трлн теңгеге (+17,7%), ал таза пайда 2,4 трлн теңгеге (+38,6%) дейін өсті. Қор компанияларының өндірістік нәтижелері де жақсарды: шикі мұнай сату 1,2 пайызға, жүк тасымалы 11,4 пайызға, уран өнімі 23,3 пайызға, аффинирленген алтын 55 пайызға, телекоммуникациялық қызметтер 9,4 пайызға артты.
Қордың табысы экономиканы одан әрі жаңғырту мен әртараптандыруға қайта инвестициялануда. Корпоративтік басқаруды жетілдіру, тәуелсіз директорлардың рөлі мен ашықтықтың артуы, халықаралық тәжірибелерге бейімделу қор топтары арасындағы синергияны күшейтіп, тиімділікті арттыруға мүмкіндік беріп отыр.