Қоғам • Бүгін, 07:33

Үздік продюсер

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таллин қаласында өткен «Қара түндер» (Tallinn Black Nights Film Festival, PÖFF) халықаралық кинофестивалінің жабылу салтанатында отандық «Победителей видно на старте» (Becoming) фильмі беделді марапатқа ие болды. Фильмнің режиссері әрі продюсері Жаннат Алшанова «Копродукция» санатында «Ең үздік Балтық өңірі продюсері» жүлдесін иеленді.

Үздік продюсер

Айта кетейік, режиссердің толықметражды дебюттік жұмысы – «Accidental Films» ЖШС түсірген картина. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен дүниеге келген. Жоба халықаралық ынтымақтастық аясында Францияның (Films de Force Majeure), Нидерландтың (Volya Films), Литваның (M-Films), Швецияның (Kjellson & Wik) продюсерлік компанияларымен және Сауд Арабиясы Корольдігінің қолдауымен түсірілген.

Туындыда 17 жастағы Мила есімді қыздың оқиғасы баяндалады. Ол жүзгіштер командасына қосылғысы келеді. Сөйтіп, еркін өмір сүріп, отба­сындағы қиындықтан құтылуға ұмтылады. Алайда мәреге жетер тұста оның өмірін өзгертетін таңдау жасауға мәжбүр болады. Фильмде басты рөлдерді Томирис Жанғазинова, литвалық актер Валентин Новопольский, Әсел Қалиева, Медина Сағындықова ойнайды.

Фильмнің әлемдік премьерасы тамыз айында Локарно халықаралық кинофестивалінде өтті. Кейін туынды Оңтүстік Кореядағы Пусан халықаралық кинофестивалінің бағдарламасына енді.

Бұл марапат отандық киноға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетіп, салаға бөлінген мемлекеттік қолдаудың нәтижелі екенін айқындайды.