Ақ халаттылар құқығын қорғау күшейтілді
«Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов баяндады. Депутат дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерін қорғауға арналған заң жобасын талқылау кезінде дәрігерлерді қорғауға арналған жаңа нормаларды таныстырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай әрекеттер үшін жазаны қатаңдатуды бірнеше рет тапсырды. Осы заң – Президент тапсырмасының тікелей орындалуы, ал дәрігерлерді қорғау дегеніміз – ол «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызды бөлігі. «Amanat» партиясы өз бағдарламасында медицина қызметкерінің мәртебесін көтеруге уәде берген. Сондықтан бұл нормалардың енгізілуін біздің сайлаушылар алдындағы уәдеміздің орындалуы дей аламыз. Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бабын енгіземіз. Ол «медицина қызметкері» және «жедел медициналық жәрдем жүргізушісі» деген арнайы субъектіні белгілейді, – деді А.Аймағамбетов.
Баяндамада депутат Қылмыстық кодексте дәл осылай ерекше мәртебемен қорғалатын дәрігерлерден өзге де бірқатар мамандық бар екенін айтты. Олардың қатарында полицейлер, құтқарушылар, арнайы қызмет және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, судьялар мен сот қызметкерлері, прокурорлар, әкімдер, депутаттар, салық инспекторлары, тағы басқа билік өкілдері бар.
– Келесі қолданыстағы нормаға ерекше назар аударсақ, бұл қорықшылар мен жануарлар инспекторларын қорғауға арналған жеке бап (380-2-бап). Егер қорықшының денсаулығына зақым келтірсе, қылмыскер арнайы бап бойынша қазіргі уақытта қатаң жазаланады, яғни ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Иә, бұл – әділетті шешім. Ал егер адамның өмірін арашалап жатқан реаниматолог-дәрігерді соққыға жықса, бұл жай ғана даладағы бұзақылық сияқты жалпы негізде тергеледі. Бұл әділетті ме? Бүгінде мұндағы жауапкершілік тым жеңіл. Бұзақы кішігірім айппұлын төлеп, жайбарақат жүре береді. Сондықтан дәрігерлерді қорғау үшін ұсынған арнайы баптың диспозициясын, санкцияларын және құрылымын егерьлерді қорғайтын баптағыдай қылып, тіпті сөзбе-сөз бердік, – деді депутат.
Бұл тұрғыда Мәжіліс депутаттары адамдардың өмірін құтқаратын ақ халатты жандарға да дәл қорықшыларға берілгендей қорғау мен жауапкершілік тетіктерін енгізуді ұсынды.
Қысқасы, заң жобасы аясында Қылмыстық кодекске медицина мамандарына немесе жедел жәрдем жүргізушілеріне қызмет міндетін орындау кезінде күш көрсеткені, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілік жүктейтін жаңа бап енгізіледі. Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны үшін немесе күш қолданбақ болғаны үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, не болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы ұсынылады. Егер ауыр әрекет жасалса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде күшейтіледі. Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдануға қатысты 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ауыр жағдайда жасалған болса, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.
Тағы бір айта кететін жайт, келесі жылы фельдшерлердің жалақысын көтеру үшін қосымша 10 млрд теңге қажеттігі де айтылды. Бұны Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев журналистер сұрағына орай мәлімдеді.
– Расымен де фельдшерлер, әсіресе, өткендегі жағдайдан кейін мәселе көтеріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі осы жылы жедел жәрдем жүйесіне қосымша 5 млрд теңгедей қаражат бөлді. Келесі жылы да жалақыларын көтеру үшін ережелерге өзгертулер енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Фельдшерлердің жалақысын көтеру үшін қосымша 10 млрд теңгедей қаражат керек, – деді вице-министр БАҚ өкілдерне.
Оның айтуынша, фельдшерлердің жалақысы қанша пайызға өсетіні бюджеттен бөлінетін қаражатқа байланысты болмақ.
Жаңа Құрылыс кодексі қабылданды
Жалпы отырыста Мемлекет басшысының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнаманы жүйелеу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында әзірленген жаңа Құрылыс кодексі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы екінші оқылымда қабылданды. Заң жобасын депутат Мұрат Әбенов таныстырды.
– Құрылыс кодексінің жобасы құрылыс саласында туындаған жүйелік проблемаларды шешуге бағытталған және адамның тыныс-тіршілігі үшін қолайлы, қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуді, құрылыс саласының барлық субъектісінің құзыреті мен жауапкершілігін арттыруды, сәулет шешімдері мен қала құрылысы құжаттамасын талқылауға жұртшылықтың қатысуын, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде жіберілген бұзушылықтарға уақтылы ден қоюды, сейсмикалық аймақтарда жобалау және құрылыс салу ерекшеліктерін енгізуді көздейді, – деді депутат М.Әбенов.
Яғни құжат бойынша сейсмикалық қауіпті аумақтардағы құрылыс талаптары күшейтіліп, қала құрылысын жоспарлау кезінде сейсмикалық микроаймақтау карталарын міндетті есепке алу тәртібі енгізіледі. Бұл карталар сейсмикалық қауіп деңгейін ғана емес, сонымен қатар гидрогеологиялық жағдайды, сондай-ақ белгілі бір учаскелердегі топырақ сипатының ерекшеліктерін ескереді. Кодексте сейсмикалық қауіп пен тәуекелді бағалау институттары бекітілген. Сондай-ақ құрылыс нысандарының тозығы жеткендігін анықтауға, конструкциялардың сапасын тексеруге, нысанды тозған деп тануға, қайта жаңарту мүмкіндігіне бағытталған қолданыстағы құрылыс нысандарын паспорттау жөніндегі нормалар көзделген. Нысандарды паспорттау үшін жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.
