Саясат • Бүгін, 09:03

Бауырлас елмен байыпты байланыс

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті төраға­сының орынбасары Эдиль Байсалов бастаған ба­уыр­лас қырғыз елінен Алматыға іссапармен келген делегация қаладағы бірқатар нысандарды аралады.

Бауырлас елмен байыпты байланыс

Көрші ел делегациясы Әуезов ауданындағы Комьюни­ти орталығының жұмыс тәжі­рибесімен танысты. Мей­мандарды орталық қызмет­кер­лерімен бірге қарсы алған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов көрші елмен байланыстың мәні тереңде екеніне тоқталды. Ол екі ел арасында тек мәдени, рухани әріптестік қана емес, осындай тәжірибе алмасулар да болғаны маңызды екенін айтты.

Қырғыз делегациясы елімізде болып жатқан реформалар мен өзгерістерге әрдайым тілектестік білдіретінін әрі маңызды шешім қабылдар кезде өздері де сол тәжірибеге сүйенетінін жеткізді.

«Қазақ-қырғыз ежелден тамыры мен тарихы егіз халық болғандықтан, біз ең алдымен қай салада да Қазақстанның тәжіри­бесін алға ұстаймыз. Құра­мында Президент әкімші­лігі, Министрлер кабинетінің өкілдері бар біздің делегация Алматыдағы халыққа қызмет көрсету нысандарын аралай отырып, тәжірибелеріңізге тәнті болдық. Ашығын айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, инновация, цифрландыру секілді негізгі салалардың бәрінде Қазақстанның үлгісінен үйренеріміз мол. Жаңа технология дәуірінде заманауи мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану – ел өмірін жақсартудағы басым бағыттардың бірі»,  деді Эдиль Байсалов.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүліс­хан Нахбаеваның  айтуынша, жылына 800 мыңнан астам жасқа қызмет көрсетуді мақсат тұтқан алаң шығармашылық бас­тамаларды дамыту мен идея алмасуды көздейді. Аталған алаң­дардың негізгі мақсаты – жұмыссыз жүрген NEET сана­тындағы жастарға қолдау білдіру және өскелең ұрпақты мектеп бағдарламасынан бөлек, қосымша дағдыларды мең­геруге баулу. «Қазақ-қырғыз жас­тары­ның әртүрлі платформаларда бас қосып тұруы қалыпты құбы­лысқа айналған. Бұл кездесу біздің жастарымыз арасындағы байланыстың жаңа деңгейінің көрсеткіші» дейді ол.

Сонымен қатар қонақтар Алматыда Еңбек мобильділігі орталығына бас сұғып, әлеу­меттік-еңбек саласындағы қызмет түрлері шоғырланған ұжымның тыныс-тіршілігімен де танысты. Делегацияны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қарсы алып, еліміздің әлеуметтік цифрландыру саласындағы тың жаңалықтар туралы баяндады.

Орталық барлық еңбекке қабі­летті санаттарға қызмет көр­сетеді. Мұнда  мемлекет­тік қызмет тұтастай автоматтанды­рылған. Мамандардың ай­туынша, азаматтар қызметтерді  электрондық еңбек биржасы арқылы алып, өтінімдер қал­дыра алады. Министр, қырғыз елінен келген әріптестеріне ел тұрғындарына қатысты барлық мәліметтер тізбегі шоғырланған электронды алаңның жұмысы туралы айтып, жыл өткен сайын жүйе жетілдіріліп отырғанын жеткізді. Қырғыз елінен келген делегация негізгі салаларды цифрландыру  бағытында еліміздің тәжірибесін жоғары бағалады. Сондай-ақ тараптар екі ел арасындағы жан-жақты әріптестік, әсіресе цифрландыру әлеуметтік қамсыздандыру, экономика және білім салаларында айтарлықтай қарқын ала бастағанына тоқталды.  

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша еліміз­дің eGov тәжірибесі Қырғыз­станға үлгі ретінде ұсыны­лып, бірқатар бірлескен жобалар іске асып келеді.  Сол секілді зейнетақы жүйесі, әлеу­меттік төлемдер, халықты тірк­еу және атаулы көмек көр­сету про­цестері бойынша тәжі­рибе ал­масу бағытында бірлес­кен бас­та­малар оң нәтижесін беріп отыр.

 

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan» 

АЛМАТЫ