Экономика • Бүгін, 12:21

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейінде сақтап қалды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18 % деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Қазіргі шешім болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағаларына және инфляциялық тәуекелдердің жалпы балансына негізделген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейінде сақтап қалды

Фото: Ұлттық банк

Жылдық инфляция қазанда 12,6% болды (қыркүйекте – 12,9%). Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 13,5%-ға (12,7%) және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 11%-ға (10,8%) дейін қарқын алды. Қызметтердегі бағаның өсуі реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге бағаның әкімшілік төмендеуі салдарынан 12,9%-ға (15,3%) дейін баяулады. Жоғары инфляциялық динамика ұсыныс мүмкіндігінен жүйелі түрде асып түсетін орнықты сұраныс жағдайында қалыптасады. Тарифтік реформаның және жанар-жағармай (ЖЖМ) нарығын ырықтандыру әсерінің бағалар мен инфляциялық күтулерге таралуы қосымша әсер етіп отыр.

«Жекелеген тауар нарықтарында сақталып отырған теңгерімсіздік, орнықты сұраныс, импорттың қымбаттауы және шығындардың өсуі аясында азық-түлік компоненті бұрынғыша инфляцияға көптеп үлес қосты. Сервистік инфляцияның үлесі азайды, алайда бағаның өсу қарқыны баяулағанына қарамастан маңызды күйінде қалып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияда жанармай мен фармацевтикалық өнім бағасының өсуі жеделдегені байқалады.

Қазанда айлық инфляция 0,5%-ға дейін айтарлықтай баяулады, алайда базалық инфляция 1% деңгейінде – жоғары күйінде қалды. Бұл бір жылға есептегенде 12,2% сәйкес келеді. Сонымен қатар тұтыну қоржынындағы тауарлар мен қызметтердің шамамен 80%-ы 5% таргеттен жоғары қарқынмен қымбаттайды. Осының бәрі баға қысымының орнықтылығы мен кең қамтуын көрсетеді. Бұл проинфляциялық динамика фискалдық және үдемелі квазифискалдық ынталандырудың, сондай-ақ артқан тұтынушылық сұраныстың әсерінен күшейеді», делінген ҰБ хабарламасында.

Ұлттық банк инфляцияның баяулау қарқынын, ішкі сұраныс реакциясын, сондай-ақ Бағдарламада және Инфляцияны бақылау, төмендету бойынша шаралар кешенінде көзделген бірлескен шараларды іске асыру тиімділігін бағалауды жалғастыра бермек.

«Қазіргі уақытта Ұлттық банк жоғары инфляциялық күтулерді, орнықты базалық инфляцияны және тарифтік реформалардың кейінге қалдырылған әсерін назарға ала отырып, 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін мөлшерлемені төмендету мүмкін болмайды деп санайды. Инфляцияның орнықты баяулау үрдісі қалыптасқанына сенімділік болмаған жағдайда ақша-кредит шарттары қатаңдатылуы мүмкін», делінген мәлімдемеде.