Сонымен қатар Құрылыс кодексі қажетті инженерлік ізденім жұмысын жүргізбей тұрып жобалық құжаттаманы дайындауға және нысандарды салуға тыйым салады. Егер құрылыстың тығыздығы, ғимараттардың биіктігі немесе әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нормалары бұзылса, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгеріс енгізуге болмайды. Заң құрылыс нысанының «ескі» және «апаттық» жай-күйі, «өрт-техникалық тексеру» және «сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы автоматтандырылған тізілім» ұғымдарын нақтылайды.
Енді елді мекендердің бас жоспарларын мәслихаттар қадағалайды. Яғни Мәжіліс қабылдаған Құрылыс кодексінде құрылыс жұмысына қоғамдық және жергілікті бақылаудың жаңа тетіктері енгізіліп отыр. Атап айтқанда, мәслихаттарға елді мекендерді дамыту тұжырымдамаларын (мастер-жоспар) келісу өкілеттігі беріледі. Бақылау шеңберінде Бас жоспарды іске асыру мониторингі және нәтижелері жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында орналастырылмақ.
Үш жылдық бюджет бекітілді
Сондай-ақ Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң және оған ілеспе құжатты екінші оқылымда қабылдады.
Заң жобасы банктер ашу және лицензиялау тәртібіне қойылатын талаптарды кеңейтуге; банк қызметіне қойылатын талаптарды, банктерге рұқсат етілетін инвестициялық және өзге де қызметті белгілеуге, сондай-ақ еншілес ұйымдарды реттеуді жетілдіруге; банктерді корпоративтік басқару қағидаттарын айқындауға; исламдық банк қызметін кеңейтуге; банк қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптарды жетілдіруге; төлемге қабілетсіз банкті реттеу тетіктерін дамытуға бағытталған нормаларды қамтиды.
Жұмыс тобы аясында депутаттар бір жеке тұлғаның бір уақытта бірнеше банкте кредит ресімдеуіне шектеу енгізуді; алғаш рет кредит алған кезде биометриялық сәйкестендіруді өту үшін қарыз алушының банкке жеке өзінің келуін; клиенттің келісімі болған және шығару кезінде міндетті биометриядан өткен кезде ғана банктердің электрондық цифрлық қолтаңба жасауы мен шығаруына жол беруді және банк саласындағы өзге де күрделі мәселелерді реттеуді көздейтін түзетулерді енгізді. Сонымен қатар елімізде банкаралық мобильді төлем жүйесі және бірыңғай QR код іске қосылады. Мәжіліс қабылдаған заң қаржы технологияларын дамыту аясында банктердің, сақтандыру компанияларының және олардың еншілес компанияларының инвестициялық қызметін кеңейтеді. Азаматтарды алаяқтықтан қорғау және несие рейтингінің сапасын жақсарту үшін жасанды интеллектіні пайдалану енгізіледі.
Жалпы отырыста палата депутаттары «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына Сенат енгізген түзетулермен келісті.
– «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға Сенат 76 түзету енгізді. Атап айтқанда, өңірлерге берілетін субвенциялар көлемі 17,5 млрд теңгеге ұлғайтылды. Сонымен қатар келер жылы өңірлерді дамытуға қосымша 28,5 млрд теңге бағытталмақ. Бұл қаражат жылу және электр энергиясы салаларын газбен жабдықтауды, жағалауды нығайту жұмыстарын, басқа да бағыттарды қамтиды. Өңірлерге қосымша қаражат бөлудің көзі ретінде Үкіметтің резерві мен үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығыстар айқындалды. Бұған қоса 79 млрд теңге түрлі мемлекеттік органдар арасында қайта бөлінді. Ал 73,4 млрд теңге бір мемлекеттік органның өз ішінде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген қаражатқа тиесілі, – деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков.
Оның айтуынша, Сенат енгізген түзетулер аталған республикалық бюджет жобасының параметрлерінің теңгерімдігін бұзбайды және өңірлер мен экономиканың тұрақты дамуына бағытталған.
Отырыс соңында депутаттар еліміздегі өзекті мәселелерді қамтыған сауалдарын жолдады. Ауылда жағдайдың жоқтығынан халық жаппай қалаға көшіп жатқанын жеткізген «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Жигули Дайрабаев Премьер-министр Олжас Бектеновке ауылдық инфрақұрылымды қалпына келтіруге қатысты бірқатар ұсыныс айтты.
Ал Ерлан Саиров Үкімет басшысы О.Бектенов пен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Әбдіровке аудан әкімдерін сайлау үдерісін уақытша тоқтата тұруды ұсынды. Себебі ел болып сенім артып сайлаған әкімдер үмітті ақтамай, науқанға кеткен миллиардтаған теңге қаржы текке шығын болып жатыр.
Ал «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаева Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың назарына энергетикалық сусындар айналымына шектеу енгізу мәселесін жеткізді. Аманжол Әлтаев картоп экспортына салынған тыйымның кесірінен отандық шаруалар жапа шегіп отырғанын айтты.