Руханият • Бүгін, 08:07

Махаббаттың қанаты

0 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адам рухы көтерілмей алшаң баса ала ма, білмеймін. Кісі баласын адам атты ардақты атқа жеткеріп, өнер мен мәдениет жасаушы тұлғаға айналдыратын сана-сезімі мен жасампаз рухы шығар. Ол да ананың әлдиі мен бесік жырынан басталған әдебиет атты ұлы арнадан қуат алып, жаңғырып тұрмаса әртүрлі замананың тосқауылы мен сын-елегінен әлсіреп, солғын тартады. Ондайда халық рухын тас қайраққа жанығандай рух беретін тұлғалар шығармасы көмекке келеді.

Махаббаттың қанаты

ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жырын жаңаша түлеткен ақындар арасынан Жұбан Молдағалиевтің шоқтығы биік көрінеді. Қасымнан кейін қазақ өлеңіндегі қайсар рухтың байрағын тік ұстаған ақын «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген асқақ ұран көтеріп шықты. Заманында елдің аузынан түспеген осы поэмадағы шумақтар талай ұрпақтың көкейіндегі сөзіне айналды. Бұдан да басқа көптеген туындыны өрлік пен еркіндікті ту етті. Осыншама биік рухтағы ақынның махаббат пен өмір жырларындағы нәзіктік кімді болсын жалт қаратады. «Өңімде сені көп көрдім, көзімде қалды суретің. Көп жылды бекер өткердім, аша алмай кеттім сыр бетін» деп жырлапты ақын.

«Оралдық, сәулем, гүл ұстап,

Гүл болғанда гүл қандай.

Қызғалдақ көктем тыныстап,

Қолыңа қонып тұрғандай.

Айыбы соның – бұл өлең,

қабыл ал гүлдей әр жолын.

Көз жұмып жүрсем көрер ме ем,

өзіңнен артық жар жоғын?» деп жазыпты тағы бірде. 1990 жылы шыққан «Қыран дала» атты өлеңдер мен поэмалар жинағындағы бұл өлеңдер 1957 жылы қатар жазылыпты. Әуелгі «Көзімде қалды суретің» өлеңі екі-ақ шумақ, екінші «Көз жұмып жүрсем көрер ме ем» атты төрт шумақ жырдың біз басы мен аяғын ғана алып отырмыз. Зер салып қарасақ, бұлар сол тұста тебіндей бастаған жаңалыққа пара-пар шумақтар. Жұбан шығармаларынан жыраулар поэзиясы, Мағжан мен Қасымның әсері төбе көрсетерін ескерсек, мына өлеңдерінен ақынның өзінен кейінгілерге қалай әсер еткені байқалмай қалмайды. Жоғарыдағы екі өлеңінен соң он жыл өткенде, 1968 жылдары, «көзімді жұмсам да көрем сені» деп Тұманбай Молдағалиев жазды. Жалғыз-ақ ауыз жол болса да, оған дейін айтыла қоймаған, тіпті мен деген ақындардың аузына түсе бермейтін керемет дер едік. Мұндай мысалдардан там-тұмдап болса да, көркем ой өрісінің кеңігенін байқаймыз десек, артық емес. Ал шынында, Жұбан ақынның қазақ әдебиетіне әкелген кесек-кесек суреттері мен ұлттық тақырыпты жырлаудағы озық оралымдарын тере берсе жетіп артылады. Мәселен, «Бәйге», «Жезтырнақтың өлімі» сынды балладалары кейін Қадыр Мырза Әлі сынды ақындарға әсер еткенін тәптіштеп жатпаймыз. Бес-ақ шумақтан тұратын «Махаббат ерлігі» туындысына жеке тоқталмау күнә секілді көрінді.

«Келеді әйел. Жоқ оның бір аяғы,

Қысқы тоңға балдақ жиі таяды.

Құлатпайды қолтықтаған күшті қол,

Ол қол өзін күзетшіге саяды.

Келеді еркек. Су қараңғы жанары.

Жығылады-ау, көп тосқауыл бар әрі.

Жоқ, өтеді сүрінбей де, адаспай –

Өзге екі көз оны бастап барады».

Бітті, бұдан кейін жалғастырып жазбаса да осы екі шумақтың өзі жеке-дара өлең. Өлең болғанда да өлмес өмір жыры дер едік. Бірінің екі көзі жоқ, бірінің аяғы жоқ – екі тіршілік иесін бір-біріне байлап қойған кең жүректен туған көзсіз махаббат пен шексіз мейірім. Аяқ та, көз де керек адамға, бірақ бастысы жүрек екен. Жанартаудай жүректен жалындаған махаббаттың құдіретті күшінен асқан ештеңе жоқ. Дүниедегі хикметтің бәрін Құдай соған жасырыпты. Мұндай суретті көрмеген, бастан кешпеген ақын қағазға түсіре алмас еді. Түсірген күні бұлай сендіре алмасына мен кәміл. Ал жауынгер ақын Жұбан қан майданға қатысып, от пен судың ішінен шыққан қайратты жан еді ғой. Бұлар не ғаламаттың бәрін бойынан өткеріп барып жазды.

«Күллі Алматы біледі бұл екеуін,

Ерлі-зайып музыканттар екенін.

Жас еді олар, сұлу еді бір кезде,

Жармасқанда екеуіне екі өлім».

Ақын мұнда екі жастың кезінде сүйіп қосылғанын әйгілеп тұр. Шын сүйгендер ерлік жасайтыны белгілі ғой. Ерлікпен қаза тапқандардың аты өшпейді. Абай айтпақшы, «өлсең де өлмегенмен боласың тең». Ал мына екі кісі жарымжан күйі қалса да, бір-біріне сүйендірген махаббаты көтеріп келе жатқан жоқ па? Алланың хикметі дейтіні сол шығар. Бұл да ерліктің зоры. Ақын соны әйгілегісі келгендей. Тіріден гөрі өлген адамды мақтаған жеңілірегін айтады Таласбек Әсемқұлов. Қасыңдағы жандардың шын ерлігін осылайша анық тану... Жұбан сынды мәрт ақынға қол екен. Махаббат та, қайрат пен жігер де, сезім мен шапағат та өлеңдегі бес шумаққа сыйып тұрса қайтесіз. Олай болса мақаланы да осы жырдың соңымен аяқтаймыз.

«Екі өлім мен екі өмір белдесті,

Келер күндер жеңді «барса келместі».

Ажал қашты бір аяқ, қос көзді алып,

Жеңгендерге жаңа көктем лебі есті.

Келе жатыр күле қарап, нық басып,

Екі бірдей үлкен өмір жұптасып.

Махаббаттың қанатымен, көзімен

Тосқауылдың талайынан шықты асып»!